Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ: Абылай ханның императорларға жазған хаттары

2916
Осыдан екі жыл бұрын Бекен Қайрат Аға Егемен қазақстан да жариялаған Абылай хаңның хаттары атты мақаласы.
Абылай және сол дәуірдегі көптеген қазақтар үшін ойрат тілі түсінікті болған әрі мемлекеттік тіл ретінде қатар қолданылған.
Бірнеше айдың алдында елордадағы Қазақстан Қарулы күштері Әскери-тарихи музейінің көшпелі көрме ұйымдастырылатын төменгі экспозиция залында, қазақ тарихына қатысты Омбы мұрағатынан жеткізілген, ХVIII ғасырға тән құжат-хаттарды көріп көзайым болған едік. Осындағы құнды жәдігерлер қатарынан қазақ ханы Абылайдың әр жылдары Қытай елінің императоры Цияньлунға жазған хат-хабарлары орын алыпты.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ
Көрме төріндегі 7 хаттың 5-уі ойрат-моңғол тілінде және тод (төте) жазуымен жазылыпты. Осындағы тод жазуының тарихына тоқталсақ, мұны 1648 жылы ойрат-моңғол оқымыстысы Зая Банди деген адам жасапты. Бұл кісі іргелі ұлыстың Солқанатын (Жоңғар) құрайтын моңғолтекті тайпалардың тілдік интонациясына бейімдеп, Шыңғыс қағаннан бері пайдаланып келе жатқан ұйғыр-моңғол жазуын реформалау арқылы тод жазуын ойлап тапқан екен.
Бұл жазудың басты ерекшелігі – тибет, санскрит, манжу тілдеріндегі әріп­тер­дің дыбысталу үндестігін толық сақ­­­­тай алады. Сол себепті ХVIII-ХІХ ға­сыр­­­­ларда бұл жазу қытай-моңғол-қазақ қаты­­­насының хат алмасу құралы бол­ған сыңайлы. Бұл жазуды қазіргі Қалма­қия Рес­публикасы 1924 жылға дейін ке­рек­тенсе, Шыңжаң өлкесіндегі моңғо­лтек­ті халықтар күні бүгінге дейін қолдануда.
Ал қазақ ханы Абылай не себептен орданың дипломатиялық хат-хабарын ойрат-моңғол тілінде тод жазуымен жүр­гізді. Оған тарихшылар жауап бере жатар.
Қазақ ордасы қытай және ойратпен қа­тынас қағаздарын тод жазуымен жүр­гізгені жайлы қазақ ғалымы Шоқан Уәли­хановтың жазбаларында айтылады. Ғалым өзінің бір еңбегінде: «Малайсары ба­тырға жоңғар қонтайшысы Қалдан Серен «тархан» атағын бергені жайлы құжат қалмақ тілінде тод жазуымен жазылған екен. Оны батырдың ұрпақ­тарынан алып, туысым Абылай Ғаб­бас­ұлы­на оқыттым» дейді. Осыған қара­ған­­да, қазақтың орда мансаптылары тод жазуын толық меңгерген сыңайлы.
Төменде жарияланып отырған екі хаттың мәтініне келер болсақ, бұл құжаттар ілгеріде ресейлік манжу-қытай­танушылар (Н.С.Яхонтова, Т.А. Пан) тарапынан зерттеліпті. Десе де, біз көрмедегі тұпнұсқа мәтінді Бейжіңдегі Қытай Халық Университетінің магистрі, ойраттанушы Л.Енхсаруыл (Энхсаруул) және Моңғолия Ғылым академиясының Тарих және археология институты­ның жетекші ғылыми қызметкері, ойрат тілінің маман С.Амарбайырларға жіберіп, олардың оқыған нұсқасы­мен жоғарыдағы ресейлік ғалымдар­дың аудармасын салыстыра отырып, мәтінді қазақшаладық. Аңғарғанымыз ресейліктердің аудармасында қазақ ханын тым қораш һәм жалынышты етіп көрсетуге тырысқаны байқалады.
Бірінші хат
Бұл құжат туралы анықтамалықта: «Манж-қытай патшасы Цяньлунға 1757 жылы жазған Абылайдың хаты» делініпті.
Хаттың көне ойратша, қазіргі моңғолша және «Эпистолярное наследие казахской правящей элиты 1675-1821 гг» атты екі томдықта жарияланған орысша нұсқасын салыстыра отырып, біздің түйгеніміз мынау:
1-хат
«Ұлық мәртебелі патшаның құзырына үшбу хат жолдаймын. Менің бабам Эшим (Есім) хан, Янгир (Жәңгір) ханнан бері сіздің жарлығыңыз бізге жетпеген еді. Енді біз сіздің жарлығыңызды есітіп, оны қабыл алуға бек шаттандық. Мен, Абулай (Абылай) өз ұлдарыммен һәм қарауымдағы бұқарамен сізге бодан болдық. Сіздің тарапыңыздан болатын әрбір ұлық ілтифатыңызды қабыл көреміз. Жеті бас (адам), елші он бірміз.
[Құстұмсық қос мөрдің ішіндегі жазу]: «Қазақ ханы Абылайдың мөрі», «Абылай­д­ың кіші інісі Әбілфейіздің мөрі».
Екінші хат
Бұл құжаттың мұрағаттық анық­тамалығында: «Қазақ ханы Абылай манжу-қытайлық Цин империясының патшасы Цяньлунға Тарбағатай губернаторы арқылы ойрат тілінде 1774 жылы жіберілген хаты» делініпті.
5-хат
Бұл құжаттың қазақша аудармасы жоғарыдағы тәсіл бойынша жасалды. Мұндағы мәтінде: «Тәңірінің жарыл­қауы­мен заман би­леу­шісі жо­ғарғы мәртебелі Боғда иеме баяндаймын. Көкейімдегі ойым бұл. Біздің қазақтар ауызша ақылдасады, жазбаша баяндайды. Олар (басқа) адамдарға ұқсағанымен тағы құландар сияқты өзгеше жұрт. Иемнің жарылқауымен жа­йылымды болдық. Мал басымыз өсті. Жасағанның жарылқауымен иелігімнің шығыс шекарасы Чоргоға (Шорға) дейін, оңтүстіктігі Шарабэлге (Сарыбел) жетті. Ортасы Лэбси (Лепсі) ойпатын мекен етудемін. Бұлда тәңірдің берген сыйы. Мен түпкі мақсатым мен бүгінгі жағдайды пайым­дай келе бодан болдым. Бұл ұрпақ болашағы үшін жасалған іс. Менің болашақ ізбасарларым сақтау үшін қызыл мөрлі билеуші таңбасын беруіңізді өтінем» деп жазылыпты.
Жоғарыдағы хатта айтылған кейбір жер атауларына тоқталсақ:
Шорға (Чорга) – Шығыс Қазақ­стан облысы, Тарбағатай ауданы Қабанбай ауыл­дық округіне қарасты шағын елді­мекен. Қазақ батырлары 1750 жылы Тар­ба­ға­тай өңірін ойраттардан азат ету үшін та­ри­хы­мызда «80 күн Шорға соғысы» деп аталатын шешуші майдан осы жерде өткен.
Сарыбел (Шарабэл) – қазіргі Алматы қаласынан солтүстік-шығыстағы Сарытауқұм шөлінен Қапшағайға дейін созылып жатқан кең өлке.
Лепсі (Лэбси) – Жетісудың шығыс бөлігінде ағып жатқан өзен. Жоңғар Алатауынан бастау алып, оңтүстікте Балқаш көліне құяды. Алматы облысының Алакөл және Сарқанд ауданы жерінен ағып өтеді.
сайтынан алынды 
Пікірлер
Редакция таңдауы