Бір адамның өмірін құтқарып қалдық — балықшы

4963
Adyrna.kz Telegram

«Адырна» тілшісінің балық шаруашылығы туралы керемет сұхбаты Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Қапшағай маңындағы Көлді ауылының тұрғыны, 20 жылдан астам уақыт балық шаруашылығымен айналысқан тәжірибелі балықшы Сарсенбаев Еркін Ақұзақұлымен болды. Қиын да қызық кәсіптің иесімен болған, шым-шытырық шытырман оқиғаларға толы сұхбат сізді қызықтырмай қоймайтыны сөзсіз. 

-Еркін мырза, балық шаруашылығын қалай, қашан бастадыңыз?

-Балық аулай білу де өнер. Ол – екінің бірінің қолынан келе бермейтін кәсіп. Бұл қабілет біздің қанымызда, атадан балаға дарып келе жатыр десем қателеспеймн. Себебі, мен балық аулауды кішкентай кезімнен білетінмін.

Бала кезімізде туған ауылымыз Көлдінің маңында «Салижан» атты кішігірім көлден амур балықтарды ұстап алатынбыз. Ол уақытта қазіргідей балық өткізетін пункт болмады. Қапшағайға келген демалушылар ары-бері өткен кезде сатып алар деген оймен трассаның бойында балықтарды сатып тұратынбыз. Ең қызығы, балалық оймен балықтың салмағы ауырлау болып ақшасы көбірек шықсын деп, ішіне тас салып қоятынбыз. Бірде, бір жолаушы балықтың аузынан түскен тасты көріп, «мынаусы несі» деп ашуланды. Сасқанымыздан бой бермей, «аға, бұл өзі тас жейтін балық» деп жауап бердік.

Бала кезімізде үйге аз-маз тиын-тебен түссін деп, әйтеуір шамамыз келгенше шаруаға жарайтынбыз. Кейіннен кәсіп қылып тұрақты түрде балық шаруашылығына келуім 1999 жылдан басталды. Сырттай білім алып жүрсемде, нан тауып жейтін кәсібім, жұмысым – балық еді.

«Ұстазы жақсының, ұстамы жақсы» демекші ісің берекелі болсын десең, жақсы ұстаздан тәлім алған жөн. Балық щаруашылығының қыр-сырын, құпиясы мен айласын үйреткен біраз тәлімгерім болды. Көненің көзін көрген, сонау Арал теңізінің айдынында ау жайған Қарасай, Кәден, Бүркітбай ағаларымыз сынды мықты балықшылардан сабақ алдым. Одан өзге талай батыл балықшылар бақилық болып кетті.

-Бұл кәсіптің пайда көзі туралы айта кетсеңіз. Қалай жұмыс жасайсыздар?

-Көлді ауылы Қапшағай маңында орналасқан әрі ертеден балық шаруашылығымен айналысып келе жатқандықтан арнайы балық зауыттары бар. Әр балықшы өз кәсібіне қажетті қайығын, ау, қалқы, арнайы су киімін және өзге де қажетті заттарын сайлайды. Біз өзгелер секілді жалғыздан емес екі-екіден балыққа шығамыз. Екі балықшы ауға түскен балықты өзара келісімді түрде бөлісіп, қабылдау пунктіне өткізеді. Сәйкесінше олар бізге тиесілі қаржыны береді.

-Балық шаруашылығының қиыншылығы неде?

-Балық шаруашылығының бар қиыншылығы – денсаулыққа зияндығы. Күз, қыс, көктем айларында су өте салқын болады. Дегенмен көктем және күз нағыз балықтың қыз-қыз қайнап жатқан уақыты. Біріншіден қыстыңгүні мұз қауіпті. Апат айтып келмейді. Қай уақытта, қай сәтте мұз жарылып кетер екен деген қауіп болады. Дегенмен бір қызықты факт айта кетейін. Қапшағай суы өте терең болғандықтан әрі шығыстан да, батыстан да жел соғып тұратындықтан суы кеш қатады. Басқа өңірлер мәселен Арал, Балқаш теңіздері қыс басталысымен мұз боп қатып қалса, Қапшағай желтоқсаннан қаңтардың ортасына дейін қатпай тұрады. Екіншіден, көктем мен күз кезінде мұз толықтай ерімей тұрған сұп-суық суға қолымызды сағаттап салып отырамыз. Бұл әрине – өте қиын.

Қауіптің 80%-ы техниканың әлсіздігінен болады. Өйткені, қайығың мықты болса дауылдың ортасында қалсаң да жағаға бар жылдамдықпен жүзіп жетуіңе болады. Қазір қайықтың жаңа түрлері шығуда. Рульді қайық, моторының күші көп қайықтар, пластмасса қайықтардың биіктігі, толқынды ұстап қалуы, жақсырақ болып келеді. Ол балықшы үшін өте маңызды. Рульді қайықтардың алдыңғы қалқа терезесі болады. Толқын кезінде қатты жүзген қайық секірген сәтте ішке қарай су кірмеуіне осы терезе себепші болады. Ал қалған қауіптің, қиыншылықтың  20%-ы балықшының қабілетіне байланысты.

Сонымен қатар қыс кезінде балыққа арналған су өткізбейтін арнайы киімнің ішінен қалыңдап киінеміз. Қолғап, резеңке етік қозғалуға қиындық туғызады. Дегенмен қимылдаған сайын, қалың киімнен терлейсің. Терлеген дене салқынды тез қабылдағыш келеді. Сондықтан біз қашан да қауіптің, нағыз тәуекелдің ортасында жүреміз.

Қапшағай көгіне төңген қара бұлт. Дауыл осылай басталады.

-Жұмыс барысында орын алған қандай қызықты әрі қауіпті жағдайлар болды?

-Жаңа айтқанымдай біздің әр кез балыққа шыуымыз, тәуекел етуден басталады. Табиғаттың тосын-сыйлары жетерлік. Ауа-райының болжамына қарамастан кенет жел, дауыл тұрған уақытта теңіз ортасында қалсаң, міне ең қорқынышты сәт. Қайығың сенімді болса, жағаға жетіп үлгеруіңе болады. Ал ескі қайық теңізден бір оқиғасыз қайтармайды. Ондай жағдайлардың талайы болған. Сондай оқиғалардың бірі – дауыл кезінде қайықпен бірге батып бара жатқан бір кісіні құтқарып қалдық.

Дәулет есімді серігіммен бірге Қапшағайдың арғы бетіне салған ауымызды көріп қайтуға шыққанбыз. Күніге барып жүрген жеріміз ғой, бірақ дәл сол күні ауымызды таппай біраз уақыт бөгеліп қалдық. Кенеттен батыстан күшті жел тұрып, теңіз толқыны басталып кетті. Біраз уақыттан соң тауып, жұмыстарымызды барынша тез бітіріп бергі жағаға қайтып бара жатқанбыз. Бір кезде алыстан бір қара көрінді. Жақындай келе бір адамның қолын бұлғап тұрғанын байқадым. Дәулет «бензині біткен болар» деп аса мән бермеді. Бірнәрсе болған ау, деп сол жаққа қарай бұрдым. Жақындап қалсақ та, ана адам қол бұлғауын тоқтатар емес. Сөйтсек, бір орыс кісі қайығына көп балық салып жіберіп, қатты толқыннан су толып, батып бара жатыр екен. Көмектесуге бекініп ана кісіні біздің қайыққа мінгізіп алдық. Қайығын кейін шығарып алсын деген ниетпен, жіп байлап, навигатор орнату мақсат болды. Өз қайығымнан қалыңырақ жіп тауып батып бара жатқан қайыққа байладым. Бір кезде қайықтың бензин толы бакы суға қалқып шықты. Бак толығымен бетіне қалқып шығу үшін ішіндегі бензинін төгіп тастау керек болды. Бір жағынан дауыл, бір жақтан толқын қысып бакты төңкеруге мүмкіндік берер емес. Сонда да арпаласып жатырмын. Тіпті орыс ағаның қазақша «өзіңнің қайығыңа құйып алсаңшы» дегенін де байқамаппын (күліп). Содан соң бензин төгілді, бак су бетінде қалқып тұр, жіп байлаулы, навигатор белгіленді, мақсат орындалды және жағаға қарай бастық. Орыс кісі қатты шошынғаннан дірілдеп кеткен. Тыныштандырып, барынша көмек көрсеттік. Осылайша аман-есен жетіп бір адамның өмірін құтқарып қалдық.

