«Ақ жол» демократиялық партиясы Салық кодексін талқылау барысында өндірісшілер мен кәсіпкерлердің мүддесін қорғай отырып, үкіметке конструктивті оппонент болып келе жатқанын мәлімдеді. Партия өкілдері мемлекет мүддесі үшін маңызды шешімдер қабылдауға дайын екенін де атап өтті.
Салық реформасына қатысты негізгі ұстанымдар:
Негізсіз жеңілдіктерді қысқарту: «Ақ жол» нарықтағы кейбір субъектілерге бәсекеге қабілетсіз артықшылық беретін жеңілдіктерді азайтуды қолдайды. Сонымен қатар, банктер, ірі өндіруші компаниялар, ойын бизнесі секілді жоғары табысты салаларға салықты арттыруды ұсынды.
ҚҚС мөлшерлемесін саралау: Фракция әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен қызметтерге (азық-түлік, дәрі-дәрмек, коммуналдық төлемдер және т.б.) нөлдік ҚҚС мөлшерлемесін енгізуді талап етеді. Сонымен қатар, басым технологиялық салалар үшін (машина жасау, IT, финтех, өнеркәсіптік құрылыс) ҚҚС-ты 8% деңгейінде белгілеуді ұсынады.
Шағын бизнеске қолдау: ҚҚС шегін жылына 15 млн теңгеге дейін төмендету — бизнестің жабылуына немесе көлеңкеге кетуіне алып келеді. Осыған байланысты фракция шекті деңгейді 78 млн теңге деңгейінде сақтауды ұсынды. 40 млн теңге көлеміндегі ұсыныстың өзі жеткіліксіз дейді олар.
Салық әкімшілендіруі: Заңды тұлғалармен жұмыс үшін жеңілдетілген режимге ҚҚС енгізу бухгалтерия мен қосымша есептеулерді қажет ететінін, бұл шағын бизнес үшін ауыртпалық екенін атап өтті.
ҚҚС реформасын кезең-кезеңімен енгізу: «Ақ жол» фракциясы ҚҚС мөлшерлемесін жыл сайын 1%-ға ұлғайта отырып, жаңа форматты біртіндеп енгізуді ұсынады.
Үкіметтің шығындарын қысқарту: Партия салықтық өзгерістерді бюджет шығыстарын азайтумен, әсіресе мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектордың шығындарын қысқартумен қатар жүргізу қажет екенін алға тартады. Олар Үкіметтің осы бағытта ешбір нақты қысқарту жасамағанын сынға алды.
Фракция алдағы уақытта 100-ге жуық ұсыныс негізінде жұмысын жалғастырып, салық реформасының әділ әрі тиімді болуына ықпал ететінін мәлімдеді.