Өнеркәсіп және құрылыс министрінің орынбасары Қуандық Қажкенов Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында бордюр ауыстырғыш әкімдерге қашан тоқтау болатынын айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Астананың Нұра ауданында жол жиегіндегі бордюрлер мен тас төсеніштерді ауыстырып жатыр. Халық арасында бұл сыбайлас жемқорлыққа жол ашатын тәсілдің бірі деген түсінік қалыптасқан. Осы бордюр ауыстырғыш әкімдерге шектеу бола ма?», - деп сұрады журналист.
Қуандық Қажкенов бордюр ауыстырудың нормативі болатынын айтты. Мемлекет бұрын құрылыс жұмыстарына берілетін кепілдік мерзімін 2 жылмен шектеп келсе, енді 5 жылға ұзартпақшы екен. Оның айтуынша, бұл да өз кезегінде бордюр ауыстырғыш әкімдерге тыйым болады
«Біз министрлік атынан саясатты белгілейміз. Саясат бойынша әр материалдың, әр құрылыстың жарамдылық мерзімі бар. Соның аясында жергілікті әкімдіктер өз жұмысын істейді. Сіз айтқан бордюрлер мен брусчаткаларды ауыстырудың өз мерзімі бар. Қазір әкімдіктер бүкіл құрылысты қағаз жүзінде ғана жүргізбеу үшін электронды жүйені енгізіп жатырмыз. Зерттеу актісі, техникалық зерттеу, бордюрдің ескіру көрсеткіші, төзімділік қасиеті сияқты мәліметтердің бәрі электронды жүйеге енгізіледі.
Құрылыс компанияларының нақты қандай жұмысты қандай сапада орындағанын осы электронды жүйеден қадағалауға болады. Қосымша қадағалау жұмыстарын да ешкім қолданыстан шығарған жоқ», - деді вице-министр.