Тағы бір жылдары қыста дауыл тұрып теңіздің ортасында екі күннен астам уақыт қалып қалдық. Көмекке бір қайық келіп бізді алып кетуге тырысқанымен екі қайықтың салмағы, дауыл, қар, толқын көтеріліп теңіз суы қайыққа құйылып мұз боп қатып бара жатқандықтан ол ойымыздан түк шықпады. Амал қалмаған соң, қайығымыздағы бүкіл балықты көмекке келгендерге салып жіберіп, өзіміз дауылдың басылғанын күтуге мәжбүр болдық. Жанымдағы серігіммен жағаға бірнәрсе қылып жеттік. Түн болды. Қар әлі жауып жатыр, жел басылар емес. Тәуекел етіп ертеңді күтейік деп шештік. Тіпті от та жаға алмадық. Қайықтың жүк салғышында ескі киімдер бар екен. Соларды амалдап жамылмақ болып едік, серігім «Еркін!» деп айхайлады. Сөйтсем қамыстың арасынан қайық тауып алыпты. Ол қайықты ақтарсақ та от жағатын ешнәрсе таппадық. Амал қалмаған соң, қамыстарды сындырып, қалыңдап астымызға төседік. Қайықтың үстін жапқан үлкен целлофан бар екен. Тоңбас үшін үстімізге целлофанды жаптық та, жаңағы  тауып алған қайығымызды кері қарай аударып соның астына жаттық. Таңертең бетіме тамған тамшы судан оянып кеттім. Сөйтсем, адамның буымен целлофан суланып, сол су бетіме тамған екен. Қайықтың астынан шықсақ, қар басып қалыпты. Жел жоқ. Қайықты аударып орнына қойдық та, қайығымызға мініп, жиналып, өз жағамызға есен-аман оралдық.

-Міне нағыз оқиға! Жалпы ауға түскен балықтың бүгінгі саны мен бұрынғы кездердегі мөлшерден айырмашылығы қаншалықты?

-Балықтың мөлшері бұрынғыдан азайды деуге келмейді. Мұны былай түсіндірейін. Бұрындары балық көп болғанымен аулайтын балықшы, балықшы болған күннің өзінде аулары көп болмады. Мәселен, сазан балықтарға арналған аулар кейініректе ғана шықты. Сол себепті кезінде сазан балықтар аулана бермейтін. Шындығына келгенде, ол жылдары тұтынушылық, қажеттілік аз болатын. Әйтеуір әр балықшы күн көрісіне жеткілікті түрде табатын. Есімде бары, 1998 жылы сазан балықтың киллограмы 45 теңгеден, шабақты – 10 тгден өткізетінбіз. Ал қазір сазан 500 тг, көксеркелер (судак) 600 тг, шабақтың кішісі 80, үлкендерін 150 тгден қабылдайды.

Балық халыққа бір қолдан кейін бармайды. Мәселен, біз мемлекеттің қабылдау пунктіне жаңа айтқан бағада өткізсек, олар көтерме саудагерлерге басқа бағамен береді. Ал олар базардағы сатушыларға сатып, олар халыққа бастапқы бағадан үш есе көп мөлшерде сатады. Балық шаруашылығының ең өкінішті тұсы – осы.

Дегенмен базарларда Қапшағай балықтары жоғары бағаланады. Олардың дәмі өзге теңіз балықтарынан ерекше келеді. Мына бір жайтты халық есте ұстаған жөн. Қапшағай балықтарын басқа судың балығынан айыра білу үшін, балықтың ұзындықтарына мән беріңіз. Егер балықтың сыртқы сипаты мен ұзындықтары біп-бірдей болса, онда ол – Қапшағайдыкі емес. Мен өз тәжірибемде Қапшағайдан ешқашан бірдей өлшемді балықтар кездестірген емеспін.

-«Балықшы» ретінде қандай арманыңыз бар?

-«Егінші жылда армандар, балықшы күнде армандар» деген сөз бекер емес. Әлбетте, біз де өз кәсібіміздің дамығанын қалаймыз.

Халық базардағы балықтың бағасын көріп бәлкім балықшының бәрі бай деп ойлар. «Балықшының тапқаны – етек-жеңі кепкенше» дейді. Біздің аймақта тек балық шаруашылығы дамып тұрғандықтан сәуір-мамыр айларында тыйым салу уақытында көбіміз тиынсыз қаламыз. Сондықтан біз де, ел қатарлы өмір сүруіміз үшін біздің саланы толық меңгерген, мықты мамандардың ат салысуымен балық шаруашылығының жоғары деңгейде дамығанын қалаймыз.

-Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен: Дина ЛИТПИН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер