Қазақстанда әскери күштерді мобилизация және төтенше жағдайлар кезінде даярланған кадрлармен толықтыру мақсатында резервтік әскери күштер құрылатын болады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл нормалар «Резервтегі әскери қызмет туралы» заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларда қарастырылған.
«Бұл түзетулер әскерлерді дайын кадрлармен толықтыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар соғыс әрекеттеріне дайын резервтік күштерді құруды қамтамасыз етеді. Мұндай әскери қызмет түрін енгізу әскерлердің бейбіт уақытта санының ұлғаюынсыз, белгіленген міндеттерді орындауға дайын азаматтар тобын даярлауға мүмкіндік береді», - деді депутат Ермұрат Бапи.
Заңның қорытындысына сәйкес, әскери күштерді даярланған азаматтармен толықтыру мобилизация кезеңінде де, табиғи немесе техногендік төтенше жағдайлар кезінде де қажет.
Жаңа «әскери резервист» ұғымы енгізіледі. Ол оқу немесе жаттығулар кезінде әскери қызметкер мәртебесін алады. Сонымен қатар заң жобасында резервистердің жалақысы, зейнетақы төлемдері, әлеуметтік медициналық сақтандыруға міндетті жарналар мен аударымдар мәселелері қарастырылған.
2023 жылдың қараша айында Мәжіліс осы заң жобасын бірінші оқылымда қарап, қорытынды жасаған болатын. Ол кезде Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов құжатты қабылдаудың қажеттілігі туралы мәлімдеген еді.
Резервтік күштер 2025 жылдан бастап құрылып, резервистермен үш жылдық ерікті келісімшарт жасалатын болады. Олар қызметін тұрғылықты жері бойынша өтейді және жылына екі айдан аспайтын оқу мерзімімен, оның ішінде 30 күндік жинақтар мен ай сайынғы екі-үш күндік оқу сабақтарымен дайындалады. Резервистерге ай сайын минималды жалақы төленеді.
Бірінші кезеңде 2 мың адам шақыру жоспарлануда.