Алматы соты әуежайдағы кепілге алу ісін жалпы тәртіппен тергеу үшін прокурорға қайтарды. Бұл шешім күдіктінің кінәсін мойындамағаны және қылмыстық іс жүргізу заңнамасының елеулі бұзылуына байланысты қабылданды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Күдіктіге Қылмыстық кодекстің 293-бабы (Бұзақылық), 261-бабы (Кепілге алу), 273-бабы (Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) бойынша айып тағылған.
Сот барысында анықталғандай, 2024 жылдың 7 наурызында күдікті Алматы халықаралық әуежайының жолаушыларды тіркеу залына кіріп, одан әрі тексеру аймағына өтпек болған. Осы сәтте ол күзет инспекторы М.-ны шашынан тартып, пышақпен қорқытып, жолын бөгемеуді талап еткен. Кепілге алынған адаммен бірге ұшу аймағына қарай бет алған.
Полиция қызметкерлеріне де қауіп төндіріп, қаруларын тастауды бұйырып, жақындаған жағдайда кепілді пышақтайтынын және әуежайды жарып жіберетінін айтқан.
Күдікті ҚК-нің 261-бабы бойынша тағылған айыпты мойындамай, ешкімді кепілге алмағанын, тек күту залына өтпек болғанын мәлімдеді.
Сот жеделдетілген тергеуді тоқтатып, істі жалпы тәртіппен қарау қажет деген шешімге келді. Бұл – Қылмыстық-процестік кодекстің 190-бабы 6-бөлігі, 4-тармағына және 323-бабына сәйкес қабылданған заңды шешім.
Айта кетейік, оқиға кезінде ер адам бір қызды кепілге алып, пышақпен қорқытқан. Алайда жағдайды ушықтырмау үшін әуежай қызметкері Мұса Әбдірайымов өзін кепілге ұсынған. Ол кейінірек күдіктінің қолындағы пышақты жұлып алып, қауіптің алдын алған. Сотта Мұса Әбдірайымов жәбірленуші ретінде жауап беруден бас тартты.
Бұған дейін бұл оқиғаға байланысты үш қылмыстық іс қозғалған болатын.