Үкіметке "Қаңтар оқиғасы" үлкен сабақ болды - Рүстем Ашетаев

3398
Adyrna.kz Telegram

Өз басым "Қаңтар оқиғасы" кезіндегі толқудың арасында болып, халықтың да, үкіметтің де қандай күйде болғанын көзіммен көріп, жаныммен сезіндім. 

Сол бір қазақ елі тарихындағы қаралы кезеңге де міне, жыл толды.

"Қаңтар оқиғасына" қысқаша тоқталып, одан кейінгі кезеңде Үкімет пен халықтың қатынасын бағамдаған ойларымды айтайын:

Қаңтар оқиғасына қатысты Үкіметтің беріп отырған бағасымен 80%-дай келісемін.

Ия, халық әуелгіде бейбіт митингі мақсатымен алаңдарға жиналды. Бірақ, бейбіт митинг деп басталғанымен, аяғы әп- сәтте заңсыздыққа, бұзақылыққа (террорға) айналып кетті.

Мұның бірнеше себептері болды:

Осы митингіні мемлекеттік төңкеріске ұластыру арқылы билікті басып алу мақсатын көздеген ұйымдасқан топ әлеуметтік желі белсенділері арқылы, халықты алаңға жинады. Әлеуметтік желілер мен месенжерлерді пайдаланып, халықты алаңға шақырған белсенділерге ешқандай кедергі келтірмей, керісінше, олардың қызу жұмыс жасауына мүмкіндік беріп отырғандай көрінді.

Көптеген белсенділер бұрын да азды-көпті бейбіт митинг ұйымдастырудың мәдениетіне үйренгендіктен, олардың халықты алаңға шақырудағы ниеттерінде мемлекеттік төңкеріске ұластыру мақсаты болмағаны анық.

Ол ниеттері бастапқыда талаптарын қойып, билікті диалогқа шақырып жатқанда көрініп-ақ тұрды.

Тек, халық шамадан тыс көп жиналған кезде, дауыс ұлғайтқыш, мінбермен қамтамасыз ету сияқты процедураларды істеп үлгермеді. Алаңға толған халық кімнің сөзін тыңдап, кімге ерерін білмейтін жағдайға жетті.

Тап, осы сәттерді өздерінің әуелгі мақсаттарына пайдаланғысы келген ұйымдасқан топтың арандатушылары халықты жаппай тәртіпсіздікке шақырып, митингілер ешқандай бақылауға келмейтін жағдай орын алды.

Артынша интернет пен байланыс үзіліп, халық қалада не болып жатқанынан хабарсыз қалды. Баласы мен туысын іздеп шыққандар да сол көшелердегі халықтың санын одан әрі көбейтіп жіберді.

Осылай қаланың бас көшелерінде әртүрлі мақсаттармен жүрген жұртшылыққа толды. Ешқандай нақты лидері мен жоспары жоқ нөпір халық арам ойлы топтың қолындағы құралға айналып кетті.

Арты қалай болғаны бәріне белгілі.

Ең өкініштісі сол, адамдарды алаңға шақырған әлеуметтік желі белсенділерінің өздері халықтың арасынан табылмады. Алаңға шақырудың жауапкершілігін мойындарымен көтере алмады.

Сондықтан, ел ақпаратты тек теле арналардан ғана алып отырды. Жергілікті теле арнадан екі бағдарлама ұйымдастырып, халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізуге мұрындық болдым.

Үйлерінде отырып, ахуалды аңдай алмай отырған халыққа мән-жайды түсінулері үшін оң нәтижесі болды деп ойлаймын.

Енді, одан кейінгі кезеңге келсек:

Үкіметке осы "Қаңтар оқиғасы" үлкен сабақ болды. Сондықтан, соңғы бір жылдың ішінде Президенттің тікелей бастамаларымен көптеген реформалар жүзеге асты.

Оның бәрін тізіп шығудың қажеті жоқ шығар.

Негізгілері:

  • Референдум арқылы жерді —халықтың меншігі деп тану;
  • Парламент пен жергілікті депутаттыққа сайлануға мажоритарлық жүйенің енгізілуі(Мәжілісте 30%, Обл. Мәслихаттар 50%, Аудандық Мәслихаттар 100% мажоритарлық жүйемен сайланады),
  • Ауыл әкімдерінің сайлау арқылы сайлануы;
  • Сенаттың құзіретінен Мәжілістің қабылдаған заңдарын кері қайтару құқығын алып тастау;
  • Президенттік мерзімнің 7 жылға бір-ақ рет сайлануы;
  • Елбасы статусының күшін жоюы;
  • Облыс әкімдерін депутаттардың дауыс беруімен шешілетін баламалы сайлау жүйесі;
  • Әкімдер мен олардың орынбасарларынан саяси құзіретін алып тастауы
  • Қаңтар оқиғасы кезінде түрлі себептермен қамаққа алынған азаматтарға амнистия жариялануы(ауыр қылмыстық баптармен ұсталғандардан басқасына) т.б.

Енді, Үкіметтің осы оқиғаға қатысты ұстанымына көңілім толмаған тұсы - Негізгі ұйымдастырушы ретінде тек К.Масимовтың ғана күдіктеліп қамалып отырғаны. Ол оның бәрін жалғыз ұымдастырмағаны, әрі, осы төңкеріс жасап билікті басып алғысы келген топтың қолындағы тек қуыршағы(орындаушысы) болғанын халық сезіп отыр ғой. Олардың қай клан екенін де. Солардың бәрі ашық айтылып, толық жазаға тартылуы керек деп ойлаймын.

Алда Парламент пен жергілікті Мәслихат сайлауында жаңа жүйемен сайланған депутаттарға үлкен мүмкіндіктер берілетіндігі белгілі болып отыр. Демек, дербес депутаттардың легі пайда болып, елге керек өзгерістерге солар үлкен ықпал етуі тиіс деген сөз. Халықтың өзі сайлаған депутаттарына үлкен жүк артылмақ.

Сондықтан, біреулердің популисттік пиғылдағы “Парламенттік Республика(жүйе) құру керек” деген сияқты сөздерінің ешқандай салмағы да, мәні де жоқ бос ұрандар деуге болады. Өйткені, алдағы депутаттық сайлаудан өткен депутаттарда онсыз да толықтай дербестіктері болады. Ол —үлкен тетік, түсінген адамға.

Менің ойымша елдегі саяси реформалар мұнымен тоқтамайды. Тек, ендігілерін осы жаңадан сайланған депутаттардың ұсыныстары арқылы жүзеге асыруға жол ашылмақ. Яғни, келесі өзгерістер депутаттар арқылы жеткен халықтың талап-тілектерімен жасалынуын жоспарлап отырған секілді. Бұл жағдай өз кезегінде еліміздегі азаматтық қоғамның дамуына, өкілдерінің мемлекет саясатына белсенді араласуына жол ашады.

Осылайша, алдағы кезеңде ықпалды азаматтық қоғам қалыптастыру— Президент стратегиясындағы ең негізгі басымдық деп ойлаймын.

Ашетаев Рүстем Есімханұлы

Шымкент қалалық қоғамдық кеңес мүшесі

 

Пікірлер