«Адырна» ұлттық порталының кезекті сұхбаты Алматы облысы ТЖД бастығы, полковник Тойчубеков Асқар Тасбулатұлымен болды.
- Алматы облысының ТЖД қарамағында қандай жабдықтар мен техникалар бар, олардың саны қанша? Жеткілікті ме? Жаңасын алу жоспарда жоқ па?
-Алматы облысының ТЖД қарамағында негізгі өрт сөндіру, арнайы және қосалқы автокөліктерінен тұратын 249 бірлік техника және 117 бірлік авариялық құтқару құралдары бар. Үстіміздегі жылы жергілікті бюджет есебінен 8 бірлік техника (оның ішінде 5 бірлігі өрт сөндіру техникасы, 1 бірлігі вахталық автобус, 1 бірлігі өтімділігі жоғарғы авариялық-құтқару автокөлігі) және 2 бірлік гидравликалық құрал жинағын сатып алу жоспарланып отыр.
2014-2020 жылдар кезеңінде жергілікті бюджет есебінен 56 бірлік техника және 107 бірлік авариялық-құтқару жабдығы сатып алынды, бұл көлік құралдарымен жарақтандырудың тиесілік нормасының 40,8%-ға (2014 жылы бұл көрсеткіш 22,3% - ды құрады) және құтқару жабдықтарымен жарақтандыруды 44,4%-ға (2014 жылы 10,7%) жеткізуге мүмкіндік берді.
-Бүгінде Алматы аймағының қауіпсіздігіне жауапты департаментте қанша қызметкер бар? Қанша адам күнделікті жауынгерлік кезекшілікте?
-Бүгінгі күні Департамент штатында 1 163 адам жұмыс істейді, оның ішінде жауынгерлік кезекшілікке жұмылдырылатыны 896 адам (шамамен кіүнделікті 172-ден, 224 адамға дейін).
-Өткен жылмен салыстырғанда аймақта туындаған өрттердің айырмашылығы қаншалықты, зардап шеккендердің саны азайды деуге келе ме? Олардың арасында балалар бар ма (салыстыру үшін сандарды көрсетіңіз).
-2021 жылдың 7 айында облыс көлемінде өткен жылмен салыстырғандағы туындаған өрттердің саны 9,6%-ға азайған (2021 жылы 503, 2020 жылы 557 өрт тіркелген). Өрттердің салдарынан зардап шеккендердің саны 45,4%-ға (2021 жылы – 6, 2020 жылы - 11 адам) азайғанымен, өкінішке орай қаза болғандар саны 50%-ға артқан (2021 жылы – 24, 2020 жылы - 16 адам). Өрт кезінде 4 бала зардап шекті (балалар арасында қаза болғандар жоқ).
-Пандемия Алматы ТЖД құтқарушыларының жұмысына қалай әсер етті?
-Коронавирустық инфекцияға байланысты пандемияға қарамастан, облыс аумағының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар іркіліссіз қамтамасыз етіледі. Құтқарушылардың алдына қойылған тапсырмалар мен міндеттердің барлығы толығымен орындалады. Жеке құрамының денсаулығын сақтауға бағытталған барлық іс-шаралар іске асырылуда.
-Сіздің ойыңызша, құтқарушы қандай қасиеттерге ие болуы керек? Жастар өрт сөндіру және құтқару бөлімшелеріне қосылуға дайын ба? Бұл мамандыққа сұраныс қаншалықты?
-Құтқарушылар ең алдымен отансүйгіштік, батылдық, парасаттылық және жанқиярлық қасиеттерге ие болуы керек. Құтқарушы мамандығына қызығушылық жастар арасында жылдан жылға артуда. Атап айтсақ ҚР ТЖМ тарапынан Алматы облысына Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясына 2021 жылы оқуға түсуге бөлінген 11 орынға 184 (2020 жылмен салыстырғанда 2 есеге артық, 91 үміткер) үміткерден оқуға қабылдау туралы өтініш келіп түсті. Сонымен қатар жыл басынан 83 адамнан өрт сөндіру және құтқару бөлімшелеріне жұмысқа орналасу бойынша өтініш түскен. Бүгінгі күнге офицер және қатардағы жауынгер лауазымдарына бос орындар жоқ.
Әңгімелескен: Дина ЛИТПИН,
«Адырна» ұлттық порталы