Қазақстанда АЭС салу бойынша ықтимал ядролық технологиялар жеткізушілерімен жүргізіліп жатқан бәсекелестік диалог аясында Оңтүстік Кореяның KHNP (Korea Hydro & Nuclear Power) компаниясымен кездесу өтті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
«Тараптар атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастықтың перспективаларын, кадр даярлау, жергілікті өндірісті дамыту және бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады. Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев KHNP компаниясының заманауи реакторларды жобалау, салу және пайдалану тәжірибесін атап өтіп, халықаралық серіктестермен ашық әрі әділ бәсекеге негізделген диалог жүргізудің маңыздылығын ерекше атап өтті.
KHNP компаниясының бас директоры Чухо Уанг Қазақстандағы жобаларды жүзеге асыру үшін Оңтүстік Кореяның тәжірибесін ұсынуға дайын екенін мәлімдеп, екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге қызығушылық білдірді», - делінген Атом энергиясы жөніндегі агенттік хабарламасында.
Аталмыш кездесу Қазақстанда АЭС салу жобасы бойынша ықтимал ядролық технологиялар жеткізушілерімен жүргізілген келіссөздердің қорытынды кезеңі болды.