Нұржан Жетпісбаев: Жастардың азаматтық белсенділігі, сапалы білімі, лайықты жалақысы бар жұмысы, қолжетімді баспанасы біздің назарымызда!

11142
Adyrna.kz Telegram

Жастар – еліміздің келешегі. Олардың білімді және бәсекеге қабілетті болып өсуі – болашақтың кепілі.  Ал, «Jas Otan» жастар қанаты белсенділікті арттырып, қоғамдық жұмыстарға тартатын ұйым ретінде белгілі. Төтенше жағдай кезінде де жасотандық еріктілер елмен бірге болып, қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырып, мұқтаж отбасыларға қуаныш сыйлады. Осы орайда жастарды толғандыратын мәселелер, еріктілердің еңбегі және оларды қолдау шаралары жайында «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы – Нұржан Арғынұлынан сұхбат алған болатынбыз.

- «Jas Otan» жастар қанатына төраға болып тағайындалған уақыттан бері біраз өңірлерді аралап, жастармен кездесулер ұйымдастырып жүрсіз. Шыны керек, еліміздегі жастардың саяси белсенділігі төмен. Олар саясаткерлерден гөрі, өнер жұлдыздарын жақсырақ таниды. Билікке емес, блогерлерге сенеді. Қалай ойлайсыз, елімізде «Jas Otan» деген жастар ұйымының барын білмейтіндердің саны қанша?

- Қайырлы күн! Жас Отан жетекшісі болғаныма 7 ай болды, бірақ жасотандық болғаныма 10 жылдан асты. Осы уақыт аралығында арамыздан көптеген жастар өсіп, түрлі салада қызмет етіп жатыр. Өз тәжірибеме сенетін болсам, жастардың саяси мәдениеті, белсенділігі төмен деп айта алмаймын. Себебі, Жас Отанның өзі 100 мыңнан астам белсенділерді біріктіреді. Одан бөлек қаңтар айында өткен Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауын мысалға алайық.    «Nur Otan» партиясы фракциясының 40%-і әйелдер мен 35 жасқа дейінгі жастар, ал мәслихаттардағы жастардың үлесі 7-ден 23%-ке өсті.

Блогерлерге келер болсақ, олардың ішінде тек шоу-бизнес өкілдері емес, саясаттанушы, әлеуметтанушы мықты мамандар бар, қазіргі саясаткерлер де өз блогтарын жүргізіп, өз пікірлерімен белсенді түрде бөлісіп жатыр. Сондықтан блогерлер саясаттан алшақ деп де айта алмаймыз.

Ұйымымыздың танымалдығына келер болсақ, жасотандықтар – қазақстандық жас электорат арасында Nur Otan партиясының беделін арттыруды көздейтін жастар. Қазақстандық жастар біздің жобаларымыз бен іс-шараларымызға тікелей қатыспаса да, біздің ұйым туралы хабардар. Себебі, біздің өзге жастар ұйымдарынан ерекшелігіміз – жас электоратты қалыптастырушы, Nur Otan-ның саясатын, идеологиясын насихаттаушы ұйымбыз.

- Сонымен бүгінде «Jas Otan» жастар қанаты жастарға не беріп жатыр? «Jas Otan» белсенділері нақты немен айналысады?

- Ұйым құрылған сәттен бүгінгі күнге дейін жастардың мәселесін шешу жолында қызмет атқарып келеді. Бүгінгі күнде «Jas Otan» -  жастар үшін әлеуметтік лифтке айналды. 20 жыл ішінде біз жастардың проблемаларын шешіп қана қоймай, олардың мемлекеттік саясатты іске асыру мен басқаруға атсалысқысы келетін жастар үшін трамплинге айналдық. Қатарымыздан шыққан бірқатар жастар бүгінде мемлекет игілі үшін қызмет етіп келеді. Мысалы, Мәжіліс депутаттары Елнұр Бейсенбаев, Мәди Ахметов, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек, БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.

Одан бөлек жастарға бағытталған бірнеше жобаларымызда атап өтуге болады. Жастарды жұмысқа орналастыру мақсатында «Сәтті қадам» және «Жастар кадрлық резерві», жас ғалымдарды қолдауға бағытталған «Nurintech», ауыл оқушыларына ағылшын тілін тегін оқыту мақсатында «English for Jastar» жобасын іске асырдық.

Базарда, қара жұмыста еңбектеніп жатқан жастарымыз да аз емес, оларға қолдау көрсетіп, мазалайтын сұрақтарына жауап беру мақсатында барлық аймақтарда Кеңес орталықтарымыз жұмыс жасап жатыр. Білім саласындағы сыбайлас жемқорлықпен күресте студенттер арасында анонимді сауалнама, дәріс өткізу арқылы «Таза сессия» акциясы тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Одан басқа, жастарды қолдау мақсатына бағытталған 2025 жылға дейін «Жастар – Отанға!» бағдарламасы әзірленіп, қабылданды.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының  бастамасымен жүзеге асқан «Біз Біргеміз!» жалпыұлттық акциясына 5 мың жасотандық волонтер атсалысты. Олар 320 мың мұқтаж отбасыға азық-түлік себеттерін жеткізді. 100 мың отбасыға 5 миллион дана медициналық маска таратты. Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы төтенше жағдай кезінде 500 волонтер «Біргеміз, Мақтаарал!» волонтерлар штабын құрып, эвакуациялық және гуманитарлық көмекті таратуға атсалысты. Бұл жасотандықтар іске асырған жобалардың кішкентай бөлшегі ғана, алдағы уақытта да осы қалпымыздан таймай, қоғам игілігі үшін қызмет ететін боламыз.

- Нұржан Арғынұлы, биыл еліміз үшін ерекше жыл. Тәуелсіздіктің 30-жылдық мерейтойы аясында «Jas Otan» жастар қанаты қандай бастамаларды қолға алып жатыр? Жобаларыңыз, алдағы жоспарларыңыз жайлы бөлісе отырсаңыз?

- Тәуелсіздік әр қазақстандық үшін баға жетпес құндылық. Сол құндылықты дәріптеу, жастар арасында беделін арттырып, егемендігіміз бен елдігімізді бағалайтын патриот жастар тәрбиелеу біздің бірден бір мақсатымыз. 30 жыл ішінде жастар саясатын жүйелі жүргізу мәселесі әрдайым партияның да, мемлекеттік саясаттын да басты назарында болды.

30-жылдық қарсаңында өткен жылдың желтоқсан айында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен өткен Жас Отанның съезінде алдағы 2025 жылға дейінгі «Жастар-Отанға!» бағдарламасын қабылдадық. Бағдарламада нақты 5 бағыт айқындалып, жастарды қолдауға бағытталған 100 нақты іс-шара белгіленді.

Аталған бағдарламаны сапалы, уақытылы жүзеге асыру үшін Республикалық және 216 аймақтық жол картасы әзірленіп, бекітілді. Барлық жол карталары орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың басшыларымен мақұлданды және бірге жүзеге асырылып келеді. Осылайша, жастардың азаматтық белсенділігі, сапалы білімі, лайықты жалақысы бар жұмысы, қолжетімді баспанасы және бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселелері біздің назарымызда.

- Қазақстанда статистика бойынша шамамен 4 миллион жас бар. 4 миллион жастың 90%-ы баспана іздеп сеңделіп жүргендер. Жастарға үй беру жағынан жеңілдіктер яки қандай да бір бағдарламалар қарастырылған ба? Жастардың әлеуметтік жағдайын шешу үшін өзіңіз қандай бағдарлама ойлап табар едіңіз?

- Жастардың өз потенциалдарын толыққанды пайдалануы үшін сапалы білімі, табыс көзі, тұрғылықты жері болуы шарт. Мен өзім отбасын құрған, бала тәрбиелеп отырған жас болғандықтан, бұл қажеттіліктерді жақсы түсінемін.

Жоғарыда айтып өткен 2025 жылға дейінгі «Жастар-Отанға!» бағдарламасының мақсаттарының бірі – жас отбасылар үшін қолайлы жағдайлар жасау. Осы орайда жас отбасыларын баспана бөлу байқауында басымдық берілетін  қатысушылар қатарына қосу, әр аймақта жастарды баспанамен қамтамасыз ету бағдарламасын қабылдауды міндеттеу, еліміздің барлық аймақтарында жұмыс істейтін жастар үшін уақытша жалдамалы тұрғын үй құрылысын қамтамасыз етуге ықпал ету шаралары қарастырылған. Осы бағытта қазір қарқынды жұмыс жүріп жатыр.

- Ауылдық елді мекендерге жас мамандарды тартуға бағытталған «Дипломмен ауылға» бағдарламасы өзін ақтады деуге келе ме? Сіздің ойыңызша, бағдарламаны жетілдіре түсу үшін нақты не істелінуі тиіс?

- Соңғы уақытта урбанизация үрдісінің күшейіп кеткенін бәріміз білеміз. Ауылдарымызды сақтап қалу, олардың гүлденуі үшін жағдай жасау әр қазақстандықтың парызы деп есептеймін. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы сол мәселені шешудің жақсы құралы. Бұл бағдарлама сәтті жүзеге асырылып, жастарға өздерінің туған жерінде жұмыс істеп, халқына қызмет етуге және баспаналы болып,  отбасын құруға үлкен мүмкіндік берді.

Мысалы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы - Валентин Алифановты алайық, жас маман «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасының арқасында лайықты баспанаға ие болған. Валентин инновациялық – педагогикалық идеялардың республикалық фестивалінде театр технологияларын қолдана отырып, балалардың дарындылығын дамыту бойынша авторлық бағдарламаны әзірлеп, бүгінгі таңда ШҚО Усть-Таловка кентінің балалар өнер мектебінде қызмет етіп келеді.

- Мемлекет тарапынан жастарды қолдау үшін жасалып отырған «Жасыл ел», «Жастар кадрлық резервi», «Жастар тәжірибесі», «Серпін2050» және тағы да басқа бағдарламалар бар. Бірақ бұған қарамастан, біздің зерттеулерге сәйкес жұмысқа тұру жастарды алаңдатып отырған нөмір бірінші мәселе болып тұр. Мемлекет тарапынан жалынды жастарға нақты қандай қолдау бар?

- Бүгінде қас-қағымда өзгеріске ұшырайтын жаһандық өзгерістерге бейімделу, жаңа дағдыны қалыптастыру – заман талабы. Пандемия салдарынан әлемді жұмыссыздық жайлады.

Жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту, жастардың жұмысқа орналасуына жағдай жасау, жастардың кәсіп ашуы үшін мүмкіндіктер жасау мәселелері де біздің 2025 жылға дейінгі бағдарламамызда көрініс тапқан.

Мысалы, әлеуметтік фактілер жетік зерделеніп жастарды еңбекпен әлеуметтендіруді қамтамасыз ету мақсатында 5 жылда 25 мың жасты қамтитын «Алғашқы жұмыс орны» жобасы жүзеге асырылмақ. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру, жас кәсіпкерлерге жыл сайын 10 мың грант беру және «Жасыл ел» жобасы аясында 30 мың жасты жұмыспен қамту көзделіп отыр.

- Шағын және орта бизнесті дамытуда жастардың үлесі көңіл көншітеді ме? Еліміздің жастары кәсіп ашуға белсенді ме, оларды ынталандыру үшін қандай жобалар орындалып жатыр?

-  Қазіргі жастардың аға буыннан ерекшелігі – басым көпшілігі өз кәсіптерін ашуға ұмтылады және бұл салада жетістікке жетіп жатқандары аз емес. Мемлекет тарапынан да жастардың бұл ұмтылыстарын ынталандыру саясаты жақсы жүзеге асып келеді. Мысалы, кәсіпкерлікке баулитын «Бастау Бизнес» жобасы. Жоба аясында кәсіпкерлік негіздері оқытылып, бизнеспен айналысқысы келетіндерге грант немесе шағын кредит беру арқылы алғашқы капиталын алуға көмектеседі.

- Қазір біздің алдымызда білімді, ұлттық құндылықтарды сақтаған, рухани дүниесі бай ұрпақ тәрбиелеу міндеті қойылып отыр. Осы ретте, елімізде бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеуде неге басымдық берген жөн?

- «Тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың қас жауы» деп Әл-Фараби атамыз айтып өткендей, ата-бабаларымыз тәрбиені ерекше орынға қойған. Бірінші кезекте халқының өткенін білетін, ұлттық және рухани байлықтарды бағалайтын, келешегіне жауапкершілік сезіне білетін жастарды тәрбиелеу маңызды.

Елімізде білімді ұрпақ қалыптастыру үшін барлық жағдай жасалған, ал сол білімді дұрыс пайдалана алатын, ел игілігі үшін қызмет ететін адам тәрбиелеу, оның бойына ата-баба қанымен сіңген құндылықтарды қалыптастыру жекелеген ата-аналардың да, жалпы қоғамның да міндеті.

- Жастар арасындағы мемлекеттік тілдің қолданыс аясы, ұлттық өнердің насихатталу деңгейі, руханият мәселесі туралы пікіріңізді білгіміз келеді.

- Тіліміз, өнеріміз, салт-дәстүріміз біздің айнамыз десек қателеспеймін деп ойлаймын. Оларды сақтау, қорғау, насихаттау, жанашыры болу әр қазақстандықтың парызы. Біз де өз тарапымыздан оларды насихаттауға барынша үлес қосуға тырысып келеміз. Қазақ тілін насихаттап, жастардың саяси сауаттылығына ықпал етіп келе жатқан «Жайдарман» ойындарын жетінші жыл қатарынан қолдап келеміз, осы тамыз айында ақындар мүшайрасын өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Аталып өткен баға жетпес байлықтарымызда сақтап қалу, келер ұрпаққа жеткізу өз қолымызда.

- Нұржан Арғынұлы, алтын уақытыңызды бөліп, өрелі сұхбат бергеніңіз үшін рақмет. Жас оқырмандарға қандай тілек-ниетіңіз бар?

- Жастар – еліміздің болашағы ғана емес, бүгінгі бәсекеге қабілеттілігіміздің негізгі қозғаушы күші. Мемлекетіміздің тарихи дамуының қай кезеңін алмайық барлығында дерлік өз «қаһармандары» болды. Олардың барлығы дерлік жастар. Бүгінгі күннің қаһарманы – білімі мен білігі қатар жүрген, ой өрісі кең, ұлттық құндылықтарын сақтаумен қатар бірнеше тіл меңгерген, қоғамына жаны ашитын, болашағына сеніммен қарайтын жастар. Әр қазақстандық жасқа өздерін жетілдіруді тоқтатпай, уақытын бағалап білімін арттыруға, жақынына жанашыр болып өзгеге қол ұшын созуға, әлемдегі озық тәжірибелерді зерттеп, туған елін гүлдендіруге ұмтылсын дегім келеді.

– Cұхбатыңызға рақмет. Халықтың сенімін арқалап жүрген еңбегіңіз табысты болсын!

Сұхбаттасқан: Зарина ӘШІРБЕК,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер