"Демалысы - үскірік, аяз бен қар..." Қазақ қысының алғашқы қадамы

2080
Adyrna.kz Telegram

13-желтоқсанға қараған түні елдің оңтүстік және орталық өңірлерінде жылу құбырлары жарылып, халық сусыз қалып, апатты жағдайларға тап болды, деп хабарлайды "Адырна" порталы. 

Өткен тәулікте құтқарушылар елдің бүкіл өңірінде 311 мәрте халыққа көмекке келген.

Жалпы саны 147 адам құтқарылып, эвакуацияланды, оның ішінде 13 бала бар.

Қарағанды облысы

«Вечерняя Караганда» ресурсының мәліметінше, Қарағанды облысының Саран қаласында газ баллоны жарылған. Жер үйдің иесі қатып қалған баллонды жылына берсін деп пештің жанына қойып кеткен. Салдарынан газ жарылып, үй тұруға жарамсыз күйге түскен.

Ал Теміртауда мамандар қатып қалған су құбырын жөндеп жатыр. Кеше түнде диаметрі 300 мм болатын магистраль қатып қалған.

«Теміртауда су құбыры қатып қалды. Қаланың шығыс бөлігі ауыз сусыз қалды. Бұл бірнеше блоктар, ішінара Абай және Чайковский көшелері, 21 мектеп, 3 қалалық аурухана, балалар ауруханасы, 1 емхана, Әубәкіров атындағы гимназия да ауыз сусыз отыр. Жұмысшылар бригадалары қазір құбырларды жедел түрде жылытуда. Тұрғындар ауыз судың жоқтығын айтып шағымдануда. Дүкендердегі бөтелкелердегі сулар да сатылып кетті», - делінген хабарламада.

Жамбыл облысы

13-желтоқсанға қараған түні Жамбыл облысында магистральды газ құбыры жарылып, 5 елді мекендегі 980 үй жылусыз қалды.

Нақтылар болсақ, Жамбыл облысындағы Қызылқайнар, Жасөркен, Жалпақтөбе, Қызылдихан, Гродеково ауылдарының тұрғындары газсыз қалды.

Сондай-ақ, Жамбыл облысында да қар құрсауында қалған бақташылар аман-есен табылды

12 желтоқсаны күні сағат 00:24 шамасында полиция бөліміне Шу ауданы Көкқайнар ауылынан 15 шақырым жерде шаруа қожалықтардың бiрiнен 2 малшысы адасып, жоғалып кеткені туралы хабар түскен болатын.

Полиция қызметкерлері, аудан әкімдiгi мен төтенше жағдай мамандары, жергілікті тұрғындар арнайы техниканың көмегімен із кесуге шыққан.

«Жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде түнгі сағат 3:00 кезінде малшылар және қарауындағы малдары аман-есен табылды. Құтқарылған азаматтардың жағдайы бірқалыпты, медициналық көмекті қажет етпеді», — деді Шу ауданы полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Дiнмұхамбет Қойтөриев.

Түркістан облысы

Өткен түнде Түркістан облысында қатты аяздан жолдар жабылып, бүгін мектептер қашықтан оқуға көшті.

Облыстың таулы аймақтарында бұрқасын жел басталып, күн райы күрт өзгерген.

Бәйдібек пен Түлкібас аудандарын байланыстыратын жол, «Батыс-Еуропа-Батыс-Қытай» трассасы, Қошқарата-Жарықбас-Бірлік, Шаян-Ағыбет-Шақпақ, Көксәйек-Ақсу-Мыңбұлақ бағытындағы жолдар жабылған.

«Тәртіп сақшылары тұрғындардың қауіпсіздігі үшін үздіксіз қызметті жалғастырады және тұрғындарға ұзақ жолға шықпауға кеңес береді», — делінген Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Қызылорда облысы

Қызылорда облысында боранды күні мал іздеуге шыққан 16 жасар жасөспірім жоғалып, аман табылды.

Өңірде 11 желтоқсан күні ауа райы күрт өзгеріп, 25 градусқа дейін суытқан.

Сол күні күндізгі сағат 10:00 шамасында 46 жастағы азамат 16 жасар ұлымен бірге Жалағаш ауданына қарасты Жаңадария ауылынан 20 шақырым қашықтықта орналасқан Ақшоқы учаскесінде фазендадан екі жаққа бөлініп, мал іздеуге шыққан.

Сағат 14:00 шамасында әкесі фазендаға қайта оралып, баласының фазендаға әлі келмегенін біледі. Алғашқыда автокөлікпен ұлын іздеуге өзі шығады. Әрекеті сәтсіз болып, ол полицияға жүгінуге мәжбүр болған.

Жасөспірімді іздестіруге Жалағаш аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы дереу жұмылдырылды.

Полицейлер, төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері, ауыл тұрғындары мен еріктілерден арнайы топ құрылды.

Ауданның барлық ауылы, далалық жолдар түгел қамтылды. Іздестіру шараларының нәтижесінде жоғалған бала түнгі сағат 2:00–де Жалағаш ауданы Жаңадария ауылына қарасты далалық жерден солтүстікке қарай 20 шақырым жерден табылды.

Алматы қаласы

Алматыда қатты аяздың әсерінен қоғамдық көліктер сыр беріп жатыр. Суықтан туындаған техникалық ақау салдарынан бірнеше автобус маршруттан алынған.

Әкімдік маршурттық автобустардың кешігуіне жолдағы көлік тығыны да әсер етіп жатқанын мәлімдеп отыр.

Ақмола облысы 

Сондай-ақ бүгін түнде Ақмола облысында 31 шетелдік мінген автобус бұзылып, жолаушылар қар құрсауында қалды.

Астана-Петропавл тасжолында бұзылған автобустан 31 шетелдік эвакуацияланды. Оның бәрі — Тәжікстан азаматтары, ішінде екі бала бар.

Эвакуацияланған адамдар Көкшетау қаласындағы жылу пунктіне жеткізілді.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін 9 желтоқсанда құтқарушылар 28 шетелдікті эвакуациялаған еді.

Пікірлер