Қазақстанда «Жолшы» философиялық қоғамдастығы құрылды

1441
Adyrna.kz Telegram

14 ақпан күні Алматыда Каспий университетінің конференц-залында «Жолшы» Философиялық қоғамдастығының ашылуы болып өтті. Оның алғашқы отырысында мен құттықтау сөз сөйлеп, алғашқы баяндаманы жасадым. Енді сол баяндаманының қысқа нұсқасымен «Адырна» порталы оқырмандарын таныстыруды жөн көріп отырмын. 

Алға дамысақ деген қоғамда Философияға сұраныс жоғары болуы заңды. Ол ежелден солай. Мәселен, Ежелгі Грекиядағы қалалық аристократиялық-демократиялық мәдениет қалыптасуы кезеңінде Философия қарыштап дамыды. Көптеген қалаларда философиялық академиялар ашылды. Сол қатарда Платон Академиясын, кейін оның шәкірті Аристотель ашқан «перипатетиктер» деп аталған Академия адамзаттық философия тарихында өшпес із қалдырды...

Дүниенің бастауын және универсалды болмыс негізін, дүниедегі универсалды байланыс әдістерін зерттеген ол философия қазіргі ғылым атаулының алғашқы дәндерін септі: өнер мен поэзия, математика мен инженерия, архитектура мен сәулет, психология мен медицина, спорт пен физиология, анатомия, саясат пен мемлекетқұру және басқа ғылымдардың негіздері сол философияның қойнауында өмірге келді.

Біз ол дәуірді әлі де «адамзаттың интеллектуалдық тұрғыда жаңа сапалы сатыға көтерілген дәуірі», болмаса, өркениет пен философия  дамуының классикалық кезеңі деп атап келеміз.

Мысалы, сол заманда «көше академиясын» ашқан Сократ б.д.д. 5-ғасырда кез келген танымайтын адамды тоқтатып алып, оған «адамның кім екенін», «жақсылық пен жамандық не» деген философиялық сұрақтарды қояды екен. бастауы не екенін түсіндіруге тырысты. Әрине, ол өз уақытында «әпенді» атанды. Бірақ, ол осылай қазіргі Этика ілімінің негізін қалады. 

Б.д.д. 4-ші ғасырда ғылым атаулының классификациясын логикалық жүйеге келтіріп, дүниені ғылыми тұрғыда меңгеру тәсілінің негізін қалаған Аристотель шықты. Ал, философияны бар өмірінің мәні деп ұққан Диоген күндіз көшеде шам ұстап, «Мен адам іздеп жүрмін» деген әйгілі философиялық фразасын қалдырды. 

Ал, Аристотельдің ұстазы Платонның Мемлекет туралы еңбегі әлі күнге өзекті. Егер, біз оның жазғанынан «құл - зат ретінде сатылады» деген сол заманға тән ережені алып тастап, оның іліміне қазіргі заман гуманизмі тұрғысынан қайта сараптар болсақ – оның мемлекеттің мәні мен құрылу заңдылықтары туралы ілімі адамзатқа әлі де жол сілтеп тұрарлық қуатқа ие екенін байқамыз...

Бір замандарда Полистер қирады. Философия да ұмытыла бастады. Ол заманнан мың жылдан астам уақыттан кейін ғана, Араб түбегінде жаңа Империя құрыла бастады. Халифаттың алғашқы құрылуы мен күшеюі кезеңінде Философия қажеттігі  қайта алға шықты. Халифат астанасы Бағдат әлемдік ғылыми орталыққа айналып, оған жан жақтан таланттар жинала бастады. Осы кезде Ежелгі Гректер еске түсіп, олардың ілімі қайта жандана бастады. Себебі, ғылым - мемлекеттің өмір сүруін қамтамасыз ететін құрал болды. Онсыз даму мүмкін емес еді... Нәтижесінде, Философияның арқасында алып территорияны жаулаған Халифат жүздеген жылдар нәтижелі даму үлгісін көрсетті. Сол ортада көптеген түркі халықтарының өкілдері де өз ақыл-ойымен жарқырап көрінді, өз алдына философиялық мектептер қалыптастырды. Соның бірі – біздің арғы бабамыз әскери тархан (қолбасшы) Ұзақтың ұлы Әбунасыр Әл Фараби да болды. Ол өмір бойы Аристотель ілімін насихаттады, оны дамытты. Өзі де сол деңгейге көтерілді... 

Міне, біз тарихқа осы көзбен қарасақ, ол өне бойында даналық бастауынан тұратын, осы жолды таңдаған адамзат күш-жігері мен ақыл-ойын паш ету үлгісін көреді екенбіз.

Мұндай «философиялық үрдіс» қазіргі заманда да күшінде. Жалпы айтсақ, менніңше, 20-шы ғасыр – «саяси тартыстар заманы» болды дер едім. Өткен ғасырда адамзат бірнеше алапат дүниежүзілік соғыстарды бастан өткерді. Ол әлемде саясатты, саяси ойды алға шығарды. Сөйтіп, саясаттың ролінің артуы жиырмасыншы ғасыр  философиясының өзін де «саясаттандырып» жіберді. Философияда саясатқа ұқсас «лагерлер» пайда болды: оның ең бастысы философияның «материализм-идеализм» деп бөлініп алып, олардың бір-біріне бітіспес «ашық соғыс» жариялауы еді. Шындығында, материя мен сана - «бір бүтіннің екі жағы»  болып табылатын.  Бұл сұрақтың пайда болуының өзі де адам санасының дамуы эволюциясының жемісі болса, ол екеуін де ешкім терістей алмаушы еді. Сондықтан, бұл сұрақтардың өзі де саналы тіршілік иесі саналатын адамның, жалпы адамзаттың даму тарихы болатын. Ол ғасыр саясаты осы «философиялық тұтастықты» жойып, соған сай» қоғамдарды да бір-біріне қарсы қойды: сөйтіп, саясаттың да, оның идеологиялық бөлігі болып табылатын діннің де адамзатты лагерлерге бөлетіні, өзінің субъективтілігімен, яғни, бір халықтардың, не, бір діндердің артықшылығын дәріптейтін ұстанымдарымен мына тұтас әлемнің бірлігін қамтамасыз ете алмайтындығы анықталды... 

Оны тек өзінің универсалды табиғатына сай философия ғана қамтамасыз етіп, ол объективті тұрғыда адамзатты гуманизм негізінде біріктіре алушы еді. Бүгінде адамзаттың осы түсінігі күш алу үстінде. Адамзат соғыспен емес, бейбітшілікпен ғана Жер шарындағы ғұмырын бақытты ете алатыны анық – жиырма бірінші ғасыр осыны көрсетіп тұр... Сондықтан, бүгінгі «Жолшы» философиялық қоғамдастығының алғашқы отырысының тақырыбы «Қазіргі адамзаттың моральдік таңдауы және философияның ролі» деп аталатыны бекер емес деп санаймын.

Ендеше, қазір бізге осындай философиялық клубтардың көп болуы артық емес. Мүмкін, бұл болашақта еліміздегі жаңа философиялық мектептер қалыптасуының алды шығар. Оны біз білмейміз. Бірақ философияның бұл даму тенденциясын жоққа шығара алмаймыз. Ендеше, «Жолшы» клубының ашылуы құтты болсын. Оны ашып отырған философ Нұржан Құлымжановқа қажыр-қайрат тілейміз.

Тағы бір нәрсе бар, оны айтпай кетуге болмас.

"Философия – абстрактілі емес, нақты ілім,"- деп еді К.Маркс. Себебі, жер бетінде «Әлемдік философия» деп аталатын теория әлі жасалмады. Оны жасаймыз деген философтардың бәрі сәтсіздікке ұшырап, кез келген философиялық теория белгілі бір мәдени қабатқа қатысты екенін мойындаған. Бұл мойындау нені білдіреді? Бұл – философияның ой қорыту әлемі саналатын объективті реалдылықтың үнемі қозғалыста екенін, яғни, әйгілі Гераклиттің «Бір өзенге екі рет түсе алмайсың» деген сөзінің рас екенін растайды. Яғни, бұл философияның өз тарихында геосаяси тұрғыдан да, уақыт тұрғысынан да локалды болып келетінін көрсетеді. Олай болса, бүгін де қазақстандық философияға, қазақ философтарына «Бізге дейін бар жаңалықты айтып кетіпті, бізге соны қайталау ғана қалыпты» дейтін алаңдаушылыққа жол жоқ. Айтарымыз: Ойшыл адам – қай заманға да керек адам! Ойшылдық – әр заманның тренді!

Міне, осы мәселені біз үнемі есте ұстап, осыны өзіміздің философиялық кредомыз ретінде ұстанайық. Соған сай әрекет етейік.

Әбдірашит Бәкірұлы,

философ-публицист

 

Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Видео с выпускного "убило" всех родителей: кто это заснял?!
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Видео: малютка и бабуля обсуждают жизнь — умора
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Чтобы в постели с мужем проблем не стало, использую старый...
Пікірлер