Қытай ядролық емес сутегі бомбасын сынады. Бұл нені білдіреді?

1419
Adyrna.kz Telegram

Қытай сынақтан өткізген ядролық емес сутегі бомбасы қауіпсіздік құралы ма, әлде технологиялық жетістік пе? 

Қытай әскері жаңа типтегі жарылғыш құрылғыны сынақтан өткізді.  South China Morning Post басылымының хабарлауынша, бұл – радиоактивті компоненттер қолданылмайтын, бірақ күшті жалын туғызатын «ядролық емес сутегі бомбасы» деп аталған жаңа қару. Ядролық емес сутегі бомбасы қуатты қару ма, жоқ әлде озық технология ма?

ТРОТИЛ ЖАРЫЛЫСЫНАН ДА КҮШТІ 

Жаңа құрылғының салмағы небары екі килограмм болса да, ол температурасы 1000°C-тан асатын отты шар қалыптастырып, оны екі секундтан аса уақыт ұстап тұрады – бұл кәдімгі тротил жарылысынан 15 есе ұзақ. Мұндай ұзақ әсер ету уақыты кең аумақта жылулық зақымды едәуір арттырады.

Бомбаны жасаумен Қытайдың мемлекеттік кеме жасау корпорациясына (CSSC) қарасты 705 Ғылыми-зерттеу институты айналысқан. Бұл әскери-теңіз технологиялары мен суасты жүйелері бойынша маманданған мекеме. Бомбаның энергия көзі ретінде магний гидридіне негізделген қатты күйдегі сутегі аккумуляторы қолданылады. Жұмыс барысында сутегі құрамы бар газ тез бөлініп, бірден тұтанады.

Ғалымдардың айтуынша, жаңа технология жарылыстың күшін және бағытын дәл бақылауға мүмкіндік береді. Ал ұзаққа созылатын жалын үлкен аумақтағы нысандарды зақымдауға өте тиімді. Жарылыс толқынының қысымы эпицентрге жақын жерде 428 кПа-ға дейін жетеді – бұл көлемі ұқсас тротил жарылысынан 40 пайызға аз болса да, оның ыстық жалынының зақымдану аймағы әлдеқайда кең.

Сарапшылар атап өткендей, мұндай сынақтар формалды түрде ядролық қаруды таратпау келісімдерін бұзбайды. Құрылғы қолданысқа енгізілмейтіндіктен халықаралық қауымдастық тарапынан тиісті санкциялар салынбайтын сияқты. Бірақ бұл ядролық материалдарды қолданбай-ақ үлкен залал келтіретін оқ-дәрі жасауға болады деген прецедент тудырады. 

Еске сала кетейік, 2024 жылдың күзінде Қытай 1980 жылдардан бері алғаш рет сынақ ретінде оқтұмсығы бар құрлықаралық баллистикалық зымыран ұшырған болатын. Ол зымыран шамамен 12 мың шақырым қашықтыққа ұшып, Француз Полинезиясы маңына құлаған. Сарапшылардың пікірінше, бұл Қытайдың негізгі стратегиялық зымырандарының бірі – DF-41 немесе DF-5 болуы мүмкін.

«БОЛЖАМ АЙТУ ҚИЫН»

Бұл жаңалыққа Қытаймен шекаралас жатқан Қазақстан үшін ерекше мәнге ие болуы керек. Аймақта ядролық емес, бірақ жоғары тиімді қару түрлерінің дамуы халықаралық қауіпсіздік саласында жүйелі талдауды талап етеді.

Әскери сарапшы Амангелді Құрметұлы ядролық емес сутегі бомбасының технологиялық жаңалық екенін ескертті.

«Сутегі бомбасын ядролық емес сипатта жаруға бола ма, болмай ма, оны физиктерден сұрау керек негізі. Өйткені осы күнге дейін сутегі бомбасы ядролық қару болып есептелген. Ал енді ол қандай реакциямен жарылды, термоядролық па, жоқ әлде басқа ма, ол жағын да нақты білмей отырмыз. Бірінші кезекте оның жарылыс толқыны қанша метр немесе километрге барады және қанша температура эпицентрінде қыздырады деген детальдар ашық болмай тұр. Тек қана профильге қарағанда көбірек жанады деген ақпарат шыққан. Одан басқа ақпаратты білмейміз», - деді ол.  

Айтуынша, бұл құрылғы стратегиялық мақсатта, яғни бір қаланы немесе үлкен қойманы жою үшін пайдалануы мүмкін. Ал енді ұдайы қозғалыста болатын техникалар мен тактикалық маневрларда болатын күштерді жоюуда тым қатты әсер ете қоймайды. Бір әскери бөлімді жарғанымен әскердің қалған бөлігі окопта немесе басқа жерде болып, аман қалуы мүмкін. 

«Бұл тұрғыдан келгенде қандайда бір болжам айту қиын», - дейді Амангелді Құрметұлы.

«ҮЗДІК ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ЖЕТІСТІК БОЛАР»

Әскери сарапшы «қалай болғанда да бір біріне қаруының күшін көрсететін әлемде жаңа бір бағыт пайда болып жатыр» деп санайды.

«Әскери технологияны жария түрде көрсету бір жағынан АҚШ пен Ресейге бұлшық етін көрсету деп ойлаймын. Жалпы мұндай қарудың жалпы нақты прагматикалық күші немесе пайдалы тұсы не екенін ешкім болжай алмайды. Қолға түскен дерек бойынша жарылыс күші жойқын болғанымен онда ең бастысы радиация жоқ. Әйтсе де бұл қару қандай мақсатта қолданылады? Бәлкім үлкен қалалар мен ірі қойма, арсенал немесе ұшақ тасымалтайтын кемені бомбалайтын болса, онда іске жарайтын шығар. Одан артық практикалық мәнін көріп тұрған жоқпын», - дейді ол.

Қытайдың ядролық емес су тегі бомбасын сынақтан өткізгеніне әлемдік БАҚ аса назар аударған жоқ.

«Бір қызығы – Қытайдың ядролық емес су тегі бомбасы туралы ақпаратты әлемдік БАҚ аздап қана жазған болды. «Ойбай сұмдық қару екен» деп шу көтеріп, байбалам салғандарын көрген жоқпын. Негізі мұны технологиялық үздік жетістік деп бағалауға болады. Мүмкін Қытайдан басқа АҚШ-та әр түрлі сынақтар өткен шығар. Бірақ ашық дереккөздерде дәл сутегінің ядролық емес бомбасы бар дегенді бұрын-соңды естімеген екенмін. Мысалы әлемде бетон тесетін, жер асты бетонын тесіп кіретін бомбалар бар. Американың GBU-57 деген 61 метр жер қыртысын және 19 метр бетонды тесетін бомбасы бар», - дейді әскери сарапшы.

Серік Жолдасбай

«Адырна»



Пікірлер