Каспий теңізінің деңгейі төмендеп жатыр. Соның салдарынан Ақтау портында кемелер мен танкерлердің түбі тиіп қалуда. Бұл туралы Ақтау халақыаралық теңіз сауда портының бөлім бастығы Ерболат Тілепиев айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Құрғақ жүк кемесінің жүк көтергіші 6500 тонна болса, қазір 5500 тоннаға дейін жүк тиеліп жатыр. Себебі 6 мың тонна жүктесе, асты тиіп қалады. Жыл соңына дейін тереңдету жұмыстарын жүргізбесек, теңіз деңгейі одан әрі төмендей берсе, кемемен тасымалдау тиімсіз болмақ»,—деді ол.
Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, мамыр айынан бастап Ақтау портының акваториясы тереңдетіледі. Теңіз түбін 1,5 метрге дейін қазып, тереңдігін 7,5 метрден асыру көзделген.
Айта кетейік, Ақтау порты арқылы Әзербайжан, Ресей, Иран және Түрікменстан елдеріне мұнай, астық, метал, басқа да жүктер мен контейнерлік жүктер тасымалданады.
Бұғпн дейін теңіздегі экологиялық апат мәселесін көтерген едік. Маңғыстаулық эколог Орынбасар Тоғжанов «Адырна» тілшісіне берген сұқбатында Каспий теңізінің төмендеу үрдісі жиілеп, рекорд деңгейіне жеткенін мәлімдеген болатын.