Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған елде өтіп жатқан жаппай наразылық акцияларына байланысты мәлімдеме жасап, билік "көшедегі террорға" төзе алмайтынын жеткізді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы РИА Новости агенттігіне сілтеме жасап.
"Маргиналды топтардың соңынан еру, полицияға шабуыл жасау, судьялар мен прокурорларға қауіп төндіру, демократия мен ұлттық ерік-жігерге қарсы тұру – бұл ел үшін ешқандай нәтиже бермейді. Түркия көшеде табылған мемлекет емес. Біз көшедегі террорға бағынбаймыз", – деді Ердоған.
Оның айтуынша, Түркия билігі елдің тұрақтылығына қауіп төндіретін кез келген әрекетке жол бермейді.
19 наурызда Стамбул прокуратурасы қаланың мэрі Экрем Имамоғлу жемқорлық, парақорлық және террористік ұйымдарға көмектесу ісі бойынша тергеуге алынғанын хабарлады. Оппозиция өкілі Имамоғлу бұл айыптарды жоққа шығарып, биліктің қысымына қарсы тұратынын мәлімдеді.
Осы оқиғадан кейін Анкара мен Стамбулда мыңдаған адам наразылық шерулеріне шықты. Билік қауіпсіздік шараларын күшейтіп, жексенбіге дейін кез келген митинг пен демонстрация өткізуге тыйым салды.
Түркияның ішкі істер министрі Әли Ерлыкая наразылықтар кезінде 16 полицейдің жарақат алғанын хабарлады.
Бұл оқиға Ердоған мен оппозиция арасындағы күресті одан әрі шиеленістіре түсті. Имамоғлуны алдағы мерзімінен бұрын өтетін президенттік сайлауда Ердоғанның басты қарсыласы ретінде қарастыратындар көп.