Жандүниесінің құлазығанының белгісі: 3 баламен бірге қайтыс болған ана туралы психолог маман не айтады?

7791
Adyrna.kz Telegram

Кешелі бері қабырғамызды қайыстырған 3 бала мен ананың өлімі халықты да екі тарапқа, екі ойға бөлді. Бірі даттаса, бірі түсінуге тырысып бағуда. 3 баланы өзімен өлімге алып кетуіне анасына не түрткі болды? Отбасылық кикілжіңнің арты өкінішпен аяқталмас үшін не істеу керек? Бұл сұрақтар аясында “Адырна” ұлттық порталының тілшісіне практик-психолог  Ұлмекен Сәндібекқызы жауап қатты.

-9-шы қабаттан 3 баласымен бірге секіріп, жан тәсілім еткен ананы әлеуметтік желіде езгінің астына алуда. “Өмір сүруден шаршадым” деген бір ауыз сөзі әйелдің психологиялық жағдайының тым мүшкіл екенін көрсетіп тұр ма?

-Иә, өте ауыр жағдай. Әйелдің төзімділігінің сарқылғандығы байқалады.

Эмоциясын басқара алмай, жақындарынан қолдау таппағандықтан мәселенің шешімі өлім деп шешкен болар.

Психологиялық жағдайына келер болсам, бұл бір сәттік жанжал емес , көптен бері шешімін таппай жүрген мәселенің салдары деген ойдамын.

Жандүниесінің құлазығанының белгісі. Ондай сәтте өмірді қара түстермен көріп , мүмкіндіктерді байқау өте қиын.

-Қоғамда “әйел құқығы”, “шеккен зардабы” туралы әңгіме басталса, қызығы сол әйелдер тарапынан қарсылықтар көрсетіліп жатады. “Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде” деген ойларының арты өліммен аяқталуда. Бұл проблеманың шешімі бар ма?

-“Әйел - 40 жанды, әйел- 40 шырақты. Ұрады-демек сүйеді”,- деп өздерін жұбатып жүрген әйел көп.

Өз өмірінің қауіпсіздігі емес , халықтың пікірі маңыздырақ. Өзі солай өмір сүргендіктен, өзгенің де жасауына мүмкіндік бермейді.

“Менен қай жері кем? Мен де шыдадым , шыдасын” деген сияқты ойлар болады.

Өз ойы мен пікірінде қалудан қарағанда құрбан рөлінде болу ыңғайлырақ болып, жеке аймағын(личное пространство) қорғамайды.

Әйел - нәзік жаратылыс иесі. Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Отбасындағы ата-анасының жанжалдасқанын көріп өскен балада “күйеуінің әйелін тепкіге алуы” - “норма”  болып есептеледі.

Сол үшін әу бастан баланы ата-анасы тәрбиелеу барысында дұрыс бағыт беруі керек. Өзін , өз сезімдерін , жеке аймағын қорғауға үйрету керек.

Баланың кішкентайынан жеке аймағын өздері қорғау керек. Себебі бала кезінен қорлық көріп өскен қыздар, дәл сол сценарийді тұрмысқа шыққан соң қайталайтын сәттер көп кездеседі.

-Балаларын өзімен бірге алып кетуіне бірнеше факторды алып қарастыра аламыз ба?

-9 ай , 9 күн толғатып дүниеге алып келген баласының өмірін өлімге қиятын аналар әдетте бейсаналы түрде аффект жағдайында осындай әрекетке барады.

Сондай-ақ, қыз баласы 18 жастан асса тұрмыс құрып, ана болуына үгіттеп жатады.

Бірақ ол қыз әлі ана болуға дайын болмауы мүмкін. Ол жағында ескеру керек.

Әйел өзінің  балалық шағында анасынан жеткілікті мейірім, махаббатты ала алмауынан туындауы мүмкін.

Көптеп кездесетіні, босанудан кейінгі депрессияның созылмалы дертке айналуы.

Уақытылы мамандарға жүгінбей, депрессияны қалыпты жағдай деп қабылдау арты психикалық өзгерістерге алып келуі мүмкін.

-Әкесінің мәлімдемесіне сүйенсек “бақытты отбасы едік. Бірақ ақшамыз аз, баспанамыз бен біліміміз жоқ болды” деді.

Енді сұрақ: бақыт ақшада ма?

-Ақша - қажеттілікті өтейтін құрал ғана. Бақытты әр адам әртүрлі қабылдайды.

Сол себепті өлім - ақша  тапшылығы мен баспананың жоқтығынан ғана болды деп ойламаймын.

Мәселе шешілмеген түйін, өзара түсінік пен қолдаудың жоқтығынан болып отырған сияқты.

-Кейбірі бұл жағдайға үкіметті, мемлекетті кінәлауда. Бұған не дейсіз?

-Әр адам өз өміріне өзі жауапты. Баланы да саналы, жоспарлы түрде босанады.

Мемлекет, үкіметке жауапкершілікті жаба салуға ешбір дәйек жоқ.

Кінәліні іздеу- өз өміріне жауапкершілікті алмаудың ыңғайлы тәсілі. Ал жауапкершілікті алмаудың соңы осындай орны толмас өкініштерге алып келіп жатады.

-“Он жыл байлап қойсаң да депрессия боп жатқан төбет жоқ” деген пікірді Мұхамеджан Тазабек білдірген еді. Дегенмен төбет бөлек, адас бөлек емес пе? Адамның депрессияға түсуі тым қауіпті ме?

-Мұхамеджан Тазабек бәлкім, мотивация тұрғысынан айтқан болар. Бірақ осы ретте мен келіспеймін.

Депрессияның түрлері көп. Соның ішіндегісі “дистимия “ жылдар бойы созылмалы түрде жүруі мүмкін.

Уақытылы маманға жүгініп, ішкі күйді ретке келтірген абзал. Адамның психикасы темір емес.

Депрессияның қаупі өз психологиялық жағдайна селқос қарап, мән бермеушіліктің соңы психикалық ауытқушылыққа алып келеді.

-Депрессиядан шығудың қандай жолдары бар?

-Депрессияның шығу жолы  егер көңіл-күйіңізде қандай да бір өзгерістерді байқасаңыз арнайы психолог, психотерапевт, невропатолог маманға жүгіну керек.

Егер қажет жағдайда психиатрдың кеңесін алған жөн.

Депрессия сәтінде адамның ойы - өте маңызды рөл атқарады.

1. Ойыңызды басқарыңыз.

2. Эмоциялық интеллектті дамытыңыз.

3. Өз уақытыңызды тиімді пайдаланып, күнтізбе жасаңыз.

4. Өзіңізге қызықты іспен айналысыңыз.

5. Оқшауланбаңыз. Адамдармен көбірек сөйлесіп, қолдау-көмек сұраңыз.

6. Өкпе-реніштеріңізбен психологиялық жұмыс жасаңыз.

7. Алға қойған мақсатыңызды нақтылаңыз.

Бұл көптің көкейінде, көп әйелдің санасында жүрген сұрақтар еді. Сол сұраққа байыппен, өз тәжірибеңізге сүйеніп жауап бергеніңізге үлкен алғыс!

Әлемнің әдемілігі әйелден. Әйелдер жыламасын, әйелдер күйзелмесін...

Сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Інжу ӨМІРЗАҚ,

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер