Мерзімді әскери қызметте болған сарбаз Марат Барқұловты атып өлтірген жас офицер Дамир Досов 13 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Астанада Әскери сот үкім шығарды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Сот үкімімен Дамир Досов қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі (қасақана өлтіру) бойынша кінәлі деп танылып, 13 жылға бас бостандығынан айырылды. Досов гвардия лейтенанты атағынан айырылды. Жәбірленушілердің талап арызы ішінара қанағаттандырылды. Сотталған Досовтан Барқұлованың пайдасына матераилдық залал ретінде 235 мың теңге және моральдық зиян ретінде 20 млн теңге өндірілетін болды.
Еске сала кетейік, қайғылы оқиға "Батыс" өңірлік қолбасшылығы бөлімдерінің жиыны кезінде болған. Сағат 17:10 шамасында лагерь бойынша кезекші, гвардия лейтинанты ПМ 9 мм тапаншасынан оқ атқан. Атылған оқ қатардағы жауынгер Марат Ерболұлы Барқұловтың бетіне тиген. Сарбаз ауруханаға жеткізілгенімен оны аман алып қалу мүмкін болмаған. Сағат 17:40 шамасында ол көз жұмған.
Биыл 14 ақпанда Астанадағы әскери сотта 19 жастағы сарбаз Марат Барқұловтың өліміне қатысты алғашқы сот отырысы басталған еді. Сот отырысына дау-дамаймен басталған. Журналистерді сот залына бірден кіргізбеген. Соттағы соңғы сөзінде айыпталушы Дамир Досов қасақана өлтіргісі келмегенін, тапанша оқтаулы тұрғанын білмегенін айтқан еді. Мемлекеттік айыптаушы оны 13 жылға соттауды сұрады.
Марат Ерболұлы Барқұлов өзінің туған ауылы – Шығыс Қазақстан облысының Самар ауылында жерленді.