Ұлыстың ұлы күні қарсаңында қазақ тарихына қатысты тың дерек табылды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Бұл туралы Елдес Орда Facebook парақшасында жазды.
Оның сөзінше, 1907 жылы шыққан «Искры» журналында ІІ Мемлекеттік Думаға мүше болған қазақ қайраткерлерінің бұрын белгісіз бейнесі сақталғаны анықталды.
«Искры» — 1901-1917 жылдары «Русское слово» газетіне қосымша ретінде шыққан суретті журнал. Ондағы «Думадағы мұсылман фракциясы» атты суретті хабарда патшалық Ресей құрамындағы мұсылман депутаттары бейнеленген. Олардың арасында төрт қазақ қайраткері бар. Біріншісі - Мұхамеджан Тынышбайұлы (Жетісу облысы), екінші - Бақытжан Қаратайұлы (Орал облысы), үшінші - Ахмет Бірімжанұлы (Торғай облысы), төртінші - Шаймерден Қосшығұлұлы (Ақмола облысы).
Бұл жаңалық Алаш тарихын зерттеушілер үшін құнды дерек болмақ. Ұлт қайраткерлерінің бейнесі олардың қоғамдық-саяси қызметін тереңірек зерттеуге мүмкіндік береді.