Улбала КУДИЯРОВА: Мемлекет азаматтарының құқықтық сауаттылығына мектептерде, ЖОО-да көңіл бөлінуі қажет

3243
Adyrna.kz Telegram

"Адырна" ұлттық порталына М.С. Нәрікбаев атындағы KAZGUU Университеті Құқық жоғары мектебінің заң ғылымдарының кандидаты, құқық жоғары мектебінің доценті - Кудиярова Улбала Ерзатовна сұхбат берді.

- Улбала ханым, жалпы бәрімізге мәлім Қазақстанның Ата Заңы 1995 жылы бүкілхалықтық референдумда қабылданды. Осы аралықта, конституцияға 1100 рет толықтырулар мен түзетулер енгізілді. Сонымен қатар үш конституциялық реформа жасалды. Қалай ойлайсыз, еліміздің басты құжаты тағы да өзгертулерді қажет ете ме? Еліміздің қандай Заңдық жүйесіне толықтырулар әлі де керек деп ойлайсыз?

- Баршамыз білетіндей, 1993 жылы 28 қаңтарда тәуелсіз жас мемлекет - Қазақстан алғашқы конституциясын қабылдады. Бұл конституция 1995 жылы 30 тамызда жаңа нұсқасы қабылданғанға дейін қолданыста болды. Соңғы бекітілген конституциялық ережемен қазір біз өмір сүрудеміз, сол қағида бойынша қадам басудамыз. Ата заңымыз 9 бөлімнен және 98 баптан тұрады. Онда жалпы ережелер; Адам және азамат; Президент; Парламент; Үкімет; Конституциялық кеңес; Соттар және сот төрелігі; Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару; Қорытынды және өтпелі ережелер қамтылған.  Бұл бөлімдер мемлекеттің құрылымына және халықтың мүддесі үшін жасалған нормалардың жиынтығы. Менің ойымша, бұл конституция өте дұрыс жазылған және еліміздің басты құжатына түзетулердің енгізілуі бұл – қалыпты жағдай. Себебі, заман ағымына қарай мемлекет бір жерде, бір орында, дамымай тұрып қалмайды ғой. Оның өркендеуіне,өсуіне сәйкес мемлекеттік заң да өзіндік өзгертулерге ие болуы, оның толықтырылуы орынды деп білеміз. «Өркениетті ел» мемлекеттер қатарына қосылуымызға байланысты конституциядағы ережелердің өзгертулер, түзетілімдер енгізілуі заңи тұрғыдан ол – дұрыс. Сонымен қатар, байқаған болсақ қандай болмасын өзгертулер енгізілсе де ол біздің менталитетке сәйкес келіп жатыр және тек халықтың мүддесі үшін жаңа нұсқаға бет бұруда. Бәлкім әлі де толықтырулар орын алар, дегенмен де конституция өте дұрыс жазылған. Ең бастысы халықтың мүддесі толық қамтылған. Ол туралы «Адам және адамзат» бөлімінде айтылады.

Өзіңіз айтқандай, 1100 рет толықтырулар жасалса да, бұл қайта халықтың мүддесіне негізделіп жасалған іс. Биыл тәуелсіздігімізге 30 жыл толмақ. Осы жылдың ішінде өзгертулерге ие болған Ата заңымыз, кейін де еліміз дамыған сайын, мемлекеттік заңымыз да жаңарып, жанданып отырғаны дұрыс.

- Заң жобалары мен мемлекеттік органдар қабылдайтын шешімдер халықтың пікірімен санасқаны дұрыс па? Соңғы орын алған жағдай бойынша халық тұрмыстық зорлық-зомбылық заңына  қатысты пікір білдірген еді. Бұған мемлекет құлақ асты ма?

- Иә бәрімізге мәлім, ХХІ ғасырда Facebook,Instagram және өзге де әлеуметтік желілердің дамыған уақытында, көбіне осы Facebook-та халықтың тарапынан тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты сан түрлі ағымдағы, сан түрлі көзқарастағы пікірлер айтылды. Дегенмен де, заң шығарушы органдарды, әсіресе мемлекеттік органдардың шешім шығаруын, халықпен санасу, санаспауында деп түсінбеу керек. Қандай жағдай болмасын, мемлкеттік органдардың шешімі халықтың мүддесіне, халықтың экономикалық тұрғыдан өсуіне жұмсалатындығы сөзсіз.

Заңға қатысты айтар болсақ, белгілі бір заң нормаларының халықтың ойымен, пікірімен санасқаны дұрыс. Бірақ, заңды қабылдар алдында ең алдымен теоретиктер мен ғалымдардың пікірі, дәлелдемелері қаралады. Ол – ауадан ала салатын нәрсе емес. Я болмаса, басқа мемлекеттердің белгілі бір заң нормаларын, біздің менталитетке сай келу, келмесіне қарамастан біз оны алып көшіре ала алмаймыз. Кез-келген заң шықпас бұрын, бірінші теориялық тұрғыдан қарастырылып, одан соң тәжірибелік тұрғыда қалай іске асады деген секілді түрлі көзқарастар мен талқылауға түсіп, ұсыныс ретінде парламентке барады. Дей тұрғанмен, кез-келген істің «әттеген-ай» дейтін тұсы болатыны рас. Онсыз болмас. Олқылықтар орын алып жатқанда, мемлекет қашан да халықтың пікірін ашық тұрғыдан тыңдауға, қарастыруға қарсылық ешқашан танытпаған. Мысалы, осы тұрмыстық зорлық-зомбылық заңына байланысты Facebook желісінде халық тарапынан көптеген пікірлер айтылды. Олардың бірқатарын оқып шықтым. Қазіргі таңда, кейбір заңның кем-кетік тұстарына халықтың көңілі толмаған жағдайда кез-келген азамат өз ойын ашық айта алатын мүмкіндігі бар. Сәйкесінше, еліміз айтылған пікірлерді оң көзқараспен қабылдап, тиісті шаралар жүргізді. Менің ойымша, болып жатқан кейс, ситуациялар, осындай жағдайлардың орын алуы – дұрыс. Қазіргі таңда мемлекет ел алдында әрбір заңның нәтижесі мен іске асу барысы жөнінде есеп беріп жүр, беріледі де. Наразылық туындаған жағдайда, конституцияда жазылған құқық бойынша халық өз ойын ашық әрі негізделген түрде айта алады. Бұдан біз заң шығарушы органның халықтың пікірімен санасатындығын аңғара аламыз.

- Мемлекет азаматтарының құқықтық сана деңгейін көтеру үшін, жалпы өз құқығын білу тұрғысында қандай әрекеттер жасалуы тиіс деп ойлайсыз?

- Ең алдымен құқықтық сауаттылық, құқықтық сана деңгейі жоғары болуы үй тәрбиесінен, отбасыдан басталады. Кішкентайдан дұрыс тәрбиеленуі, дұрыс және бұрыс дүниелер жайлы айтылуы, қандай да бір маңызды заң бар екенін, заң аясында барлық істің қаралатындығын, ең қарапайымын алғанда баланың бағдаршамнан дұрыс өтуі туралы берілетін тәрбиенің өзі – отбасыдан басталады.  Кейін мектеп қабырғасында пән ретінде «Құқықтану», «Адам.Қоғам.Құқық» сынды пәндердің қосылуы арқылы құқықтық сауаттылық деңгейі көтеріле бастайды.

Қарапайым мысал ретінде айтар болсақ, ХХ ғасырдың кезінде бізде Facebook желісі жоқ еді. Сол уақыттарда, өсиет жазуды көпшілік қолға ала бермейтін, жиі жазылмайтын. Тұлға қайтыс болса, заң бойынша ғана мүлік табысталатын. Ал өсиет жазатындар тек бірен-саран болатын. Қазіргі таңда керісінше. Өткен жолы тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң бойынша пікір білдірген жанның көбісі заңның ауылынан алыс, құқықтану білімін алмаған кісілер. Олар тек жеткілікті түрде, өз ойларын сауатты түсіндіріп берді. Барынша халық пікір білдіру барысында, арнайы білім алмаса да мысал келтіре отырып, өз наразылығын негізделген күйі ашық жеткізе білді. Пікір білдірген халықтың ойынан байқайтынымыз – жастардың, ХХІ ғасыр жастарының көкірегі ояу, көзі ашық екендігі. Дегенмен де, қазір ел азаматтары алаяқтарға көп алдануда. БАҚ өкілдерінен жиі естиміз, қандай да бір банк атынан жеке тұлғаның карталық нөімірі арқылы барлық ақпараттарды біліп алу мақсатында  көптеген алаяқтық істер орын алуда. Ойын ретінде ұйымдасқан алаяқтық топтың ойы, өкінішке орай халықтың құқықтық сана деңгейі төмендеу болғандықтан іске асты. Хабарласып ақпараттар сұраса, ашық түрде жауап беріп, кейіннен банк картасындағы бүкіл сомадан айырылып қалған жандарды да кезіктірдік. Алайда, халық алданып қалса да сотқа барып шағымданып, сіздерге яғни журналистерге өз мұңын шағып айтып жатыр. Бұл жағынан алсақ халықтың құқықтық сана деңгейі ХХ ғасырмен салыстырғанда жоғарылаған деуге келеді. Дей тұрғанмен әлі де, мемлекет азаматтарының құқықтық сауаттылығына мектептерде, ЖОО-да да көңіл бөлінуі қажет.

- Сот жүйесіндегі реформалардың мазмұны қандай болып келеді? Жалпы, сот жүйесіне енгізілген жаңа реформалар өз мақсат-мүддесі бойынша қалай жұмыс істеуде?

- Сот жүйесін реформалауға бірден-бір себеп, бұл елбасымыздың сот жүйесін жетілдіруге бағытталған идеясынан туындады. Оған ҚР президентінің 2015 жылғы 20 мамырдағы «100 нақты қадам» бағдарламасы негіз болып табылады. Осы бағдарламаның екінші бөлімі заңның үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Яғни, онда азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін, сот жүйесі инстанцияларын оңтайландыру. Сонымен қатар судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін көбейту және біліктілігін, талаптарын қатайту, міндетті түрде талап ретінде сот істерін жүргізуге қатысты 15 жылдық өтілімі туралы айтылған. Судьяларды оқыту және сот тәжірибесі арасындағы өзара байланысты күшейтуге және судьялардың есеп беру тәртібін күшейтуге қатысты барлық сот процестерін бейнетаспаға жазу шараларын міндетті түрде енгізу қарастырылған. Өзге де осыған ұқсас қарастырулар сот жүйесін жетілдіруге қатысты жоспарда жарияланған болатын. Жалпы судьяларға, сот жүйесіне және судьялардың мәртебесіне қатысты, бізде ҚР конституциялық заңы бар. Ол 2000 жылы 25 желтоқсанда қабылданған болатын. Одан басқа да ұқсас мысал ретінде сот төрелігінің жеті түйінін атауға болады.

Жалпы сот жүйесіндегі реформалардың басты мақсаты ол – азаматтардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін сот арқылы қорғаудың тиімділігін арттыру. Халықтың құқықтарын қалпына келтіру және олардың қауіпсіздігін күшейту де негізгі мақсат болып табылады. Судьялар өз шешімдерін адал, әділ, парасатты түрде өз қағидаларын ұстануы тиіс. Осы тұрғыдан судьялардың білімін жетілдіру де сот жүйесіндегі реформалардың басты мақсаты болып табылады. Шын мәнісінде,қазіргі таңда сот кабинетіне кірсек оның ішкі ақпараттық жүйесін біле аламыз. Ондағы халыққа қолжетімді сот құжаттарымен, сот істерін қарау кестелерін қарай аламыз, олармен таныса аламыз. Сотқа шақыру қағаздары, смс және тағы да басқа жүйелерді қарауымызға болады. Бұл бізде судьялардың ашықтығы мен жариялылығы болып табылады.

