Астана қаласында бұрынғы шенеунік Ержан Бабақұмаров алкогольдік масаң күйде көлік жүргізгені үшін 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
29 қаңтар күні түнгі сағат 3 шамасында Астана қаласының полиция қызметкерлері Төлебаев көшесінде Toyota Land Cruiser Prado көлігін тоқтатты. Тексеру барысында жүргізуші Ержан Бабақұмаровтың жеңіл дәрежеде мас болғаны анықталған.
Осыған байланысты Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты оны Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 1-бөлігіне сәйкес кінәлі деп танып, 15 тәулікке қамау және жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айыру жазасын тағайындады.
Айта кетейік, Ержан Бабақұмаров 2019-2022 жылдар аралығында Алматы қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. 2022 жылдан бастап Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің басшысы болып қызмет етті.