Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев діни ахуалға байланысты пікір білдірген болатын. Президенттің сөзінен кейін қозғалыс бар ма?
Президент сілтеме жасаған депутат пен дінтанушының пікірін білдік.
ПРЕЗИДЕНТ НЕ ДЕП ЕДІ?
Алқалы жиында Президент діни ахуал бойынша мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи мен басқа да бірқатар қоғам қайраткерлерінің пікірін қолдаған болатын.
«Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи еліміздегі діни ахуалға алаңдаушылық білдіріп жүр. Құрылтай мүшелері Дания Қыдырбаева және Олжас Сүлеймен жат діни ағымдардың жастар арасында, әсіресе спорт саласында ықпалы күшейіп бара жатқанын айтты. Теріс ағымдарға, қазақтың болмысына жат идеологияларға тосқауыл қою қажет екеніне еш күмән жоқ. Елімізде дін бостандығына кепілдік берілген. Бірақ жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке жол беруге болмайды»,- деген Президент Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, діннің аса маңызды миссиясы – ұлтты ұйыстыру.
«Діни ұйымдардың қызметін реттейтін құжаттар осы талапқа сай болуға тиіс. Бұл мәселені жан-жақты қарау керек. Соның ішінде заңнаманы жаңа жағдайға бейімдеп отыру өте маңызды», - деген ел басшысы Ұлттық құрылтайда.
«СЕҢ ҚОЗҒАЛДЫ»
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи еліміздегі діни ахуал өзін ғана емес, көпшілікті алаңдатып отырған дүние екенін айтады. Сондықтан да ол бұл мәселеге байланысты арнайы заң қабылдануы керек деп есептейді.
«Менде президенттің ұлттық құрылтайда жасаған ақпаратынан басқа ақпарат жоқ. Бірақ кейбір хабарларға қарағанда жуық маңда біздің Парламенттің талқылауына былтыр біз көтерген дін істеріне байланысты заң келіп түседі деген хабар бар. Бірақ ол тұтас заң болып келе ме, жоқ әлде бұған дейінгі заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін бап болып келе ме, ол жағынан хабарымыз жоқ. Бірақ президент пәрмен бергеннен кейін сең қозғалды деп ойлаймын», - дейді депутат.
Ермұрат Бапи діни мәселеге байланысты соңғы бір жылдың ішінде Мәдениет және ақпарат министріне бірнеше сауал қойғанын айтады.
«Маған берілген жауапқа қарағанда аталған заңның тиісті баптарын қолданыстағы заңдарға қарама-қайшы келмес үшін сараптаулар жүргізіліп жатыр деген жауап келді. Себебі қандай заң болса да Азаматтық кодекс секілді тағы басқа да заңдарға қарама-қайшы келіп қалмауы керек. Былтыр 14 наурыз күні ұсынғанбыз, міне бүгін наурыздың соңы болды. Сондықтан мен Президенттің пәрменінен кейін дін туралы заңды талқылауға саламыз деп ойлаймын»,- дейді ол.
"ТЕРІС АҒЫМ МЕН РАДИКАЛИЗМГЕ АНЫҚТАМА БЕРІЛУІ КЕРЕК"
Дінтанушы Кеңшілік Тышқанның айтуынша, бізде радикализм дегеннің құқықтық негіздері жоқ. Сондықтан да ол дін туралы заң қабылданса, бірнеше мәселеге назар аудару керек екенін ескертті.
«Біз «жат ағымдар, теріс ағымдар» деп айтамыз. Бірақ олардың құқықтық статусы болмағаннан кейін мемлекет оларға қарсы болып, қаншалықты күреседі деген позиция анықталмаған. Бізде оңалту жұмыстары секілді әр түрлі істер жасалып жатыр. Әйтсе де ол нақты бір заңға қайшы әрекетке байланысты жасалып жатқан әрекет емес. Тек қана адамгершілік пен құндылықтар тұрғысындағы жұмыстар ғой», - дейді ол.
Айтуынша, радикализмге бейім адамдармен жұмыс істеуді заңдық тұрғыдан негіздеу керек. Яғни, ағымдардың статустары, дәстүрлі дін мен дәстүрлі емес ағым дегеніміз не және қоғамның тұтастығын бұзатын деструктивті ағым дегеніміз не деген сұрақтарға жауап берілу керек. Сондай-ақ теріс ағым мен радикализм деген не деген ұғымдарға анықтама берілуі керек деп есептейді дінтанушы.
«Дін саласында қолданылып жүрген ұғымдардың біз тек ауыз екі тілде қолданғанымыз болмаса заңда ешқандай статусы жоқ. Заңда экстремизм мен терроризм туралы жазылған, бірақ одан басқа ұғымдардың мүлде анықтамасы жоқ», - дейді Кеңшілік Тышқан.
Оның айтуынша, қабылданған жағдайдад осы заңға байланысты бірнеше талаптар айқындалу керек.
«Киім кию формасынан бастап қоғамдық ортада дінді ұстау әдебіне дейінгі мәселе қамтылуы керек. Бізде кейбір баптар бар, бірақ олар өз деңгейінде жұмыс жамай жатыр. Мысалы, діни алауыздықты қоздыру, ұлттық құндылықтарға тиісіп, салт-дәстүрімізді мансұқтау деген секілді дүниелерді заң бойынша реттеп қойған дұрыс. Себебі қоғамның ішінде үлкен теке-тіресті тудырып жатқан дүниелер осылар», - дейді дінтанушы.
«МЕМЛЕКЕТ БАСТАМАНЫ ӨЗ ҚОЛЫНА АЛУЫ КЕРЕК»
Сонымен қатар дінтанушы Кеңшілік Тышқан мемлекет пен дін қатынастарына байланысты айқындалатын тұстар бар екенін ескертті.
«Мәселен, дін мемлекеттен бөлек дегеннің өзінде мемлекет өзінің функциясын нақтылау керек шығар. Нақтырақ айтсам, қай деңгейде мемлекет пен дін бөлек, қай деңгейде мемлекет дін ісіне араласады деген сұраққа жауап берілу керек. Егер мемлекет дін саласын дұрыстай алмайтын болса, ұйымдар мен ағымдардың өкілеттілігінде қалып қояды. Содан кейін олар өз деңгейінде жұмыс жасай береді. Кейін ол мемлекеттік, ұлттық мүддеге қайшы болса, оған кім жауап береді? Сондықтан мемлекет осы бағыттағы бастаманы өз қолына алатындай тетіктерді қалыптастыруы керек», - дейді дінтанушы.
Пайымдауынша, діни ұйымдардың көбі шетелден келеді.
«Сондықтан да шетелдің көңіліне алаңдап, біз көбінесе тікелей тиіспей, жанама жұмыс істейміз. Ал ол нәтижесін бермейді. Әр ағымның артында бір ел тұр ғой. Сондықтан бұл жерде өзіміздің позициямызды, ұлттық мүддемізді негізге ала отырып, соларға қарсы қоятындай тетіктерді қалыптастыруымыз керек. Ал енді «Ойбай біз демократиялық, құқықтық сенім бостандығы берілген мемлекетпіз» деп жалпақшешейлікке салынғаннан кейін халықтың сенімі бөлек-бөлек болып кетті. Сондықтан осы мәселеге мұқият қарау керек деп ойлаймын», - дейді ол.
«ҚОҒАМҒА ЖАРЫҚШАҚ ТҮСТІ»
Ермұрат Бапи еліміздегі діни ахуал ушығып тұрғанын ескертті. Сондықтан да ол діни мәселеге жүрдім-бардым қарауға болмайтынын айтады.
«Діни ахуалдың ушығып тұрған жері – мешіттердің төңірегі, әлеуметтік желі мен қоғамдық орталар. Тіпті кейбір ритуалды асқа барған күннің өзінде де осы дін мәселесі қатты талқыланып жатыр. Мысалы жақтастар мен қарсыластардың арасында дүрдараздыққа дейін апарып жатқан оқиғалар бар. Қоғамға жарықшақ түсті. Оны жасыруға болмайды. Діннің негізінде жарықшақ түсу деген мемлекеттің болашақ тұтастығына кедергі келтіретін жағдай ғой», - деген депутат сол себепті бұл мәселені жылы жауып қоюуға болмайды деп санайды.
«Қоғам дүрлігіп кетеді екен» немесе «Парламентте талқыласа, бұл мәселе ушығып кетеді» деп сақтық жасаудың қажеті жоқ. Себебі, әсіредіншілдік мемлекеттің болашағы мен елдің мың жылдық салт-дәстүрііне сызат түсіріп жатыр. Сондықтан да діни мәселедегі проблеманы көрсекте көрмегендей сығай танытып, жылы жауып қоюуға әсте болмайды», - дейді депутат Ермұрат Бапи.