Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы бұрынғы елшісі, қазір де осы елде жүрген Дулат Бақышев әлеуметтік желідегі парақшасына әскери жағдай доғарылып, ел іші тынышталғаны туралы жазды.
«Кеше түнде Оңтүстік Корея президенті әскери жағдай (төтенше) жариялаған еді. Жағдай 6 сағатқа ғана созылды. Парламентте 190 - дай депутат дауыс беріп, бұл шешімге қарсы шыққан болатын. Президентке жақтас, жетекші партиядан да 18 депутат оппозициямен бірге дауыс берді», - деп жазған дипломат.
Дулат Бақышевтің жазғанына қарағанда, осыдан кейін министрлер кабинеті төтенше жағдайды тоқтатуға ұйғарған. «Сонымен бұл шаруа бітті. Бір мәселе шешілді. Бүгін таңда президент әкімшілігі басшысынан бастап, ол жердегі кеңесшілер мен маңызды лауазымды тұлғалар жұмыстан кету туралы жаппай арыз берді»,- дейді ол.
Оңтүстік Кореяда 2012-2018 жылдар аралығында Қазақстанның елшісі болған Дулат Бақышев алда дағдарыс жалғасады деп санайды. «Суға тас тастасаң толқындар пайда болып, тарайды ғой. Саясатта да дәл солай... "Ең қызығы" енді басталды. Яғни, дағдарыс жалғасатын болады. Немен аяқталарын уақыт қана көрсетеді...» - дейді дипломат.
Бұдан алдыңғы бір жазбасында ол желіге «Соңғы кездері РФ пен КХДР арасындағы ынтымақтастықтың күшеюі Оңтүстік Кореядағы ішкі саяси жағдайды ушықтырып келді. Бұл - кескілескен ішкі саяси шайқастың белгісі. Қатты ушыққан түрі», - деп жазған еді. Айтуынша, жетекші партия басшысы да әскери жағдай жариялауға қарсы болған.
«Қазақстандағылар Оңтүстік Кореяда жүрген туған-туысқан, дос - жарандарыңыз туралы уайымдамаңыз. Ел тыныш!» - дейді Дулат Бақышев бүгінгі жазбасында.
Кеше Қазақстанның Кореядағы елшілігі қазақстандықтарға үндеу жасаған. “Корея Республикасы президенті Юн Сок Ельдің әскери жағдай енгізуіне байланысты Корея республикасында жүрген Қазақстан азаматтарын сабыр сақтап, жергілікті биліктің ұсыныстарын орындауға және көпшілік іс-шаралардан аулақ болуға шақырамыз”, - делінген еді елшіліктің хабарламасында.
Кеше Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ель халқына жолдау жасап, елде әскери төтенше жағдай жарияланғанын айтқан. Ол шұғыл кеңес өткізіп, өзіне импичмент жариялау әрекеті жасалғанын мәлімдеген. Ол оппозицияны елдің негізгі қызметтерін орындау үшін қажетті барлық маңызды бюджет қаражаттарын қысқартты деп айыптаған. Әскери жағдай жарияланған соң алты сағаттан соң қайта тоқтатылды. Әскери жағдайды доғару парламенттің талабымен жүзеге асты.
Оңтүстік Кореяның саяси құрылысы – көппартиялы президенттік республика.