«Күте алмаймыз». Құлсарыда су тасқынынан зардап шеккендер алаңға жиналды (ВИДЕО)

1185
Adyrna.kz Telegram

Атырау облысы Құлсары қаласында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар орталық алаңға жиналды. Олар биліктен баспана шығынын өтеп, бір шаршы метр үшін 400 мың теңге төлеуді талап етіп отыр, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі «Ақ Жайық»  басылымына сілтеме жасап.

Ондаған құлсарылық талаптары орындалмайынша алаңнан кетпейтінін мәлімдеді. Жиналғандардың бірі, үш баланың анасы Жазира Құлмұханова туыстарымен бірге тұрудан шаршағанын айтты. Ол өз мәселесін шұғыл түрде шешуді талап етті.

«Үкімет суға кеткен үйдің алаңының әр шаршы метрін 400 мың теңгеден есептесе, қалаған жерден үй сатып алар едік»,—деді ол.

Ал Толқын Қожахметова бір реттік 369 мың теңге көлеміндегі материалдық көмек есебінен сарай жалдап отырғанын мәлімдеді.

«Жасымыз 60-қа келгенде біреудің сарайында отырмыз. Тым жақсы, үп-үлкен үйіміз болды. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырдық, енді рахат өмір сүрдік пе дегенде, міне, мынадай жағдай болып отыр. Бізді далаға қуып шықты. Ақшамызды берсін. Есепшотымызға аударсын. Үйді өзіміз саламыз»,—деді Қожахметова.

Алаңға жиналғандармен Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражанов пен орынбасарлары Гүлнафиз Айшуақова мен Нұрболат Сарманов кездесті. Әкім барлық тұрғын үй шығынының төленетінін айтты. Алайда тұрғындар құр уәдеден шаршағандарын жеткізді.

«Әкім зардап шеккен нысандарды бағалау нәтижесі 15 мамырдан кейін шығады деп уәде берді. Алайда бұған дейін ол 2 мамырда жарияланады делінген. Біз әрі қарай күте алмаймыз!»—деді халық.

Пікірлер