Еліміздің жастары қаншалықты патриот болып өсіп жатыр? Сондай-ақ азаматтардың отан сүйгіш болып тәрбиеленуі бірлік пен тұрақтылық құндылықтарының дамуына қалай әсер етеді? Осы және өзге де сұрақтарды жеке кәсіпкер әрі азаматтарға қазақ тілін үйрететін Юлия Лагуткинаға қойдық.
Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданына қарасты Лавровка ауылының тумасы Юлия Лагуткинаны отаншыл азамат деп айтуға болады. 26 жастағы азамат мемлекеттік тілді меңгеріп қана қоймай, қазақ тілін өзге азаматтарға үйретіп жүр.
«Жалпы патриотизм, бірлік пен тұрақтылық ол кез келген мемлекет үшін және де Қазақстан азаматтары үшін өте маңызды әрі қасиетті мағынаға ие құндылық болуы керек. Патриотизм мен бірлік өз еліңе деген сүйіспеншілік, оның мәдениеті мен тарихын құрметтеу секілді әр азаматтың бойынан табылуы тиіс құнды қасиеттер болуы керек. Ал береке-бірлік қоғамның ынтымақтастықта жұмыс істеп, мемлекет игілігі үшін қызмет етуге үндеуі тиіс.
Сонымен қатар мемлекеттік рәміздерге ұқыпты қарап, оған құрмет көрсету де дәл сондай азаматтарлың қасиетті борышы болуы керек. Мәселен әнұраннан бастап елтаңба және мемлекеттік туымызға айрықша құрмет көрсетіледі. Мысалы әртүрлі халықаралық жарыстарда әнұран орта жолдан үзілсе немесе басқа әнұран қойылған кезде біздің спортшылар әнұранды өзі айтып шыққан бірнеше оқиға болды. Бұл жастардың мемлекеттік рәсізге ерекше құрмет көрсететінін білдірсе керек», – дейді ол.
«Қазақ тілін білуіңіз қоғамда сізге қандай оң ықпалын тигізді? Азаматтардың мемлекеттік тілді білуі қаншалықты маңызды?» деп Юлия Лагуткинаға сұрақ қойдық. Жеке кәсіпкер бүгінгі таңда мемлекеттік тілді білу әр азамат үшін үлкен маңызға ие екенін ескертті.
«Қазақ тілін білу ең алдымен еліміздің мәдениеті мен тарихын және рухани құндылықтарын құрметтеудің белгісі болып саналады. Қазақ тілін үйрену қоғамда өзіңді толыққанды азамат ретінде сезінініп, кәсіби түрде дамуға көмектеседі. Сонымен қатар қазақ тілін білу ұлттық бірлікті нығайтудың бірден бір факторы болып отыр. Мемдекеттік тілді меңгеру арқылы әр түрлі халықтар яғни, этностар арасында жарасымды түсіністік қалыптасып, қоғамдағы келісім мен тұрақтылық сақталады. Көп тілді білу маңызды болғанымен мемлекеттік тілді меңгеру әр азаматтың патриоттық борышы, міндеті деп білемін және ол елдің болашағына оң ыпал етіп, ұлттық бірегейлікті сақтап, өскелең жастарға мемлекеттік тілді аманаттап қалдыруға тікелей әсер етеді.
Егер біз бүгін әр қайсысмыз қазақ тілінде сөйлесек, қазақ тілін бір бірімізге насихаттап, мемлекеттік тілдің деңгейін көтерсек онда қазақ тілінің болашағы зор болады деп есептеймін. Бүгінгі кіп-кешкентай білдіршіндер кейін өскеннен кейін қазақша судай сөйлейтін болады. Кез келген мемлекеттің тілі тірі болса, онда оның халқы да тірі болып, өсіп өркендейтін болады. Қазақ тілін білу қарым-қатынас құралы ғана емес, сонымен қатар ол елге деген сүйіспеншілік пен құрметтің айқын көрінісі дер едім. Сол себепті қазақ тілін білсек, бұл еліміз бен халқымыз үшін көп пайдасын тигізеді.
Бұдан бөлек халықаралық аренада қазақ тілінде сөйлейтін қазақ халқы деп бізді басқа мемлекеттер танып, құрметтейтін болады. Ешкім КСРО-ның орыс тілінде сөйлейтін азаматы деп айтпайды. Яғни бәрімізді Қазақстанда қазақ тілінде сөйлейтін азаматтар тұрады деп біледі.
Ұзын сөздің қысқасы бүгінгі таңда қазақ тілін білу өте маңызды. Мысалы мен қазақ тілінен қазақ пен орыстарға, тіпті Украинадан келген азаматтарға сабақ беремін. Мені Украина секілді шетелден келген азаматтардың қазақ тілін үйренсем деген құлшынысы қуантады. Соңғы кездері ағылшын тіліне емес, керісінше қазақ тіліне сұраныс көбейіп жатыр. Бұл негізі жақсы тенденция деп ойлаймын», – дейді ол.