Мемлекеттік рәміздер – әрбір елдің егемендігі мен тәуелсіздігінің басты нышандары. Қазақстан Республикасының Туы, Елтаңбасы және Әнұраны – халқымыздың бірлігі мен мемлекеттілігін айқындайтын қастерлі белгілер. Оларды құрметтеу – елге, оның тарихына және болашағына деген адалдықтың көрінісі. Ал мемлекеттік рәміздерге ұқыпты қарау – әрбір азаматтың патриоттық парызы.
Қазақстан Республикасының рәміздері 1992 жылы 4 маусымда ресми түрде бекітілді. Бұл күн еліміздің тарихындағы маңызды дата.
Рәміздер халқымыздың ұлттық болмысын, рухын, мәдениетін айқын көрсетеді. Мемлекеттік Ту – тәуелсіздіктің символы болса, Елтаңба – халқымыздың тарихы мен мәдени мұрасын бейнелейді. Ал Әнұран – елдің рухын көтеретін асқақ туынды.
Мемлекеттік рәміздер еліміздің маңызды шараларында, ресми кездесулерде, спорттық жарыстарда міндетті түрде көрініс табады. Әсіресе, халықаралық ареналарда Қазақстанның туы көтеріліп, Әнұраны орындалғанда, әрбір қазақстандықтың жүрегінде мақтаныш сезімі пайда болады.
Ал 2022 жылдың 4 шілдесінен бастап, Қазақстанда азаматтарға мемлекеттік Туды жеке үйлеріне, балкондарына ілуге рұқсат берілді. Бұл өзгеріс Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік рәміздер туралы» заңына енгізілген түзетулерден кейін қабылданды.
Мемлекеттік рәміздерге құрмет тек ресми іс-шараларда ғана емес, күнделікті өмірде де көрінуі тиіс. Мемлекеттік мекемелерде, оқу орындарында, қоғамдық орындарда рәміздерді дұрыс орналастыру, олардың тазалығын сақтау – әрбір азаматтың жауапкершілігі.
Ал оларды қорлау – заңға қайшы әрекет. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, рәміздерге немқұрайлы қарау немесе оларды қорлау әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкеледі.
Мәселен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 458-бабына сәйкес, рәміздерді қорлағандарға 200 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) көлемінде айыппұл салынады немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады.
Егер рәміздерді қорлау ауыр құқықбұзушылық ретінде танылса, Қылмыстық кодекстің 372-бабына сәйкес, кінәлі тұлғаға ірі көлемде айыппұл салынып, 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.
Еске салсақ, күні кеше ғана Атырауда бет-жүзін тұмшалап, қара қиінген қыздар Қазақстанның стандартқа сай емес туын ұстап, фотоға түскен болатын. Қыздардың бұл әрекеті әлеуметтік желіде тарап, қоғамның қызу талқысына түсті. Атырау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, суретке түскен төрт күдікті анықталып, олар полиция бөлімшесіне жеткізілген. Артынша-ақ мониторинг нәтижесінде 2 заңбұзушылық анықталған.
Мәдениет және ақпарат министрлігі пікір білдіріп, туды сатқан екі интернет-ресурсты анықтады. Бүгінде аталған мәселе бойынша «Мемлекеттік рәміздерді қорлау» бабымен қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Сондықтан жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру үшін мемлекеттік рәміздердің мәнін түсіндіру өте маңызды. Әлеуметтік желілерде, мәдени шараларда, білім беру орындарында рәміздер туралы ақпарат таратып, жастарды ұлттық құндылықтарға жақындату қажет.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына арналған Мемлекеттік ту көтеру салтанатты рәсімінде рәміздердің әрбіріміздің жүрегімізге мақтаныш ұялататынын айтқан болатын.
“Қасиетті нышандарымызда қазақтың мың жылдық арман-тілегі, мақсат-мұраты түгел тоғысқан. Ту халқымыз үшін қашанда ерлік пен елдіктің символы саналған. Көк түріктер заманында бабаларымыз бөрілі байрақтың төңірегіне топтасты. Қазақ хандығының туы бүкіл ұлтты ұйыстырды, ел бірлігін бекемдеді. Ал, өткен ғасырда арыстарымыз «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз!» деп халыққа жігер берді. Көне дәуірден мирас болған осы дәстүр ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, бүгінгі күнге жетті. Қазақ елінің көгінде Ұлы даланың айбынын асырған Тәуелсіздік туы желбіреді. Көк байрағымыз – мызғымас мемлекеттіліктің белгісі. Елтаңбамыз – азаттықтың айшықты көрінісі. Ал, Әнұранымыз – еркіндік пен елдіктің үні. Тәуелсіздіктің осы үш символы халқымызға ерекше рух береді. Әрқайсымыздың кеудемізге мақтаныш ұялатады. Өйткені, бұл – бабаларымыздың орындалған арманы”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.