Әйелдердің құрметіне қойылған жер-су, көше атаулары қанша?

1798
Adyrna.kz Telegram

Ел қалаларындағы көше атаулары мен даладағы жер-су атауларында әйелдерге көп орын берілмеген. Барын санамалап көргенде, оның ішінде аңызға айналған, немесе жеке басты дәріптеу белгісіндей атаулар да кездесетіні байқалады.  

Қазақ даласы кең болғанмен қалаларына әйелдер құрметіне берілген көше атауы аз. Түрлі-түрлі таулар, тарихы мол жер-сулар көп. Олардың қаншасында әйел, қыздар аталады? Соларды саусақпен санап, саралап көрдік. Соның негізгілерін атағанымызбен, нақты сандар кесімді емес, салыстырмалы екенін айтқымыз келеді.

НЕГЕ ӘЙЕЛДЕР ҚҰРМЕТІНЕ АТАЛҒАН КӨШЕ АТАУЫ АЗ?

Қазақстанның көп қаласында кездесетін көшенің бірі – 8 наурыз. Ал осы күнді мереке айналдырған әйел-аналардың есіміне берілген көшелер бар ма?

Алматы қаласында аналардың есімімен аталатын тек 20-ға жуық көше кездеседі. Соның бірі Балжан Бөлтірікова есіміне берілген. Ол Сыртқы істер министрі болған тұңғыш әйел. Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен баяндама жасаған алғашқы қазақ қызы. Атақты дипломат Генри Киссинджер өзінің мемуарында Балжан Бөлтірікованы білікті дипломат деп жазады.

Тағы бірі КСРО Халық әртісі, опера әншісі Роза Жамановаға арналса, енді біріне қазақтың белгілі ақын қызы, аудармашы, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мәриям Хакімжанованың  есімі берілген.

Ал Fading.tse парақшасының жүргізген зерттеулеріне көз  жүгінсек, Астана қаласында 2000-ға жуық көше атаулары бар екен,  соның 400-ге жуығы ер адамдар құрметіне қойылса, тек қана 39 көше әйел адамдарының құрметіне қойылған. Бұл дегеніміз 2 пайыз ғана. Көше атаулары көбіне эпос, аңыз, қасиетті әйел кейіпкерлеріне не әйел образындағы поэтикалық атауларға берілген. Ал,  нақты тарихи тұлғаға қатысты әйел атаулары берілген көшелер өте аз.

Fading.tse Астанадағы әйел көше атауларын 5 категорияға бөліп қарастырған.

Ғылым және мәдениет қайраткерлері – 14, «Халық анасы» және эпос кейіпкерлері – 13, әйел есімдері мен бейнелеріне байланысты жалпы атаулар – 5, соғыс батырлары – 5, саяси қайраткерлер – 2.

Әйел атауларына берілген көшелер қаланың шеткері аймақтарында немесе екінші типтегі көше атаулары екен. Әйел атауына берілген бірде-бір даңғыл жоқ.

Ақтөбе қаласында қыз-келіншектердің атымен аталатын бар болғаны он шақты көше бар. Олардың ең үлкені Әлия Молдағұлова, Ғазиза Жұбанова, Мәншүк Мәметова атында.

Осыдан бірнеше жыл бұрын шаһардағы атаусыз көшенің біріне қазақтан шыққан тұңғыш әйел-дәрігері Аққағаз Досжанованың есімі берілді. Бұл көшеде медицина университеті орналасқан.

Орал қаласында елге еңбегі сіңген аналарымыздың атымен аталатын 12 көше бар. Ал еліміздің орталығы Қарағанды қаласында барлығы 700-ден астам көше бар. Соның тек 13-і ғана қыз-келіншектердің есімімен аталады.

Байқағанымыздай, қазақ қыздарының есімі берілген көшелер де өте аз.

ҰЛЫ ДАЛА АНАЛАРЫ

Кенесары ханның қарындасы, Әбілқайыр ханның жары, көмекші-кеңесшісі болған батыр әйел Бопай ханымды естігендеріңіз болар. Маңғыстау облысы Қарақия ауданы, Болашақ ауылдық округінде дәл осы арудың атына берілген ауыл бар. Ақылы мен парасаты, билігі мен беделі жарасқан Бопай ханым хан қайтыс болған соң да ел басқаруда айтулы шешімдерге, мәмілелерге қол жеткізе алған. Осылайша, ері мен елін құрметтеген Бопай ханымның атына берілген ауыл 2012 жылы темір жол станциясының базасында құрылған.

Сондай-ақ, тарихшы Темірғали Аршабековтің айтуынша, Бопай ханшаның есіміне берілген асу да бар.

“Қарқаралы қаласынан оңтүстік бағытта, шамамен 25-30 шақырым жерде орналасқан Бопай ханша асуы бар. Таудың асуын қазақ халқының беделді ханымы, Кенесарының қарындасы, Әбілқайырдың жарының құрметіне атаған. Бізге тарихтан белгілісі – ол осы жерден зекет салығын жинаған”,- дейді тарихшы.

Темірғали Аршабеков Қарағанды облысы Нұра ауданында Баршын қыздың есіміне берілген ауыл барын да айтады.

Сондай-ақ, Сырдарияның төменгі ағысы маңында, Қызылорданың оңтүстік-батысында  25 шақырымдай жерде Баршынкент (Сырлытам, Қызқала, Қышқала) аталатын ортағасырлық қала орны бар. Мұны археологтар Алпамыс батырдың жары Гүлбаршынның есімімен байланыстырады. Қалашықтың моңғол шапқыншылығы кезеңінде ең ірі сауда-саттық орталығы болғаны айтылады.

Баршынкент  қаласының  ерекшелігі – Гүлбаршын сұлуға арнап салынғандығы. Ал, тағы бір нұсқада «оғыз ақсүйектерінің өкілі Баршын сұлу Сырдарияның төменгі бойындағы қаланы өз есімімен атайды» делінген. Осыдан соң «Қызқала» атауы шыққан деседі. Аңыз бойынша Сырдарияның оңтүстік жағасындағы Көккесене де Баршын сұлудың құрметіне салынған. Бұл әйелдің атымен аталған, түркі тектес халықтар мекендеген жердегі бірден-бір қала болған.

XIX ғасырдағы қазақ әйелдерінен шыққан қоғам қайраткері, Абылай ханның келіні, Уәли ханның әйелі, Шоқан Уәлихановтың әжесі Айғанымның да есіміне берілген ауыл бар. Әлемнің бес тілін меңгерген Айғаным ханшаның құрметіне қойылған елді мекен Алматы облысы, Талғар ауданында орналасқан.

БАТЫР ҚЫЗДАР ЕСІМІ

Ауыл атауын алған қыздардың бірі - кеңес мергені, ефрейтор Әлия Молдағұлова. Екінші дүниежүзілік соғысқа 2 Балтықжағалауы майданында, 22 әскердің 54 арнайы атқыштар бригадасын құрамында қатысты. Арудың есімі өзінің туған жері Ақтөбе облысы Қобда ауданы, Бұлақ ауылдық округіндегі ауылға берілген.

Әлия ауылы аудан орталығы – Қобда ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 37 шақырымдай жерде орналасқан.

Дәл сол сұрапыл майданда ерліктің өшпес үлгісін көрсеткен қазақтың қайтпас қайсар қаһарман қызы, әйгілі пулеметші Мәншүк Мәметованың да атына берілген ауыл бар. Ол — Ақмола облысы, Мәншүк Мәметова ауылдық әкімдігі орталығында орналасқан.

Аудан орталығы – Ақмол ауылынан оңтүстікке қарай 37 шақырымдай, Самаркөл көлінің батысында 1,5 шақырымдай жерде орналасқан.

Екінші дүниежүзілік соғыста ерлігімен көзге түскен қазақтың ұшқыш қызы Хиуаз Доспанованың да туған жері Атырау облысы Құрманғазы ауданы, Жаңаталап ауылдық округінің орталығындағы ауылға есімін берді.

Аудан орталығы Құрманғазы ауылынан батысқа қарай 16 шақырым жерде Еділ өзенінің Каспий теңізіне құятын тармақтары аралығында орналасқан. Хиуаз ауылының тарихы ХVIII ғасырдан басталады. Бұрын бұл жер «Дархан» деп аталған. Мұнда қоныстанған тұрғындар негізінен мал өсіру, сауда-саттықпен, егін шаруашылығымен айналысқан. Хиуаз ауылының қақ ортасымен Шарон өзені өтеді. Сондай - ақ солтүстігінде үлкен және кіші «Дархан» көлдері бар.

Қазақтың батыр қыздарына елдің басқа да аумақтарында елді-мекен, мектеп атаулары көптеп кездеседі.

ХАЛЫҚ ЕМШІСІНЕ АРНАЛҒАН

Қазақ аруларының атына берілген жер-су аттарының тізімін Үміт апа ауылы жалғастырады. Есімі көпке белгілі болмаса да, Павлодар облысы Павлодар ауданы, Мичурин ауылдық округі  құрамында осындай ауыл бар. Бұл 2018 жылға дейін – Берёзовка аталған.

Ауылдың атауы халық арасында үлкен құрметке ие болған халық емшісі Суботылова Үміттің есімі берілген.

Ол 1929 жылы 1 маусымда Павлодар облысы Лебяжье ауданы Корт ауылында (қазіргі Аққулы ауданы Мерғалым ауылы) дүниеге келген. 1986 жылдан бастап дәстүрлі емес емдеу әдістерімен айналыса бастады, алғашқы уақытта жақын адамдары ғана ем қабылдаса, кейінірек Павлодар мен Қазақстанның басқа да аймақтарынан, сонымен қатар Ресей және Германия елдерінен адамдар легі келе бастаған.

Үміт апа халық арасында үлкен құрметке бөленген. Халық емшісі болып қызмет атқарғанда Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау Министрлігінің лицензиясы мен сертификаты болған. Көзі тірісі кезінде аудан, облыс балалар үйлеріне, аз қамтылған отбасыларға қайырымдылық және демеушілік көмек көрсетіп тұрған.

АНАСЫН ҚҰРМЕТТЕУ МЕ, ӘЛДЕ БАЛАСЫН ДӘРІПТЕУ МЕ? 

2017 жылы Жамбыл облысы Қордай ауданы Қасық ауылының атауы Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың анасының құрметіне "Әлжан ана" деп өзгертілген. Нұрсұлтан Назарбаевтың анасы Әлжан Жатқанбаева 1910 жылы дәл осы жерде, Қасық ауылында дүниеге келген.

Қасық ауылдық округінің атауын "Әлжан ана" деп өзгерту туралы тұрғындар жиын өткізіп, бір ауыздан келіскен көрінеді. Бұл туралы әкімдік ресми сайтына жиынның хаттамасын жариялаған болатын.

Реті келгенде Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен баяндама жасаған алғашқы қазақ қызы, жоғарыда аты аталған Балжан Бөлтірікова да осы Қасық ауылында дүниеге келген.

Назарбаев биліктен кеткенде ел астанасының аты да ауысып, аз уақыт Нұрсұлтан қаласы атанғаны белгілі. Алайда Қаңтар оқиғасынан кейін елорда қайтадан Астана атауын иеленген. Дегенмен Назарбаев билікте отырған кезде анасының құрметіне аталған ауыл атауы сол күйі қалды. «Әлжан ана» атауы Назарбаевтың анасының құрметіне аталды дегенмен, бұл Назарбаевтың жеке басын ұлықтаудың белгісіне, дәріптеуге көбірек ұқсайтыны жасырын емес.

АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАН АТАУЛАР

Жер-су атауына “әже”, “ана”, “келін”, “қыз” сынды статустары қоса аталатын атаулар да кездеседі.

Мәселен, Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында Келінтөбе деген ауыл бар.  Аудан орталығы – Жаңақорған кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 70 км жерде, Сырдария өзенінің сол жағалауында, сарсазан, қамыс, құрақ өскен сұр, сортаңды сұр топырақты шөлдік белдемде орналасқан. Іргесі 1964 жылы  Түгіскен алқабын игеруге байланысты Келінтөбе каналын салу кезінде қаланған. Атауына келсек, аңыз бар.

Қалмақ шапқан заман болса керек. Ер азаматтар жау қолынан өліп, ел еңсесі түседі, сол кезде ел ішінде Ақшабақ есімді келіншек бар екен. Қауым елді ақылмен бастайды. Қашқан ел Қаратаудан асып, Сырға жетеді. Сыр жағасындағы қалың тоғайға кіріп, қалмақ қолын адастырып кетеді. Әлгі келіншек дариядан өтіп, аз күн тынышталған елге: «Кетпен ұстауға жарайтын жұрт топырақ тасып төбе үйсін, төбе басына шыққанда дарияның арғы басы көрінетін болсын!»- дейді. Елі екі етпейді, төбені үйеді. Келіншек күнде өрмелеп төбе басына шығып қарауыл қарайды. Келе жатқан жауды күншілік жерден таниды екен. Жау төбесі көрінсе, ауылға хабар қылады да, жұрт тоғайға сіңіп құтыла берген.

Осыдан кейін Ақшабақтың есімі, беделі ен далаға жайылып, халықтың оған деген құрметі үдей түседі. Осы мекенде диханшылық дәуірлеп, ел тып-тыныш мамыражай заман кешкен. Бір күндері қырағы келіншекті бүйі шағып өледі. Жұрт оны ардақтап, арулап осы төбеге көмген екен. Содан бұл төбе «Келінтөбе» аталып кетіпті.

Ал Түркістан облысы Созақ ауданында Қыземшек аталған кент бар. Шағын ғана кентте төрт мыңға жуық адам тұрады. Ол Созақ ауданының орталығы – Шолаққорған ауылынан солтүстік-батысқа қарай 201 шақырым жерде жатыр.

Өлкетанушы Мақсат Қарғабайдың айтуынша, Қыземшек елді мекені жайлы аңыздар бар.

"Бұрын жаугершілік заманда шаруасы дамыған, өрісі кең,  бір кісінің жалғыз қызы болады. Сол қыз ерлермен бірге елге төнген қауіпке қарсы тұрып, жаумен шайқасады. Сол шайқаста жауды жеңе алмай, екі жақ тең түседі. Содан екі жақтан бір-бір батыр жекпе-жекке шығып күш сынаспақ болады. Жау жағы өзінің қыз екенін біліп қалмау үшін әлгі батыр қыз жекпе-жекке шығар алдында төсін қылышпен кесіп тастаған екен", - дейді Мақсат Қарғабай.

Қаратаудың теріскей жағында, қазіргі Созақ ауданындағы Таукент кенті мен Абай аулының жоғарғы тұсындағы шатқалында тізбектеліп жатқан тау сілемдерін Созақ халқы — «Келіншектау» деп атайды. Таудан Арпаөзен бастау алады.

Келіншектау аталуы жөнінде де мынадай аңыз бар. Ертеде мыңғырған малы бар бай жалғыз, ерке қызын ұзатарда жасауының бәрін тек алтыннан жасапты. Ұзатылып бара жатқан кезде қыздың қызыығушылығы оянып, көшті тоқтататады да, жасауды тексереді, сөйтсе, итаяғы ағаштан жасалған екен. Әкесінің мұнысына көңілі толмаған қыз дереу төркініне кісі жібереді. Әкесі болса, қызының дүниеқоңыздығы мен тойымсыздығына, ұятсыздығына ренжіп, «бүйткенше тас боп қатып қал!» деп ашуланыпты. Әкесінің қарғысы заматта орындалып, әлгі қыз да, жасауын артқан түйелер де, керуен де тас пен тауға айналып кетіпті. Сол керуен қатып қалған жер Келіншектау аталған екен дейді ескі аңызда.

МИФТЕР КЕШЕНІ

Қазақта басқа да шығыс елдеріндегідей мифке айналған атаулар көптеп кездеседі. Солардың бірі – көне тарихи, табиғи ескерткіш “Қырық қыз”.  Ескерткіш Қазығұрт аймағында екеу. Көп замандардан бері табиғаттың өзі жаратқан киелі ескерткіш болып саналады. Көнеден келе жатқан аңыз-әңгімелерге сүйенсек, бұрынғы жаугершілік заманда жау шапқыншылары елден тысқары Қарабау суына шомылып, алаңсыз серуендеп жатқан 40 қызды көріп, соңдарынан қуса керек. Сонда қыздар құдайға «Елімді, жерімді жауға таптатқанша, мына жауды да, бізді де тасқа айналдыр!» деп жалбарынған екен дейді. Қыздардың тілегі қабыл болып, жау әскері қара тасқа айналады. Ол жер қазір Қаратас деп аталады. Ал қыздар әсемдене тізілген қайталанбас ескерткішке айналған деседі. Бұл ескерткіш тасмүсіндер Тұрбат ауылының солтүстік-шығысындағы Аққұм өзенінің бастау алар жерінде. Ауылдан 5–6 шақырым жердегі сарқырама жардың қасында. «Қырық қыз» деп аталатын екінші тас мүсіндер Өгем қойнауына түсе беріс жерде – Қазығұрт тауының Шығыс мүйісінің («Орда қонған») оңтүстік-шығысында 4–5 шақырымдай қашықтықта орналасқан.

Тарихшы Темірғали Аршабектің айтуынша, елімізде «Қыз әулие» деген рух қонған бірнеше киелі мекен бар екен.

“Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында Қызәулие деген жер атауы бар. Қазақ халқының діни сеніміне белгілі бір жерлерде қасиет тұтынады. Мұндай жер тағы да осы облыстағы Осакоров ауданында да бар”,- дейді тарихшы.

Сондай-ақ, Ақтөбе облысында, Шығыс Қазақстанның Аягөз ауданында да осындай атаулар бар. Олардың бәрі де жаугершілік заманда ер-азаматтармен бірге елі мен жерін қорғау үшін атқа қонып, жанын қиған, халықтың бірлігі мен берекесі сақталуы үшін жанталасқан ержүрек қыздар делінеді.

Түркістан облысында да ”Қыз әулие” мекені бар. Ел арасындағы аңыздарға құлақ түрсек, аңыз бойынша ертеректе Әмiрхан есiмдi (15 ғасыр) ел тұтқасын ұстаған әрi аса бай кiсi өмiр сүрiптi. Сол кiсiнiң Шешушi деген баласынан Дiлдәрбек есiмдi немересi болыпты. Мiне, осы Дiлдәрбек бабаның Нұрзада, Сұлушаш, Қарашаш, Сандуғаш есiмдi қыздары болған екен. Жаугершiлiк орын алып, жоңғарлар қазақтарға қырғидай тиiп жатқан тұста әлгi қыздар шыдай алмай, соғысқа араласып, дәл осы жерде қаза тауыпты. Олар жас кездерiнде өнерлi, iсмер боп өскен екен. Сондықтан шығар, әулиеге зиярат етiп келушiлердiң кейбiрiнiң ойламаған жерден ән айтатын, өлең жазатын, ою ойып, тiгiс тiгетiн қасиетi ашылады дейдi. Жалпы бұл маңда 200-ге жуық адам жерленген дейді.

Пікірлер