Тума талант: талайды таңдай қаққызған жас суретші

1556

Сурет сала білу - табиғатынан талант дарыған, ерекше жандарға берілетін қасиет. Кез келген адам суретке бейім емес. Алайда, "Адырна" тілшісі сұхбаттасқан Мариям есімді 15 жасар жас талант, ешқандай курстарға қатысып, арнайы білім алмаса да талайды дарынымен таңдай қаққызған жан.

- Мариям, көбі сенің суреттеріңді жоғары бағалап, танығанымен өзің туралы ақпарат білмейді. Өзіңді таныстырып өтсең:

-Менің толық аты-жөнім Мұса Мариям Нартайқызы. Жасым 15-те. Алматыда туып өскенмін. Қазіргі таңда Әуезов ауданындағы Ғабит Мүсірепов атындағы нөмірі 86-мектеп гимназиясында білім алудамын. Келесі жылы 10-шы сыныпқа өтемін.

-Сурет салуға қашаннан бері қызығасың? Арнайы курстарға қатысып па едің?

-Негізі сурет өнері менің өмірімде осыншалықты маңызды рөл атқарады деп еш ойламаппын. Суретке бұрыннан қызығамын деп те айта алмаймын. Бұрындары жай кішігірім, болмашы суреттер салатынмын. Ал дәл қазіргідей белсенді салып бастауыма деген қызығушылығым үш жылдай бұрын басталды. Ешқандай курстарға қатысқан емеспін. Бәрін өзім үйрендім.

-Сурет өнерінің қай жанрына қызығасың?

Мен бейнелеу өнерінің бір ғана жанрымен шектелгім келмейді. Алайда, маған ұнайтыны "графика" деп ойлаймын. Себебі, өзіме көбіне түрлі бояулармен жұмыс істегенше, тек бір түсті қарындашпен сурет салған ұнайды.

-Бұрын- соңды суретшілер жарысына қатысып көріп па едің?

-Жоқ қатысып көрмеппін. Бірақ алдағы уақытта сондай жарыстарға қатысып, сурет салуымды жетілдіргім келеді.

-Танымал тұлғалардың портретін жиі салады екенсің. Туындыңды көрген жандар қандай баға береді?

-Әрине сурет салғандықтан адамдарға суретіңнің ұнағанын қалайсың. Сол себепті де суретің мінсіз болғанша көп өзгертулер енгізесің. Суретті көрген жандар жақсы ойларын білдіріп, жоғары бағалайды. Мәселен мен ең алғаш танымал блогер Юсупов Арманды салған болатынмын. Ол маған өзіне суреттің ұнағандығын айтты. Ал Сабира Жарасқызы (_sabirkin) сол суретке төккен еңбегіме алғысын айтып, ізгі ниетін білдірді. Мен тағы Гүлназ Жоланованы салған болатынмын. Ол кісі ге де суретім өте ұнады. Осындай жылы сөздерді есту мен үшін үлкен қуаныш.

-Сүйікті суретшің кім? Кімді үлгі тұтасың?

-Сүйікті суретшім мына кісі, деп басып айта алмаймын. Әр суретшінің бойында өзінше ерекшелігі болады. Бірақ енді осы сәтте Әбілхан Қастеев атамызды айтпасам болмас. Өйткені ол кісінің бейнелеу өнерінің Қазақстанда дамуына қосқан үлесі зор. Мен де болашақта өз еліме дәл сондай пайда алып келгім келеді.

-Мариям, мектепте сүйіп оқитын пәнің бар ма?

- Маған ең бір қатты ұнайтын пәндерінің бірі ол - қазақ әдебиеті. Жалпы кітап оқу, сурет салудан кейінгі хоббиім. Ақын-жазушылардың шығармаларын оқып ләззат аламын. Біздің еліміздің болашағы үшін еңбек еткен, өзінен кейін сонша дана сөздерін қалдырған ата-бабаларымыздың ақыл-дана сөздерін құрмет тұтып оқу, әрбіріміздің парызымыз деп білемін. Ал, ұнатпайтын сабағым химия.

- Болашақта кім болғың келеді?

- Негізінен киім дизайнері боламын деген ой бар. Бұл салада сурет сала алуың көп рөл ойнайды. Өзім де киім тігуге қызығатынмын. Сол себепті де болашақта дизайнер болғым келеді.

-Шығармашылық табыс тілеймін, Мариям! Рақмет!

Сұхбаттасқан: Дина ЛИТПИН,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар