Бірінші, Тәлибанның құрлымын шамалап болса да мынадай үш негізгі қабатқа бөлуге болады. Ең үстіңгі қабат: ымырашыл, ынтымақтастыққа жақын, біраз елдің саяси мәдениетімен танысып үлгерген, алақаны ойылмаған, жағасы кірлемеген өзінше ақсүйектік деңгейге жеткен аз санды топ. Бұл топтың кейбір тұлғалары Пакистанда кейбірі қандайда бір белгісіз орындарда білім алды, араларында ғылым докторлары да жоқ емес.
Бірқанша шет тілін сауатты біледі. Батыс пен Шығыстың саяси, мәдени хал-ахуалынан хабары бар, өзінше саяси ойын жоспарлай алатын қабілетке де ие, обал мен сауап қайсы, адамның басты құқы не екенін түсіне білетін, бір ауыз сөзбен айтқанда қазіргі өркениет құндылықтарын бағалай алады. Бірақ сөйте тұра Ауғанстанды толықтай ислам құндылықтарымен басқарылатын шариғат еліне айналдырамыз дейді. Осы топ өкілдері қалай, қашан, қайтып қалыптасты бізге сол қызық. Егер Тәлибан мәселені қарумен шешуді жалғастыра берген болса әлде қашан жойылып кететін еді. Шыны керек дипломатиялық келіссөздер Тәлибанның есіктегі басын төрге сүйреді. Аталмыш топ 2010 жылдан кейін алпауыт елдермен Ауғанстанға байланысты түйіткілдерді дипломатиялық пікір-таластар негізінде шешуді бастады. Осы жері өте қызық біз үшін. Атап айтқанда, сол датадан бастап Тәлибанның "жаңа саяси элитасы" қалыптаса бастады.
Екінші, жаңағы топтың екінші қабаты қару асынған әскери топ өкілдері. Бұл топтың өкілдері аймақтық, аумақтық ерекшеліктерге байланысты көлемді жақтан екі тармаққа, көмескі жақтан 5-6 жікке бөлінген. Тәлибан билікке келген күннен бастап бұл топ өкілдерін ауыздықтап отыруы қиынға соғып жатыр. Осы топтың кейбір жуан жұдырықтылары әкімшілік тағайындауларды өз құзырына алғысы келетінін байқатып жатыр яғни кім әкім, кім бастық болады өзіміз тағайындасақ дейтін сыңайлы, Неге? Өйткені Ауғанстанның асты-үсті табиғи қазба байлыққа толы мемлекет. Тіпті кейбір өңірлерде Қытайдың немесе шетелдің миллиардтаған қаржы нысандары, бинзес обьектілері бар. Есірткі өндірісінің белді ошақтары да жоқ емес. Соларды уысына ұстап қалуы маңызды... Сол себепті екінші топтың кейбір қарулы шонжарлары (көбінде әскер бар) Тәлибанның ақжағалы, аппақ өңді, сәлделі элитасын тыңдамай қоюуы әбден мүмкін. Қазірше медиа арқылы біз "ақжағалы, ақ киімді, ымырашыл" Тәлибанды көріп жатырмыз. Шын мәніндегі Тәлибанның кескін бейнесі практика жүзінде анықталады...
Үшінші, Тәлибанның ең төменгі жігі қарабайыр, дүмше, мәдени деңгейі қалыптасып үлгермеген топ өкілдері саналады. 40 жылдан бері соғыс өрті толастамаған Ауғанстанда екі буын ұрпақ ауысып үлгерді. Дәлірек айтқанда осы уақытта екі-үш буын ұрпақ оқусыз (білімсіз), мәдениетсіз күйде қатарға келіп қосылды. Былайша айтқанда толықтай қара тобырға айналды десек те болады. Бұл топқа ешнәрсе қызық емес, тек тайпа ақсақалы, молда-шейх не десе, сол заң. Осы топ өкілдері жік-жікке айшықтала бастаған Тәлибан өкілдерінің саяси, әскери құрбанына айналуы бек мүмкін.
Төртінші, ондай болса Тәлибанның өз ішінде азамат соғысы туып кетпей ме деген күдікті сауал сап ете түседі?. Осы өз ішіндегі жікшіл құрлымдарды Тәлибанның ақжағалы элитасы ұстап тұра ала ма, әлде Тәлибан өз ішінен аймақтық блоктарға бөлініп әр топ милитаристері саяси билікке қол жеткізу үшін бір-бірімен қырқысып кетпей ме деген күдік басым. Ауғанстан онсыз да этникалық және діни алақұлалықтың ошағы емес пе.
Бесінші, егер Тәлибан өз ішінен жік-жікке бөліне түссе Ақш, Еуропа, Қытай, Ресей, Пакистан және Иран өзіне бейім Тәлибан шонжарларымен жекелеген келсімдерге отыра бастауы мүмкін. Бұл қытайшыл тәбибан, пакистаншыл тәлибан, ресейшіл тәлибан, батысшыл тәлибан дейтін саяси бөлінулерді әкеп соғыуы мүмкін.
Алтыншы, саяси бақталастық сосын әкімшілік билік құзыретін одан ары күшейту мақсатында Тәлибанның кейбір шонжарлары Ауғанстандағы этникалық қақтығысты және Тәлибанға қарсы басқа діни топтарды (ДАЕШ сияқты) өзіне бақталас Тәлибанның басқа шонжарларына айдап салуы да мүмкін. Бұндай болғанда ДАИШ ұйымының осыдан кейінгі іс-қимылы тіптен күдік ұялата түспек...
Жетінші, Алпауыт елдер (Қытай, АҚШ) немесе аймақтық державалар (Пакистан, Иран, Ресей) Ауғанстандағы мүдделерін арттыру мақсатында Тәлибан ішіндегі алауыздықты біршама сәтті пайдалана отырып Ауғанстанға, Орталық Азияға, Үнді Тынық Мұхит аймақтарына саяси, әскери стратегиялық пландар құруы бек мүмкін. Демек 31 тамыз әлемнің саяси тарихында дәуір бөлгіштік сипат алуы мүмкін деген сөз. Яғни бүгінгінің технологиясымен, стратегиялық ойын шарттарымен, саяси һәм экономикалық қажеттіліктерімен сәйкесетін жаңа бір тайталас, жаңа бір үлгідегі текетірем басталған болуы мүмкін.
Сегізінші, Ауғанстанға көрші елдердің бұл аймаққа байланысты саясаты жаңа форматта дами түсуі мүмкін. Мысалы Иран, Ауғанстандық шиттерді астыртын қолдап, қаржыландыратын. Пакистан, Ресей және Қытай да Ауғанстандағы этникалық-діни жіктердің кейбірін қолдап, кейбірін пайдалатып отыратын. Енді бұл саясат Тәлибандардың билікке келуімен жаңа бір деңгейге көтерілуі мүмкін. Мысалы Тәлибан алғаш рет Иранмен 23- тамыз күні мұнай-газ келсімін жасады. Пакистан Түркіменстанмен TAPI проектісі туралы, оның Ауғанстан территориясындағы қауіпсіздігі туралы келіссөз өткізді.
Тоғызыншы, Ауғанстандағы Өзбек-Түрікпен, Тәжік, Хазара блогы гео-стратегиялық саясаттың құрбанына айналып жаппай құлдырау кезеңіне өтті. Олардың саяси тұлғалары 20 жыл бойы өз күшіне өзі сеніп бейғам жатты. Шын мәнінде 20 жылда көп дүние өзгерді. Мысалы өзбектер совет сосын кейінгі Өзбекстанның Ауғанстан саясатында басты стратегиялы нысан болатын. Рашид Достум 5-6 уалаятты өзі меңгеріп солтүстік Ауғанстанда "мемлекет ішінде мемлекеттей" өмір сүрді.
Бірақ, соңғы 2-3 жылда оның құзыреті төмендей бастады, мұны сезген Өзбекстан ел аман-жұрт тынышта Тәлибанды Самарқан мен Бұхараға шақырып құпия келіссөз өткізді. Кейін Дохада тағы кездесті. Қазір Тәлибанның қас қабағы бойынша Достумды қабылдамады, мигрант өзбектерді қош көрмеді, қашқан Ауған армиясын қайтару тақырыбын талқылап жатыр.
"Адырна" ұлттық порталы