Түркі елдері ортақ әнұран мен бірыңғай сөздік жазбақ

951
Adyrna.kz Telegram
Фото: azattyq-ruhy.kz
Фото: azattyq-ruhy.kz

Түркі әлемі елдері өнер терминдерінің бірыңғай сөздігі мен әнұранын жазуда жұмыс жүргізіп жатыр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Ұлысмедиаға сілтеп.

Бұл бастаманы Анкара музыка және бейнелеу өнері университетінің ректоры, Түркі мемлекеттері өнер университеттері одағының төрағасы, профессор Ерхан Өзден көтерген. Алдағы уақытта сөздік өнердің барлық бағыттарын қамтып, әртүрлі түркі тілдеріндегі мағыналарын ескере отырып, терминдер ұсынылады. Бұл - энциклопедияның бір түрі болмақ.

"Жобаның мақсаты – барлық түркі елдері үшін түсінікті әрі қолжетімді терминдердің бірыңғай базасын құру. Бұл біздің аймақ халықтарының тілі мен мәдениетінің бірлігін нығайтуға көмектеседі", - деп атап өтті Ерхан Өзден.

Келесі маңызды жобаның бірі - түркі мемлекеттерінің ортақ әнұранын жазу. Профессор әнұранның мәтіні мен әуені түркі халықтарын біріктіретін тарихты, дәстүрлер мен құндылықтарды бейнелейтінін де тілге тиек етті.

"Әнұран барлық түркі елдерінің өкілдеріне түсінікті тілде жазылады. Біз оның бірлігіміз бен ортақ болашағымыздың символына айналуына ұмтыламыз", — деді профессор Өзден.

Әнұран жазу бойынша жұмыс жедел қарқынмен жүргізіліп жатыр.

Пікірлер