Мирас МҰҚАШ: Пандемия кезіндегі журналистік жанкештілік еріктілердің ерлігімен пара-пар

5318
Adyrna.kz Telegram

«Адырна» ұлттық порталының бұл жолғы сұхбаты «Қазақстан» РТРК АҚ Ақтөбе облыстық филиалы «AQTÓBE» телеарнасының директоры, белгілі журналист Мұқаш Мирас Құлтөлеуұлымен болды.

- Мирас мырза, сіз «AQTÓBE» телеарнасының басшысы болғалы бері арнада қандай өзгерістер орын алды?

- Басшылық қызметке 2019 жылдың 5 желтоқсанында тағайындалдым. Меніңше арнаның тек қана техникалық базасы ғана емес, адамдары да жаңарып тұру керек. Жалпы, мен келгелі ұжымымыздағы бірнеше білікті маман Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына жұмыс бабымен ауысты. Өйткені, журналист бір орында тұрмау керек. Әрдайым ізденісте, алдыға жылжып отыруы керек. Сондықтан біздегі біраз журналистер республикалық, орталық арналарға ауысты. Біз соған жол ашып, қолдау білдіріп, тілшілік мансаптарының өрлеуіне мүмкіндік бердік.

Негізінде AQTÓBE телеарнасы эфирге тәулігіне 14 сағат хабар таратады. Жеке бағдарламалардың орташа хронометражы 10-20 минут. Тікелей эфирдегі хабарлар 30-50 минут аралығында. Жанр бойынша ақпараттық, сараптамалық, ойын-сауық және танымдық бағдарламалар бар. Эфирдің 72 % өзіндік өнім. Эфирге 52 бағдарлама шығады.  Өзге де аймақтық телеарналардан артықшылығымыз деп, біздің барлық бағдарламаны филиал қызметкерлері өздері дайындайтынын айта аламын.

Телеарнаның қазір 90 пайызға жуығы жастармен толықты. Әл Фараби атындағы ҚазҰУ, Сүлеймен Демирел атындағы университет, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясы, елордадағы «Шабыт» Өнер Университеті, Л.Гумилев атындағы Университет және Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ бітірген жас мамандармен қатарымыз толығып жатыр. Сонымен қатар Алматыдағы КИМЭП университетінен де біздің әріптестеріміз бар.

Ұжым әлеуметтік – саяси бағытты қамтитын және көрерменмен байланысты нығайтатын тікелей эфирдегі жаңа бағдарламалардың шығуына түрткі болды. Әр дүйсенбідегі «Қоғам үні» хабарының тұрақты аудиториясы қалыптасып, қоңырау шалып ой қозғайтын тұрғындар бар. Әлемді жаулаған короновирус пандемиясы кезінде AQTÓBE телеарнасында сақтық шаралары қатаң сақтала отырып, жұмыс тоқтаған жоқ. Халықты ақпараттандыру, бірінші дереккөздер арқылы нақты хабар тарату жолға қойылды. Күн сайын ұзақтығы 1 сағат, тәулігіне 200 адамнан қоңырау түсетін «Ақпараттық сағат», «Желіде - 103» бағдарламалары тікелей эфирге жол тартты. Тікелей эфирден бөлек әлеуметтік желіде онлайн трансляция жасалып, көптеген адамға көмек берілді.  Бағдарламаға көрші Атырау, Маңғыстау облысы, Қызылорда қаласынан хабарласып, көкейдегі сауалдарына тікелей жауап алғандар болды.  2020 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда  облыстық мемлекеттік бағдарламалар саны көбейді және мемлекеттік тілдегі бағдарламалар саны 83%-ға артты.

Арна үшін эфир маңызды. Алайда қазіргі қоғамда әлеуметтік желілердің де үлесі басым. Заман талабына сай телеарнаның ресми аккаунтары жанданып, оқырман саны көбейді. «Youtube» бейнесервисінде қаралым саны 2020 жылғы көрсеткішке қарағанда 2 есеге артты, яғни 50 мың қаралымға көбейді. Телеарнаның ресми әлеуметтік желілерінде («Instagram»,«Facebook», «Twitter», «Вконтакте», «Youtube») жазылушылар саны екі есеге артып, 563760  адамға дейін көбейді. Филиал сайтына кірушілер саны 2020 жылы  319 564 болса, 2021 жылы 352431-ге дейін ұлғайды.

- Құзырыңыздағы тілшілердің біліктілігіне қандай баға бересіз? Жұмыс жақсы өрбу үшін қандай тактика қолданасыз, жиі қолдау білдіресіз бе?

- Әлбетте, мен қашан да әріптестеріммен біргемін. Өз кабинетімде отырған емеспін. Жаңалықтар бөлімінде, тақырыптық бөлімдерде, режиссерлер мен операторлардың жанында жүремін. Менің оларға айтатын кеңесім, олардың маған айтатын кеңесі өте маңызды. Өйткені біздің ұжым, біздің телеарна – бір отбасы. Жұмыс барысында сен бастықсың, сен тілшісің, сенің деңгейің төмен,  деген сөздер айтылған емес, айтылмайды да. Біз бір тұтас ұжым болып, жұдырықтай жұмылып жұмыс жасағанды жөн көреміз. Тіліме тиек еткендей, жалпы соңғы екі жылда 14 қызметкер елордаға, Алматы қаласына қызмет ауыстырды. Қазіргі таңда отандық арналарда табысты еңбек етіп жатыр. Өкінішке қарай, жаһанды шарпыған пандемияға байланысты көптеген семинарлар, кездесулер өткізуге мүмкіндік болмай жатыр. Дегенмен, әріптестердің біліктілігін арттыруға бағытталған онлайн-тренинг, семинарлар болып жатса, оған қатысуға қашан да қолдау білдіреміз. Ұжымдағы тілшілер өздерін журналист ретінде жетілдіріп отырғаны дұрыс. Бұл – тек AQTÓBE телеарнасы үшін ғана емес, жалпы қазақ журналистикасы үшін маңызды дүние.

- Былтыр AQTÓBE телеарнасының мерейтойы болды. 60 жылдыққа қарсы қандай шаралар орындалды, мерейтойды қалай атап өттіңіздер?

- AQTÓBE телеарнасының 60 жылдық мерейтойы қарсаңында басшылыққа ауысуым, жарты ғасырдан көп тарихы бар телеарнаның мерейтойын өткізу міндетінің маған бұйырғаны - мен үшін үлкен бақыт.  Былтыр AQTÓBE арнасы 60 жылдық мерейтойын атап өтті. Мерейлі дата кең көлемде тойланбады. Дегенмен мерекелік бағдарламалар әзірленіп, телеарна ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Телеарнаның 60 жылдыған орай 18 имидждік жоба дайындалды.  Соның бірі —  «Таспадағы тарих» хабары. Мұрағаттағы ең ескі хабарлар — 1979 жылға тиесілі. Телеарнада сақталған кинопроектор арқылы ескі ленталарды айналдырып, камераға түсіріп алдық. Көрерменнің өзі куә болып отыр. Алғашқы таспалар біздің арнаның тілшілері Шалқар ауданына іссапарға барғанда түсірілген: «Шалқар суының» шығарылуы, шалқарлық балалардың Аралға лагерьге барғаны туралы хабарларды көрсеттік. Мұндай хабарлар облыстың барлық ауданында түсірілген. Оларды рет-ретімен әр сенбі сайын эфирге шығардық. 18 имидждік жобаның ішінде «Алпыс асуы» деген хабарымыз да бар. Онда осы арнада жұмыс істеген ардагерлеріміз көрсетілді.  Мерейтой қарсаңында 13 жоба жарыққа шықты.  Оның 8-і тұрақты түрде көрсетілді. 5 жобамыз — арнайы мерекелік хабарлар, олар екі тілде ұсынылды.

AQTÓBE модератор болып, мерейтой датасын атап өткен 4 филиал арасында телекөпір ұйымдастырылды. Бұл бір-бірімізбен тәжірибе алмасу, бәсекелестікті нығайтуға септігін тигізді. Мерейтой барысында арнада еңбек етіп жүрген барлық қызметкер марапатсыз қалған жоқ. «Ақтөбе арнасына – 60 жыл» мерейтойлық төсбелгісі арна ардагерлеріне, бұрын қызмет етіп қазірргі уақытта жан-жақта еңбек етіп жатқан әріптестерге, ұжымдағы қызметкерлерге тағылды. Демеушілердің, қолдаушылардың көмегімен әр маман, кіші қызметкерге дейін алғыс хатқа ие болды. Бұл телеарна тарихындағы бірінші жағдай. Сонымен бірге Еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары саласын дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін екі қызметкер Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан Алғыс хатпен марапатталды. Арнада ширек ғасырдан бері табан аудармай еңбек етіп келе жатқан білікті де тәжірибесі мол режиссер Жайдарман Орынбайқызы мен телеарнаның келбеті, талай шәкіртті түлеткен Венера Хакімғалиқызы «ҚР Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

- БАҚ түрлерінің қай бағытынан жарқын болашақ көресіз?

- «Қазір газет оқылмайды, телеарнаны ешкім қарамайды» деген қасаң пікір қалыптасқан. Алайда, біз пандемия кезінде көрерменге, оқырманға ресми ақпараттың қаншалықты маңызды екенін дәлелдедік. Халық әлеуметтік желілерден небір пікірлер оқып, түрлі сайттардан бейресми ақпараттар алып адасуда. Сондықтан дәстүрлі БАҚ, дәстүрлі телеарна, біздің отандық басылымдар әрдайым басымдықа ие болады деп ойлаймын. Дегенмен қазір ғаламтордың заманы, оны да ұмытпаған абзал. Жалпы, БАҚ-тың дәстүрлі бағытынан жарқын болашақ көремін.

- Журналист ретінде былтырғы «Еріктілер жылында» тер төккен еріктілердің және БАҚ-тың сіңірген еңбегіне қандай баға берер едіңіз?

- Еріктілер ғажап жұмыс атқарды. Елдегі орын алған соңғы жағдайлар кезінде, әсіресе Арыс, Мақтарал оқиғасында, батыс өңіріндегі қуаңшылық қасіретінде де еріктілер ерен еңбек етіп жүр. Олардың дені жастар екенін көріп, мәртебеміз өседі. Себебі, біздің жастар өзінің еліне деген сүйіспеншілігінен, отанына деген махаббатынан туатын керемет іспен айналысуда. Ерікккен адам ерікті болмайды, сондықтан еріктілердің ісі – үлкен ерлік.

Ал біз пандемия кезінде демалыс, мереке күндеріне қарамастан, «Індет пен міндет», «Ақпараттық сағат» хабарлары тікелей эфирде көрсетілді. Оны журналистеріміз Есет Қаниев пен Гүлдана Қаленқызы жүргізді. Үлкен жауапкершілікпен екі ай бойына үздіксіз жұмыс істеді. Екі хабарды қосқанда 120 бағдарлама эфирден өтті. Бұл 120 сағат тікелей эфирде еңбек еттік деген сөз. Оның артында шығармашылық топ пен техникалық қызметкерлердің орасан еңбегі жатыр. Бұл еңбек ел тарапынан еленді. Есет Қаниев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық алғысы» медалімен марапатталды. Оны облыс әкімі Оңдасын Оразалин тапсырды. Бұл — біздің арнамыздың ортақ абыройы. Пандемия кезіндегі журналистік жанкештілік, еріктілердің ерлігімен пара-пар деп есептеймін.

- Ақтөбе өңіріндегі мұқтаж жандарға көмек ретінде, жалпы қайырымдылық бағытында іс-шаралар, телеарнада жаңа жобалар ұйымдастыру ойда бар ма?

- AQTÓBE арнасының қызметкерлері негізгі жұмыстан өзге қоғамдық істерге белсене атсалысады. Ұжым 4 жылдан бері 18 жасқа толғанша Әсия Жоламанованы өз қамқорлығына алды. Есепшот ашып, үш ай сайын 1 күндік жалақыларын аударып отырады. AQTÓBE арнасының қызметкерлері Әсия Жоламанованың үйіне барып, әр мерекеде інісі екеуіне сыйлық жасайды. Қайырымдылық шарасына кәсіпкерлерді жұмылдырып азық-түлік пен ас үй жиһазын жеткізіп берді. Жыл сайын інісі екеуін мектепке даярлап, киім-кешек, оқу құралымен қамтамасыз етіп отыр. Жазғы каникулда ойын-сауық орталықтарына апарып қыдыртады, сауықтыру лагерлеріне тұрақты түрде жіберіп отырады. Ұжым «Донор бол» шарасына үнемі қатысып отырады. Жақында ғана жалғызбасты 3 баласы бар  ақтөбелік анаға пәтер алуға жәрдем беріп, мемлекеттік бағдарлама бойынша берілетін үйдің алғашқы жарнасы төлеуге үлес қосты. Сонымен бірге телеарнада апта сайын эфирге шығатын «Жігер» хабары бар. Хабарда тағдыр тәлкегіне түскенімен жігері мұқалмаған қайсар жандардың өмірі көрсетіледі. Қоғамға тигізіп жүрген пайдасы туралы айтылады. Мақсат жақсылықтан үмітін үзбеген, қоғамнан тыс қалмаған жандардың мықты ерік-жігерін насихаттау. Мүмкіндігі шектеулі жандардың шексіз мүмкіндігін, өмірге деген құштарлығын көрерменге көрсету, ой салу. Жалпы біздің арнадағы қызметкерлер, Ақтөбе өңірі қайырымдылыққа қашан да дайын. Біз қайырымдылық шараларын қолдан келгенше тоқтатпаймыз!

- Жауаптарыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан: Дина ЛИТПИН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер