Талибан қозғалысы Батыс елдерінен Ауғанстан халқына репарация төлеуді талап етті

158
Adyrna.kz Telegram

Талибан қозғалысы Батыс елдерінен, оның ішінде НАТО-ға мүше мемлекеттерден, 20 жылдық соғыс кезінде зардап шеккен ауғандықтарға репарация төлеуді талап етті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ТАСС агенттігіне сілтеп.

Талибанның ресми өкілі Забихулла Муджахидтің айтуынша, әскери оккупация кезінде зорлық-зомбылыққа ұшырағандарға өтемақы төленуі тиіс.

Бұған дейін британдық The Daily Telegraph газеті Ұлыбританияның арнайы қызметі (SAS) Ауғанстандағы бейбіт тұрғындарды, соның ішінде балаларды қасақана өлтірді деген айыптаулар туралы жазған. Қоғамдық тыңдаулар кезінде құпия куәгер (N1799 шифрімен белгілі) Ұлыбританияның арнайы күштері жасөспірімдер мен ер адамдарды ешқандай қауіп төндірмесе де, нысанаға алғанын мәлімдеді.

"Ауғанстанда тек британдықтар ғана емес, Еуроодақтың атынан әрекет еткен 47 ел де әскери қылмыс жасады. Бұл істі тергеу үшін Гаага соты арнайы комиссия құруы тиіс. Өтемақы төлеумен қатар, олар халықаралық соттар алдында жауап беруі керек," — деп мәлімдеді әскери сарапшы Залмай Ауғаньяр ToloNews агенттігіне берген сұхбатында.

The Guardian басылымы да британ әскерінің Ауғанстандағы әскери қылмыстары туралы мәліметтерді жариялады. Басылымның мәліметінше, 2010-2013 жылдар аралығында Гильменд провинциясындағы миссиялар кезінде кем дегенде 80 бейбіт тұрғын қаза тапқан. Бір британдық сарбаз алты ай ішінде 35 бейбіт ауған азаматын өлтірген.

Талибан өкілдері Ұлыбритания және басқа НАТО елдерінен бірнеше миллиард доллар көлемінде репарация талап ететіндерін алғаш рет 2021 жылдың күзінде мәлімдеген еді.

Талибан — Қазақстанда және басқа елдерде тыйым салынған ұйым.

Пікірлер