«Қазақ биінің иірімі тұрмыстық тақырыптан бастап философияға ұласатынын байқадым»

3550
Adyrna.kz Telegram

Қазақ биінің жаңа белестері жайлы хореограф Анвара Садықова әңгімелеп береді.

Қазақ биі – бишінің қозғалысы мен дене қимылы арқылы көркем образды бейнелейтін, ұлттық сахна өнері. Көрермен үшін сахнада би билеу қарапайым қимыл қозғалысы сияқты көрінуі мүмкін. Алайда хореография үлкен ғылымға татиды. Бұл туралы бізге кеңінен хореограф Анвара Садықова айтып берді.

- Қазақ биіне қосқан үлесіңіз ауыз толтырып айтарлықтай. Осы саланың қыр-сырымен бөліссеңіз.

- Концерт немесе балет қою үшін тек дарын ғана емес, көп ой, білім, күш пен жігер керек. Осы жылы шығармашылық жолыма 25 жыл толды. Бұл жетістікке жету үшін көп жылдық еңбек қажет болды. Би өнерінің қыр-сырын меңгеру үшін А. В. Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищені, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын тәмамдап, магистратура мен аспирантурада оқыдым. 10 жылдан кейін Қырғызстанда диссертациямды қорғап, "Өнертану" кандидаты атағын алдым. Балет әртісі, хореограф-педагог ретінде ғылымға келуімнің өзі оқудың арқасы деп айта аламын. Қазақ биін зерттегенде оның тақырыптары, иірімі тұрмыстық деңгейден философиялық тереңдікке дейін ұласатынын байқадым.

- Жақында Астанада шәкіртіңіз, "Гүлдер" ансамблінің әртісі Іңкәр Айдарханқызының жеке концерті өтті. Сол туралы кеңінен айтып берсеңіз.

- Қазақстанда би хореографиясында жеке орындау сирек кездеседі. Соңғы рет мұндай концерт 7 жыл бұрын болған. 2025 жылы Іңкәр Айдарханқызы осы жанрда жеке концерт беріп отыр. Іңкәр 2022 жылдан бері аңызға айналған "Гүлдер" ансамблінің құрамында жұмыс істейді. Алайда осы концертке жету үшін оған 2,5 жыл ғана емес, бүкіл кәсіби жолы қажет болды. Іңкәрмен алғашқы кездесуім 2017 жылы болған.

- Концерт репертуарына қандай билер енгізілді?

- Концертте "Жетісу" күйіне қойылған би болды. Оны Іңкәрдің өзі ұсынды, себебі біз алғаш рет дәл осы күйге би қойған едік. Іңкәрдің репертуары Алмат Шердарұлы Шәмшиевтің "Қазақтың қызымын", "Алтынай" , "Көңіл толқыны", "Толғау" билерімен толықты. Бұл билермен ол республикалық және халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды.

- Іңкәр Айдарханқызының ерекшелігі неде?

- Іңкәрдің бір артықшылығы – ол қазақ биінің болмысын, табиғатын түсініп, көрерменге жеткізе біледі. Ол лирикалық, философиялық және комедиялық билерді сәтті орындай алады. Қазақ биінің анасы Шара Жиенқұлованың концерттерін ұйымдастырып, репертуарын зерттеген кезде, әйел образын түрлі қырынан көрсетуге болатынын түсіндік. Іңкәр де осы жолды жалғастыруда.

- Жеке концерт өткізу идеясы қалай пайда болды?

- Алғашында жеке концерт ұйымдастыру жоспарда болмады. Бұл мақсат пен арман біртіндеп қалыптасты. Алмат Шердарұлымен бірге Іңкәрдің ішкі табиғатын көрсетуге бағытталған билер қойдық. Үлкен концерт қолдаусыз болмайды. Осы орайда, бізге қолдау көрсеткен Роза Бағланова атындағы Қазақконцерт мемлекеттік концерттік ұйымының директоры мен ұжымына, Қазақ ұлттық хореография академиясының ректорына, ұстаздарыма және әріптестеріме алғысымды білдіремін. Бір талантты бишінің осындай нәтижеге жетуі – ұжымдық еңбек.

- Концертке көрермендер қай қалалардан келді?

- Маған қуаныш сыйлаған жайт – Іңкәрдің концертіне Астана ғана емес, Алматы, Көкшетау, Орал, Ақтау қалаларынан арнайы келген көрермендер болды. Сонымен қатар, концертке келген қонақтар үшін арнайы фото көрме ұйымдастырдық. Онда Шара Жиенқұлова бастаған қазақ биінің аңызға айналған тұлғаларының суреттері қойылды. Бұл көрме Қазақконцерттің жеке орындаушылар мектебінің дәстүрлерін көрсету мақсатында жасалды.

- Концертте қазақ биінен өзге, тағы қандай билер қойылды?

- Концерт репертуары тек қазақ билерімен шектелмей, өзге халықтардың билерін де қамтыды. Белгілі "Гладиатор" фильмінің саундтрегінің кавер нұсқасын қобызшы Олжас Құрманбек орындап, арнайы би қойылды. Сондай-ақ, «Тибет биі», "Ұйғыр" биі орындалды. Концертке "Гүлдер" ансамблі де қатысты. Шара Жиенқұловаға арнау ретінде "Былқылдақ" биі, Гүлден Фаткулланың «Египет биі» қойылды. Арнайы қонақ ретінде Секен Тұрысбеков шақырылды. Концерт барысында Секен Тұрысбековтың "Қоңыр" күйінің тұсауы кесілді. "Көңіл толқыны" күйіне арнайы би қойдым, оны Іңкәр билеп шықты. Сонымен қатар, концертке Темірлан мен Ернат сынды атақты күйшілер, әнші Ардақ Балажанова, домбырашы Асқар Мұқият қатысты. Концерт режиссері Думан Әкімге де алғысымызды білдіреміз.

- Қазақ биі қай бағытта дамып жатыр?

- Қазақ хореографиясы қазір өте жақсы бағытта дамып келеді. Тек қазақ биін ғана емес, оның тарихын да зерттегенде, XX ғасырдан бастап қазақ би өнерінің жаңа деңгейге көтерілгенін көреміз. Қазақстанда хореографиялық білім беру жүйесі де дамуда. Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театры, Қазақ мемлекеттік би театры, Астана опера және балет театры, Шымкент опера және балет театры – мұның бәрі би өнерінің дамуына үлес қосуда. Біздің бишілеріміз халықаралық байқауларда жеңімпаз атанып, қазақ биінің абыройын асқақтатып жүр.

- Алдағы уақытта тағы қандай жоспарларыңыз бар?

- Қазақ биі туралы зерттеулер жүргізіп, шығармашылық тұлғалардың портреттерін жазу – менің сүйікті жанрым. Қазір бұл бағытта кітаптар мен фотоальбомдар жарыққа шығып жатыр. Бишілеріміз туралы еңбектер жазуды әрі қарай жалғастырғым келеді. "Гүлдер" ансамблінің 55 жылдығына орай 1 наурызда үлкен концерт өтеді. Сондай-ақ, "Тұран" ансамблімен "Тамыр" жобасына қатыстық. Алдағы уақытта тағы бір талантты қызымыздың жеке концертін ұйымдастыру жоспарлануда. Сонымен қатар, халықаралық байқауларға өтінімдер бердік. Қазақ би өнерін дамыту бағытында көптеген жобалар күтіп тұр.

- Сұхбатыңызға рақмет!

Пікірлер