Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бүгінде Парламент пен мәслихаттардағы әйелдердің үлесі артты. Аруларымыз ғылым, білім, бизнес, медицина саласында, өндірісте және спортта үлкен жетістіктерге жетіп жатыр. Әлеуметтік салада қаншама аруларымыз халықтың әл-ауқатын жақсарту бойынша ерен еңбек сіңіріп жүр. Бұл жолы әлеуметтік салада аса маңызды жобаларды жүзеге асырып жүрген жас маманмен сұхбаттастық.
Умарова Зульфия Әлдибекқызы – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшелері бастамашылық еткен «Jas Keñes Sıylyğy» жобасындағы «Adamgerşılık» номинациясының жеңімпазы, Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы «Жан Сая» дағдарыс орталығының әлеуметтік қызметкері.
– Зульфия ханым, сіздің ойыңызша, елімізде гендерлік саясатты жүзеге асыру, әйелдер қауымын қолдау шаралары қаншалықты дамып келеді?
– Қазіргі таңда елімізде мемлекет тарапынан әйелдерге мықты қолдау көрсетілуде. Гендерлік теңдікке қол жеткізу үшін біршама жұмыстар атқарылды. 2023-2030 жылдарға арналған Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы бекітілді. Заңнамалық деңгейде әйелдерге қатысты кемсітуді жою және теңдікті ілгерілету жөніндегі нормалар қабылданды. Яғни, әйелдердің толыққанды жұмыс жасауына, бизнес бастауына және тағы басқа бағыттарда дамуына барлық мүмкіндіктер қарастырылып жатыр.
Мемлекеттік қызметте, саясатта және корпоративтік секторда әйелдердің үлесін арттыру бойынша жұмыстар жалғасуда. Статистикаға сәйкес, 2022 жылы мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 55%-дан астам (46,5 мың) болды, олардың 39%-дан астамы (9,2 мың) басшылық лауазымдарда қызмет етеді. Саяси лауазымдарда 59 әйел жұмыс істейді, олардың қатарында министрлер, агенттік, Жоғары аудиторлық палата және Конституциялық сот төрағалары, облыс пен қала әкімдерінің орынбасарлары бар.
Шағын және орта кәсіпкерліктегі әйелдердің үлесі 44,6%, ал кәсіпорын басшыларының 30%-дан астамы нәзік жандылар. Үкімет басшылық органдарында әйелдердің үлесін кезең-кезеңмен арттыру жөнінде шаралар қабылдап жатыр.
Жыл сайын қаржылық және қаржылық емес шаралар арқылы әйелдердің кәсіпкерлігіне қолдау артып келеді. Осылайша, олардың экономикалық мүмкіндіктері артуда.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі берген мәліметтерге сәйкес, елімізде 4,3 миллион әйел жұмыс істейді, бұл жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 48%-ын құрайды. Әйелдердің 35%-ы сауда және қызмет көрсету саласында, 32%-ы білім, денсаулық сақтау және ғылым саласында, 14%-ы өнеркәсіп, құрылыс және көлік саласында, ал 9%-дан астамы ауыл шаруашылығында жұмыс істейді.
Осы көрсеткіштерге қарап, елімізде әйелдердің қоғамдағы рөлі айтарлықтай артқанын байқау қиын емес. Әлеуметтік қорғау саласында да оң өзгерістер бар. Бала босану, жүктілік, сәби күтіміне байланысты берілетін біржолғы жәрдемақылардың мөлшері ұлғайды. Көп балалы аналарды қолдау шаралары жүйеленді.
Жалпы, мемлекет тарапынан әйелдерге байланысты көрсетіліп жатқан қолдау өз нәтижесін беріп жатыр деп сеніммен айта аламыз.
– Ханымдарымыздың өмір сүру сапасын жақсарту үшін тағы қандай қосымша жағдайлар жасау қажет?
– Әйелдердің өмір сапасын жақсарту үшін әлеуметтік қолдаудан бөлек, отбасы құндылықтарын насихаттау, әйелдер денсаулығын сақтау, тұрақты және үйлесімді отбасылық қарым-қатынас қалыптастыру қажет деп ойлаймын.
Денсаулық сақтау саласына келсек, қазіргі таңда елімізде медициналық скринингтер кезең-кезеңімен өтеді. Әйелдердің созылмалы ауруларын, қатерлі ісіктердің алдын алу мақсатында тексерістер жүйелі түрде жүргізіледі. Сонымен қатар репродуктивті денсаулықты сақтау мәселелері бойынша курстар мен семинарлар өткізіледі.
Қыз-келіншектердің өз денсаулығы мен репродуктивті мәселелері бойынша сауаттылық деңгейін арттыру үшін арнайы курстар ұйымдастырылады.
Осы шаралардың барлығы нәзік жандылардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Сонымен қатар отбасы құндылықтарын нығайту үшін жаңа мемлекеттік жобаларды көбейту керек деп есептеймін.
– Әйелдерді қолдау орталықтарының жұмысы қаншалықты тиімді?
– Отан – отбасыдан басталады. Отбасы бақытты болса, мемлекет те дамиды. Алайда кейбір отбасылар мұңсыз, қамсыз өмір сүріп жатса, енді бір отбасында қиындықтар туындайтыны заңдылық.
Қазіргі таңда Қазақстанда 49 дағдарыс орталығы жұмыс істейді, оның 17-сі мемлекеттік мекемелерге тиесілі. Олар 8 әлеуметтік бағытта көмек көрсетеді. Негізгі мақсаты – әйелдердің өмір сүру деңгейін жақсарту.
Бұл орталықтарда әйелдер біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Балаларға арналған спорттық және шығармашылық үйірмелер, тегін бассейнге жазылу сияқты мүмкіндіктер қарастырылған.
Мысалы, Алматы қаласында 8 аудан бар, әр ауданда жеке-жеке отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді.
Дағдарыс орталықтарында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған әйелдер тұрады. Әр әйелге көмек көрсетудің жеке іс-жоспары жасалады. Орталықта олар психологиялық, заңнамалық, медициналық көмек алады.
Қажет болған жағдайда емханаларға тіркеліп, балалары мектепке орналастырылады, жәрдемақы алу жолдары түсіндіріледі. Сондай-ақ әйелдерді жұмысқа орналастыру мәселесі шешіледі. Мамандығы жоқ жандар курстарда оқып, кәсіпке үйренеді.
Дағдарыс орталығына келген әйелдер 6 айға дейін тұра алады. Осы уақыт ішінде оларға тұрғын үй, жұмыс, білім алу, медициналық көмек бойынша жан-жақты қолдау көрсетіледі.
– Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты статистика не дейді?
– Тұрмыстық зорлық-зомбылық бұрыннан бар мәселе. Бірақ қазір әлеуметтік желілер арқылы мұндай оқиғалар тез таралып жатыр.
Мысалы, бұрын агрессорға тек ескерту жасалса, қазір заң қатайып, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл әйелдердің құқығын қорғаудағы маңызды қадам деп білемін.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Меруерт Райым