Талғат УӘЛИ: Алапат өрттер халық арасында үлкен резонанс тудырады

3507
Adyrna.kz Telegram

«Адырна» тілшісінің кезекті сұхбаты ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Уәли Талғат Қанатұлымен болды.

- Талғат мырза, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі мемлекеттік органдардың қызметі қандай?

-Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметі табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының алдын алуға және оларды жоюға, төтенше жағдай аймағындағы халыққа шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсетуге, өрт қауіпсіздігі мен өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.

- Өрт қауіпсіздігі аудиті дегеніміз не?

- Өрт қауіпсіздігі аудиті дегенімізобъектілердің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін бағалау. Бұл нысан мемлекеттік өртті бақылауға балама болып табылады. Нысанның иесі бағалау нысанын өз бетінше таңдауға құқылы. Ғимараттың иесі, өз қалауы бойынша, аккредиттелген аудиторлық компаниямен келісім шарт жасай алады. Шарт жасалады және бағалау жүргізіледі. Яғни, өрт қауіпсіздігін мемлекеттік өрт бақылауымен ғана емес, сараптамалық ұйыммен де дәл осындай тексеру жүргізіледі. Сараптамалық ұйымдарды аккредиттеуді ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті жүзеге асыратындығын қоса кеткім келеді.

- «Апат айтып келмейді» дейді. Дегенмен, түрлі сипаттағы апатты жағдайлар орын алмас үшін, олардың алдын алу мақсатында қандай шаралар қолданылуда? Халыққа үгіт-насихат, я болмаса түсіндірме жұмыстары жүргізіле ме?

- Су тасқыны жөнінде айтар болсақ, су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың қаупін азайту мақсатында су тасқынына қарсы іс-шаралардың, Жол карталардың және басқа да өңірлік бағдарламаларды уақытылы іске асыру қажет. Оларда өзен арналарын қалпына келтіруге және тазартуға, салуға, бөгеттерді жөндеуге, нөсерлік кәріз жүйелерін дамытуға, көлік магистральдары мен көпірлерін жөндеуге бағытталған іс-шаралар қарастырылған болуға тиіс.

Мәселен, 2017-2020 жылдары Жол картасының іс-шараларын орындау бізге 315 елді мекенді (34,8%) су басу қатерін толығымен жоюға және 905 елді мекеннің 314-ін (34,7%) азайтуға мүмкіндік берді.

Көктемгі су тасқыны кезеңіндегі негізгі ережелер қарапайым халық үшін аула аумақтарын қардан уақытылы тазалау, арықтар мен каналдарды қоқыстамау және таза ұстау болып табылады.  Осыны халыққа түсіндіру үшін ТЖМ аумақтық бөлімшелерімен тұрақты негізде брифингтер, конференциялар және т. б. өткізіледі. «Азаматтық қорғау туралы» ҚР Заңына сәйкес жеке тұлғалардың міндеттеріне тұрмыстағы қауіпсіздік шараларын сақтау кіреді.

Өрт қауіпсіздігі бойынша үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі. Атап айтқанда, 2021 жылғы 6 айда Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері шамамен 1,5 млн. тұрғын үйді аралап шықты, аралау кезінде түсіндіру жұмыстарымен 4,1 млн. азамат қамтылды. Тұрмысы төмен, аз қамтылған және халықтың әлеуметтік осал топтары арасында 100 мыңнан астам адамды қамти отырып, 23 241 рейдтік іс-шаралар жүргізілді.

Бұқаралық ақпарат құралдарында (оның ішінде, аудандық, облыстық және республикалық) 309 брифинг өткізілді, 18 816 материал орналастырылған, оның ішінде теледидарда – 2 275, баспа – 5 971, радиода 10 570.

Шалғай елді мекендердегі халыққа өртпен күресудің негізгі шаралары туралы ақпарат өрт сөндіру автомобильдерінде және аудандық әкімдіктерінің автомобильдерде дауыс зорайтқыш байланыс құралы арқылы жеткізілді.

Жылыту маусымының басынан бастап тұрғын үй секторында улы газбен немесе жану өнімдерімен уланудың қайғылы салдарларының тәуекелдерін төмендету мақсатында, жергілікті атқарушы органдардың қаражаты мен демеушілік көмек есебінен әлеуметтік осал топтағы тұрғын үйлерге 25 427 датчик (табиғи – 9 043, улы – 15 116, түтін – 1 268) орнатылды.

Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес тұрғын үйге қол сұғылмайды. Тұрғын үй секторы азаматтық қорғау органдарының бақылауына жатпайды. Осыған қарамастан, Төтенше жағдайлар министрлігі тұрақты негізде өрттердің туындау, тұрғын үй секторында халықтың қаза болуы мен жарақаттану тәуекелдерін төмендетуге бағытталған іс-шараларды іске асыруда. Азаматтық қорғау қызметкерлері тұрғындармен тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша түсіндіру және алдын алу іс-шараларын аулаларды аралау, жиындар, әңгімелесулер ұйымдастыру, сондай-ақ барлық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүргізеді.

Шомылу маусымында жүргізілетін үгіт шараларына келетін болсақ, 480 мыңнан астам үгіт материалдары (парақшалар, жадынамалар, брошюралар) халық арасында таратылды, 5 504 судағы қауіпсіздік белгілері орнатылды.

Биыл біз су айдындарында төтенше жағдайлардың алдын алудың жаңа әдістері мен тәсілдерін енгіздік. Су объектілеріндегі қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша үгіт-насихат өнімін тарату үшін авиациялық және теміржол көлігінің мүмкіндіктерін пайдалану мәселелері пысықталды

«2GIS» картографиялық платформасында барлық аймақтардағы акваторияларда тыйым салынған және рұқсат етілген жүзу алаңдары туралы мәліметтер бар.

Халықтың өзін-өзі ұстау мәдениетін қалыптастыру мақсатында білім беру ұйымдарында 954 интерактивті сабақ және тұрғындармен 2457 жиын ұйымдастырылып өткізілді.

Қалалық жағажайларда суда жүзуге арналған қауіпсіз балалар жағажайлары бар (жүзу бассейндері), мұнда құтқарушылар бүкіл жүзу маусымы кезінде жүзу дағдыларын үйрету үшін жұмыс істейді. Қазірдің өзінде 2 925 бала оқытылды.

Жыл басынан бері құтқарушылар полициямен бірге 30 мыңнан астам патрульдеу, рейдтік шаралар жүргізді, 3328 тәртіп бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

-Халыққа апатты жағдайлардан аулақ болып, төтенше оқиғадан сақ жүру үшін не айтар едіңіз?

-Қай сипаттағы болмасын ТЖ орын алса үрейленбей және сабыр сақтау керек. Басқаларды тыныштыққа шақырыңыз. Кез келген төтенше жағдайда үрейленсеңіз, бұл ауыр зардаптарға әкеп соқтырады, құтқарушылардың, өрт сөндірушілердің, медицина қызметкерлерінің және басқа да мамандардың іс-әрекеттерін қиындатады. Мүмкіндігінше дереу «112» телефонына қоңырау шалу керек. Сабырлық сақтап, ұстамды болыңыз. Қысқа және түсінікті сөйлеуге тырысыңыз. Хабарламада: не болғанын; оның болған жерін (мекенжайы, бағыт-бағдар); егер сіз куәгер болсаңыз және сізге ештеңе қауіп төндірмесе, құтқарушылар, өрт сөндірушілер, полиция қызметкерлері келгенге дейін оқиға орнында қалған абзал.

Егер сіз жарақат алсаңыз немесе зардап шеккен адамға жақын болсаңыз, алғашқы медициналық көмек көрсетіңіз. Уақытылы алғашқы медициналық көмек көрсету ауыр зардаптардың алдын алуға немесе азайтуға мүмкіндік береді. Радионы, теледидарды қосыңыз, көшедегі динамиктер арқылы берілетін ақпаратты тыңдаңыз. Сөйлеу хабарламасында олар сізге не болғанын, негізгі ұсыныстар мен негізігі іс-әрекеттерді жеткізеді. Мамандардың (құтқарушылар мен өрт сөндірушілер, полиция қызметкерлері, медицина қызметкерлері) ұсыныстарын орындаңыз. Бұл зардап шеккендерге уақтылы көмек көрсетуге, салдарын азайтуға немесе алдын алуға көмектеседі (қауіпті факторлардың әсері). Құтқарушылардың, өрт сөндірушілердің, медицина қызметкерлерінің, полиция қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне кедергі келтіретін және қиындататын жағдайлар жасамау керек. Арнайы сигналдармен қозғалатын көлікті өткізіп жіберген дұрыс.

Қауіпті аймақты білдіретін қоршаудың сыртына шықпаңыз. Төтенше жағдай қаупі төнген немесе туындаған кезде хабарлаңыз. Есіңізде болсын! Кәсіпорындардың немесе көлік құралдарының сиреналары мен үзік-үзік дыбыстары «БАРШАНЫҢ НАЗАРЫНА!» дабылын білдіреді. Оны естігенде, динамикті, радионы немесе теледидарды дереу қосыңыз, төтенше жағдай туралы, ережелер мен әрекеттеріңіз туралы ақпараттық хабарды тыңдаңыз. Болған жағдай туралы ақпарат бірнеше рет қайталанады және оқиғалардың дамуына қарай нақтыланады. Ықтимал қауіпті кәсіпорындардың жанында тұратын халықты кәсіпорындардың кезекші персоналы осы жергілікті желілері бойынша хабардар ететін болады. Нендей жағдай болмасын, сақ жүрейік!

-Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен: Дина ЛИТПИН,

 «Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер