Сирия астанасының қақ ортасындағы әл-Фараби орталығының салынып біткеніне 15 жылдай уақыт өтті. Үш адам жұмыс істейтін кешен әлі де келушісін күтіп, құлазып тұр.
Димашық шаһарының орталығында 2008 жылы басталып, 2011 жылы Қазақстан қаржысына салынып біткен әл-Фараби орталығы әлі күнге іске қосылмады, ашылу рәсімі болмады. Бұл ғимарат әл-Фарабидің зиратының аумағында салынған. Бүгінге дейін онда үш-ақ адам жұмыс істейді. Бұл туралы Түркия телеарнасы хабарлап отыр.
Кешендегі үш адамның екеуі – күзетші. Біреуі – бағбан, кешеннің ішкі-сыртқы тазалығын да реттейді. Бірақ ғимаратты мұнтаздай ғылып ұстап тұру үшін мұның бәрі жеткіліксіз екені байқалады. Қазір қаңырап тұрған ғимарат қамқорлыққа зәру. Жауын-шашын салдарынан сыртқы сылағы түсіп, ішін де шаң-тозаң басып жатыр. Бояуы да оңып кеткен, кейбір панельдерін қайта жөндеу қажет.
ОТЫРАРДАН – ДИМАШЫҚҚА ДЕЙІН
Ғылым мен философияның шығыстағы жарық жұлдызы Әбу Насыр Әл-Фараби Қазақстан аумағында, бұрынғы Фараб, қазірі Отырар қаласында дүниеге келген. Көп тіл білген ғұлама жиырма жасқа дейін Отырарда өмір сүріп, осы жерден әлемді танып-білу жолын бастаған. Ол көп саяхаттаған. Бұхара, Самарқан, Мерф, Бағдат, Харран, Рей, Каир, Алеппо қалаларында болып, білімін жетілдіріп отырған.
Шамамен 40 жасында әл-Фараби ортағасырлық ислам әлемінің ғылым мен өнер орталығы – Бағдадқа барған. Кейіннен ғалымды біртіндеп Бағдадтан ығыстыра бастайды. Содан ол амалсыздан Димашыққа қоныс аударып, өмірінің соңына дейін сол жерде тұрған.
Әл-Фарабидің соңында араб тілінде жазған көптеген трактаттары қалды. Оның көбі Еуропа елдеріндегі әйгілі кітапханалардың сирек қорында сақтаулы тұр. Еркін ойлайтын ғұламаның еңбектері жазылғаннан кейін бір ғасыр өткенде басқа тілдерге аударыла бастайды. Әл-Фараби еңбектерінің туған топырағында зерттелуі кеш басталған. 20 ғасырдың орта шенінен асқанда Ақжан Машани тәрізді ғалымдар арабша үйреніп, әл-Фараби еңбектерінің туған жерінде танылуына түрткі болған. «Екінші ұстаз» аталған әл-Фараби трактаттарының тілі ауыр. Ал қазақ тіліне аударылған еңбегінің дені орыс тіліндегі аудармадан қотарылған.
НАЗАРБАЕВ ПЕН БАШАР АСАДТЫҢ КӨЗІ МЕ?
Түрік ойшылының соңғы күндері өткен қалада Қазақстан әл-Фараби атындағы мәдени орталық салған. Димашықта салынған ғимарат Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері шетел аумағында қаржылай қолдау көрсеткен алғашқы ірі жоба саналады.
Димашықтағы әл-Фараби атындағы мәдени орталықты салуға 2008 жылы Қазақстан 7,6 миллион доллар қаражат бөлінген. Жоба төрт залдан тұрады, жалпы аумағы алты мың шаршы метрден асады.
Аталмыш ғимараттың құрылысы 2011 жылы толық аяқталған. Алайда, Сирияда тұтанған азаматтық соғыс салдарынан ғимараттың ашылуы өтпеген. Қаладағы қасиетті мекен болғандықтан, Димашықтағы бұл аудан соғыс қимылдары кезінде қатты зардап шекпеген.
Әл-Фараби мәдени орталығы заңды түрде Сирияға да, Қазақстанға да тиесілі емес. Дегенмен, өткен 15 жыл бойы Қазақстанның Димашықтағы консулдығы кешенге бақылау жасап, рұқсатсыз ешкімді кіргізбеген. Оған Қазақстаннан барған бірлі-жарым зерттеуші, фильм түсірушілердің жолы түскені байқалады.
Нұрсұлтан Назарбаев бастаған Қазақстан мен Башар Асад билеген Сирия үкіметі арасында кезінде мәдени ынтымақтастық тәуір басталған. Алайда соғыс салдарынан бүгінде бұл ынтымақтастықтан ұшқын да қалмаған. Сондықтан орталықтың ашылуы екінші кезекке ысырылып келген. Асад билік еткен уақытта орталық ашылмаған күйі қалды. Соңынан ол да елінен қуылып, Мәскеуді паналап отыр. Саяси дағдарыс мәдени байланыстың тоқтауына себеп болды.
ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ МЕКЕМЕЛЕРГЕ БЕРІЛМЕЙ МЕ?
Сирияда 2024 жылы желтоқсан айында уақытша үкімет билікке келгеннен кейін бір ай өткен соң Қазақстан билігі кешенді ашу туралы келісімге келген. Шамдағы жаңа үкімет те бұл орталықты қорғауға және сақтауға уәде берген. Алайда әзірге төрт айға жуықтады, орталық бұрынғы күйінде қалып отыр. Өйткені Шам елі әлі де болса, аумалы-төкпелі кезеңді бастан кешіруде.
Кейбір мәліметтерге қарағанда, 2019 жылы бұл орталықты Қазақстан консулдығына беріп, болашақта елшілік ғимараты ретінде пайдалану туралы ұсыныстар да айтылған. Дегенмен, келушісін күткен ғимарат әлі күнге дейін пайдалануға берілмей келеді.
2024 жылдың 8 желтоқсанда Шам еліндегі оппозициялық күштердің кеңейтілген әскери әрекеттерінен соң Башар Асад басқарған Сирия билігі құлады. Оның өзі Мәскеуге қашуға мәжбүр болды. Мұның алдында Ресейдің Сириядағы әскери базасының ұшақтары оппозиция мекендеген қалаларды бомбалап, бейбіт тұрғындар қаза тапқан.
Түркия телеарнасының тілшісі Димашықтағы әл-Фараби орталығы таяуда іске қосылып қалар деп үміттенетінін айтады. Сол кезде телеарна осынау орталыққа қайта айналып соғуы мүмкін.