Сот жүйесіндегі реформалар қазіргі таңда жоспар бойынша және заң шеңбері аясында жұмыс жасап жатыр деп есептеймін. Алайда, өз мақсат-мүддесі бойынша жұмсалатын реформаларда кем-кетік тұстары болып жататындығын мойындамасқа болмас. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» демекші олардың қайбірі болмасын жоспар бойынша жұмыс істеуде. Ал егер тұлға сот шешіміне наразы болып жатса, ары қарай шағымдануына байланысты сот жүйесінде инстанциялар құрылған. Сондықтан осындай жағдайды ескере өтетін осы сот жүйесіндегі реформалар, қазір өз мақсатына сәйкес жұмыс жасауда деп ойлаймын.

- Елімізде жазылатын заңдардың түпкі нұсқасы орыс тілінде жазылады. Осы мәселені қалай шешуге болады деп ойлайсыз? Жалпы мемлекеттік заңдардың мемлекеттік тілде жазылуы үшін біз не істей аламыз?

- Жалпы мен заң саласындағы оқытушымын, әрі «Азаматтық құқық» пәнінен сабақ беремін. Өзімнің студенттеріме азаматтық кодексті білуді  міндеттеймін. Қазақ тобына білім берсем де,  оларға азаматтық кодекстің түпкі нұсқасын қарастыруды, яғни орыс тіліндегі нұсқасын қарастыруды талап етемін. Неге десеңіз, түп нұсқа болғандықтан ол нақты болып келеді. Алайда қазақша нұсқасы аударма болса да, аудармасында ешқандай мін жоқ. Дегенмен де, қателіктер болып жатады. «Рұқсат беріледі» деліну керек болса, «берілмейді» делініп қателіктер болып қала ма деген ойлар туындайды. Түп нұсқа, ол қашан да түп нұсқа. Сонымен қатар еліміздің әр аймағының диалектісіне де қарай, заңи тілде жазылған азаматтық кодексті кейбірі тіпті түсіне алмай жатады. Дипломдық жұмыс жазып жатқан студенттеріме, магистрантарыма түп нұсқаны ұсынамын. Олардан салыстырмалық нәтиже күтемін. Дұрыс аударылған ба, дұрыс жазылған ба деп жиі сұраймын.

Әрине, мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Мемлекеттік заңның да түп нұсқасы, мемлекеттік тілде жазылса жақсы болар еді. Аудармада қанша дегенмен қателіктер бола ма деп алаңдаймыз. Кодекстен басқа мен өз студенттеріме басқа да оқулықтарды ұсынамын. Оларға Б.Төлеуғалиевтың, С.Идрышеваның мемлекеттік тілде жазылған авторлық кітаптарын оқуға кеңес беремін. Егер сіз өз тіліңізде жазсаңыз ешқандай кедергісіз, қиындықсыз ойыңызды жеткізесіз. Орыс тілінде де керемет ғалымдардың кітаптары бар. Алайда олардың кейбір сөздері біздер үшін түсініксіз.  Бұрынғы аудармалармен салыстырғанда, қазіргі аудармалардың сапасы, аударылым деңгейі жоғары десек болады. Себебі, біздің филологтар, ғалымдар қазақша нұсқасын дайындауда, аударманы сауатты түрде жазған. Ал мемлекеттік тілдегі түп нұсқа жазылу үшін қазақ тілін жақсы меңгерген ғалымдар, заңгерлер қажет. Ондай жандар бізде көбіне – филологтар. Филологтар көбіне көркем-әдеби түрде жазатындықтан, олардың сөйлеу мәнері, жазу дағдысы заңгерлердікімен сәйкес болмауы мүмкін. Өйткені біз заңгерлер нақтылықты дұрыс деп санаймыз.

Ұсыныс ретінде айтар болсам, бұл мәселе өз шешімін табу үшін, мемлекеттік тілдегі ғалымдар, заңгерлер заң саласында көп кітап жазу керек деп ойлаймын. Я болмаса, парламентке заң туралы ұсыныстарды қазақ тілінде немесе екі тілде берген дұрыс. Солай жайлап-жайлап бұл үрдіске көшуімізге болады. Бұл бірден болатын нәрсе емес. Себебі, қанша жылдар бойы қалыптасып кеткен үрдіс қой. Бұдан шығу – тек өз қолымызда.

-Жауаптарыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан: Дина ЛИТПИН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер