Нұрбол ЖЕТІБАЕВ: Қазақстанда заңгердің көмегіне зәру адамдар өте көп

1228

«Адырна» ұлттық порталының кезекті сұхбаты Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, халықаралық құқық кафедрасының доценті, заң ғылымдарының кандидаты Н.С.Жетібаев мырзамен болды.

Мемлекеттің басты байлығы - халқы, теңсіздігі, тәуелсіздігі. Халық болмаса, тұтас бір мемлекеттің болуы мүмкін емес. Ал дәл осы халықты бір шаңырақ астында жиып, ымырада болу үшін арнайы конституциялық заң бар.

-Нұрбол мырза, әр адам өз мүддесін қорғай алатындай көз ашық, көкірек ояу заман. Ал біздің елде құқықтық мәдениет пен құқықтық сана адамдар арасында қаншалықты қалыптасқан?

-Қазақстанда шынайы демократиялық қоғам әлі де өз қарқынында құрылмады. Расында, кез-келген лауазым иесі өз орнында ұзақ мерзім отырады. Халқымыздың құқықтық мәдениеті мен құқықтық санасы әзірге мәз емес. Алайда жақсаруы тиіс, жақсартуымыз керек...

-Заңгерден арнайы кеңес, консультация алатын адамдар қарасы көп пе?

-Әрине, заңгерден кеңес алатын жандар біздің елімізде өте көп. Бұл жерде біздің елдегі халық санағын қазақ және орыс тілді деп бөліп қарастыруға болады. Сондықтан да көбіне заңгерден кеңес сұраушылар – орыс тілді азамат, азаматшалар. Қазақ тілінде кеңес сұраушылар қатары да аз емес. Бірақ белсенділік төмен.

-Сот жүйесіндегі реформалардың мазмұны мен мақсаты қандай?

-Сот жүйесіндегі реформалардың басты мақсаты – шынайы, әділ, тәуелсіз үшінші билік жүйесін құру. Сот органдары шешім шығаруда атқарушы билікке тәуелді болмай әділ сот шешімін шығару боп негізделеді. Бірақ жасыратыны жоқ, бұл реформалардың кемшілігі – судьяларды тағайындау. Кейбір судьялар халықтың толыққанды мүддесін ойламайды...

-Құқықтық актілер қандай жағдайда әрекет етеді?

-Бізде қабылданған кез-келген құқықтық актілердің сапасы жаман емес. Ал басты кемшілік сол заңның кейде дұрыс орындалмауында. Мысалы, АҚШ-тың бұрыңғы президенті кіші Джордж Буштың қызы көлігімен жол ережесін бұзғаны үшін АҚШ полиция бөлімшесі оны жүргізуші куәлігінен айырған. АҚШ президенті қызын арашалап қалу үшін түк те істей алмады. Ал бізде өкінішке қарай, БАҚ беттерінен әкімнің немесе дөкейдің ұлы жол ережесін бұзып, жазасыз қалды дегенді жиі оқимыз.

-Қазір өмір онлайнға ауысты. Электронды сот төрелігінің тиімді жағы бар ма?

-Онлайн түрде өткен сот мәжілісі біріншіден пандемиядан, екіншіден сот процесінің жалпы қауымға ашық түрде өтуін қамтамасыз етеді. Үшіншіден, заңгерлердің сот процесінің қалай өткендігіне адал баға беруге мүмкіндік сыйлайды.

-Адам құқығын қорғау бойынша арнайы ведомстволар қандай қарқынды жұмыс атқарып жатыр?

-Адам құқығын қорғау бойынша көбінесе бізде үкіметтік емес ұйымдар жұмыс істеп жатыр. Олардың жұмысы қарқынды болмаса да, біршама жұмысты өз деңгейінде атқаруда. Елдегі демократиялық қоғамның аса қатты дамымағаны дәл осы іспен үкіметтік емес ұйымдардың айналысып жатқандығынан білінеді.

-Құқықтық сана ертерек қалыптасса, қылмыс азаяр ма еді?

-Құқықтық сана дамыған елдердегідей қалыптасса сыбайлас жемқорлық қылмыстары азаятын еді. Өйткені, қоғамда сыбайлас жемқорлық пен тамыр-таныстық әлі де бар екенін жасыру мүмкін емес. Құқықтық сана қалыптасса ол өз кезегінде меритократиялық әдістің қалыптасуына алып келетін еді. Ал дәл осы құқықтық мәдениет сыбайлас жемқорлықты ғана азайта алады деуге болады. Басқа қылмыстардың азаюына әсер етеді деуге кепілдік жоқ.

-Мысалы, құжаттардың дұрыс еместігінен жапа шеккен адамның кінәсі заңды білмеу болса, келесі мүмкіндік беріле ме?

-Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды деген қағида бар. Ізгілік қағидасына сай алғаш рет құжаттарын жоғалтып алған азаматтардың кінәсі болмаса оларға жеңілдік қарастырылуы тиіс.

Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен:Інжу ӨМІРЗАҚ,
«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар