Қостанайда қала прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау бөлімінің аға прокуроры асылып өлді. Оқиғаның себептері анықталуда, - деп хабарлайды "Адырна" тілшісі Our Kostanay басылымына сілтеме жасап.
Қостанай облысы прокуратурасының баспасөз қызметі қайғылы оқиға 5 мамырда болғанын нақтылады.
"Қостанай облысы аумағындағы орман белдеуінде Қостанай қалалық прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау бөлімінің аға прокуроры Дархан Бисахаловтың мәйіті ағаштан табылды. 28 жастағы прокурор асылып өлді», - деп хабарлады басылым.
Ер адамның артында әйелі мен кішкентай қызы қалды дейді.
"Прокурордың өз-өзіне қол жұмсау фактісі Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді, Қостанай облысының полиция департаменті тергеу жүргізіп жатыр. Оқиғаның себептері анықталуда", - деп хабарлайды портал прокуратураның түсініктемелеріне сілтеме жасап.
Дархан Бисахалов еңбек жолын Денисов аудандық прокуратурасының прокуроры болып бастады. Соңғы лауазымы – Қостанай қаласы прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау бөлімінің аға прокуроры. Прокуратура органдарындағы жұмыс өтілі – 4 жыл.
"Адырна" ұлттық порталы