Алматыда ауыл балаларына арналған «AUYL SPORT-2024» республикалық лигасы басталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бүгін, 21 желтоқсанда Алматы қаласындағы «Достық» спорт кешенінде ауыл балаларының қатысуымен «AUYL SPORT-2024» республикалық лигасының ашылу салтанаты өтті. Ауқымды шараға еліміздің әр өңірінен 1300-ден астам жас спортшы жиналды.
Жобаның бас демеушісі әрі ұйымдастырушысы – «Халық» қайырымдылық қоры. Серіктестер қатарында Қазақ спорт және туризм академиясы, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы және Алматы қаласы спорт басқармасы бар.
«AUYL SPORT» жобасы 2023 жылдың қазан айында «Халық» қорының бастамасымен қолға алынып, ауыл жастарының спортқа қызығушылығын арттыруды, спортты насихаттауды және ауылдық жерлерде бұқаралық спортты дамытуды мақсат етеді. Сонымен қатар, жоба ауылдық жаттықтырушылардың біліктілігін арттыруға бағытталған.
Республикалық лигада бокс, еркін күрес, каратэ, баскетбол, волейбол және шахматтан сайыстар өткізіледі. Бұл жарыстарға еліміздің 17 облысында өткен өңірлік лиганың жеңімпаздары қатысуда. Турнир құрылымы:
- Еркін күрес пен бокс – 2010-2012 жылы туған балалар арасында 6 салмақ дәрежесі;
- Баскетбол және волейбол – 2009-2011 жылы туған қыздар мен ұлдар командалары арасында;
- Шахмат – 10 жасқа дейінгі және 14 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасында.
Өңірлік лигаларда 200-ден астам ауылдың 7000-ға жуық баласы мен жасөспірімі бақ сынады.
Ашылу салтанатында қатысушылар мен қонақтарды «Халық банк» АҚ басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова құттықтап, жобаның ауыл жастарын қолдаудағы маңыздылығын атап өтті.
«Спорт тек денсаулықтың кепілі емес, сондай-ақ болашақ чемпиондарды тәрбиелейтін орта. Біз ауылдық жерлерде спортты дамыта отырып, ұлттың болашағына инвестиция саламыз», – деді Үміт Шаяхметова.
Шараға Олимпиада чемпиондары Ермахан Ибраимов пен Нұрбақыт Теңізбаев құрметті қонақ ретінде қатысты. Олар жас спортшылармен кездесіп, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Мерекелік атмосфераны көтеру мақсатында патриоттық әндер шырқалып, ұлттық билер орындалды. Сонымен қатар, Қажымұқан Мұңайтпасұлының өміріне арналған қойылым жас спортшыларға рух беріп, ерекше сезім сыйлады.
«AUYL SPORT» жобасы – «Халық» қорының балалар мен жасөспірімдерді қолдауға және ауылдық спортты дамытуға бағытталған маңызды бастамаларының бірі. Қор бұған дейін осы салаға 500 миллион теңгеге жуық қаржы бөліп, 120-дан астам әлеуметтік жобаны жүзеге асырды.