Су тасқыны кезінде 10 жастағы бала квадроциклмен құм тасыған. Нәтижесінде баланың ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 200 мың теңгеге жуық айыппұл арқалады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Оқиға Тепличное ауылында тіркелген. Әлеуметтік желілерде тараған патриоттық сипаттағы бейнежазбада жас бала құм салынған қаптарды квадроциклмен тасып, ересектерге көмектесіп жүргені көрсетілген. Видео көпшіліктің қызығушылығын тудырып, екі түрлі пікір туғызды. Бірі баланың белсенділігіне риза болса, енді бірі ата-ананың жауапкершілігін сынға алды.
Аталған видеода бейнеленген сәтте өңірде су тасқынының үшінші толқыны шарықтау шегіне жетіп, бөгет маңы қауіпті аймақ саналған болатын.
Бұл жайтқа құқық қорғау органдары да назар аударды. СҚО Полиция департаментінің мәліметінше, 34 жастағы ауыл тұрғыны ҚР ӘҚБтК 612-бабының 5-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
"26 сәуір күні Тепличное ауылында бөгетті бекіту жұмыстары кезінде ер адам 10 жасар ұлына квадроцикл тізгінін берген. Бұл үшін оған 50 АЕК көлемінде, яғни шамамен 200 мың теңге айыппұл салынды", – делінген полиция хабарламасында.
Тәртіп сақшылары ата-аналарды төтенше жағдай кезінде балалардың қауіпсіздігіне ерекше мән беруге шақырды.
"Әсіресе төтенше жағдай кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау маңызды. Балалардың өмірі мен барлық қатысушылардың қауіпсіздігі – басты назарда", – деп мәлімдеді полиция өкілдері.