Қазақ халқының астаналары: Сіз білесіз бе?

10737
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан деген атау тәуелсіздік алғаннан кейін пайда болғанымен, оған дейін «қазақ» атауының болғаны белгілі. Қазақ атауы болған жерде астана, халық, халық саны деген түсініктің болуы да заңды. «Адырна» ұлттық порталының тілшісі бүгінгі Астана күніне орай «осы күнге дейінгі елдің астаналары» туралы жинақты назарларыңызға ұсынады.

Суяб қаласы

Қазақстан астаналырының тарихы өте бай. Үш мемлекеттің: Батыс Түрік, Түргеш және Қарлұқ қағандықтарының астанасы Суяб қаласының іргесі V ғасырда қаланды. Шу алабындағы ортағасырлық қала. Тарихи, археологиялық және нумизматикалық зерттеулер бойынша ғалымдар Суяб қаласының орны Қырғызстанның Тоқмақ қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 8 км жердегі Шу өзенінің оңтүстік жағасындағы көне Ақбешім қала жұрты екенін дәлелдеді. Оның атақ-даңқы да дәл осы ғасырларда бүкіл батыс пен шығысқа мәшһүр болды. Көне қытай жазба деректемелерінде Суяб қаласы Су-е-чэн деп аталған. Ол туралы алғашқы мәліметті 627–629 жылдары Үндістанға жасаған сапары кезінде Суябқа соғып, Батыс Түрік қағандығының қағаны Тон жабғудың қабылдауында болған Қытайдың жиһанкез діндар-монахы Сюань Цзан жазып қалдырған. Суяб туралы бұдан өзге де қытайдың «Тундиянь», «Синь таншу» т.б. тарихи жылнамалары мен араб географтары ибн Хордадбектің «Китап әл-масалик уә-л-мамалик», Қудама ибн Жафардың «Китап әл-Харадж» т.б. еңбектерінде мол мағлұматтар кездеседі. Алғаш 1894 жылы В.В. Бартольд тексеріп зерттеді. 1950 жылы Л.Р. Кызласов, 1959 жылы П.Н. Кожемяков және кеңестік археологтар қазба жұмыстарын жүргізіп зерттеді.

Баласағұн қаласы

Орталық Азиядағы аса ірі қалалардың бірі Баласағұн – Батыс Түрік қағандығының, Қарахан және Қарақидан мемлекетінің бас қаласы болды. Әл-Мақдисидің мәлімдеуінше, ол «игілікке бай, үлкен қала» болған. Ал Махмұт Қашқари Баласағұнның Күз-Ұлыс немесе Күз-Орда деген басқа аттары болғанын хабарлайды. Қала айналасы төртбұрышты қорғаныс дуалмен қоршалған. Солтүстік және батыс қабырғаларының ұзындығы 570 м, оңтүстік жағы 600 м, ал шығыс жағы 500 м. 3) 1974 жылдан ҚазМУ археологтары (жетекшісі У.Шәлекенов) зерттеп жатқан Шу өңіріндегі Ақтөбе деп аталатын көне қала Баласағұнның орны деген пікір де қалыптасты. Ұсынылып отырған осы қалалардың қайсысы да V–XIII ғасырларда дамыған өркениет орталығы болған.

Тараз қаласы

Ең көне астаналардың бірі – Тараздың атағы VI–VII ғасырлардың өзінде Қытайдан Византияға дейін тарады. Тараз грек ғұламасы Птолемейдің картасына түсірілген. X ғасырдан бастап Тараз Қарахан әулеті өкілдерінің астанасы, көп уақыт бойы экономикалық орталық, Ұлы жібек жолындағы жетекші сауда орны болды. Қалаға ең бірінші келгендер - Ферғана алқабының соғдылары болған. XIX ғасырда Әулие Ата Қоқан қамалы еді. ХІХ ғасырының 60-шы жылдарында Ресей империясының құрамына кірген. Кеңес Одағы кезінде Жамбыл облысының орталығы болып, Қазақстан тәуелсіздігін алған соң егемен елінің жайлаулы Жамбыл облысының әкімшілік орталығы, тарихы бай көне шаһар болып өркендейді. Тараз қаласында Айша Бибі, Бабаджа хатун, Қарахан, Тектұрмас кесенелері, Нәметбай мешіті және орта ғасырлық монша орналасқан.

Сайрам қаласы

Жазба деректерде «Бірінші қала» атанған даңқты Испиджаб (Сайрам) VII ғасырдан белгілі. Жұрты қазіргі Сайрам ауылының Оңтүстік-батысында, Шымкент қаласынан 12 км жерде. Сайрам жайлы алғашқы дерек Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік» атты еңбегінде кездеседі. Онда: «Сайрам – Исфиджаб деп аталатын ақ қаланың аты» делінген. Демек, Сайрам – Исфиджабтың кейінгі аты. XV–XVIII ғасырларда қазақ хандықтары кезінде Сайрам ірі сауда, қолөнер және діни орталық болған. Зерттеу жұмыстарын 1923 жылы П.П. Иванов, 1925 жылы М.Е. Массон, 1947 жылы Н. Бернштам басқарған. Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы жүргізген қазба жұмыстары барысында айналасы төрт қақпалы дуалмен қоршалған, көлемі 28 га жерді алып жатқан қала орны анықталған. Қала ішінде көптеген мазарлар сақталған.

Отырар қаласы

Күлтегін, Білге қаған тас ескерткішінде Тарбанд деген атпен жазылған Отырарды (Фараб) араб ғалымы әл-Мақдиси (X ғасыр) өте көне астана деп атайды. VIII ғ-дағы араб географы Якут “Тарбанд, Тұрар, Тұрарбанд пен Отырар – бір қала” деп жазады. Араб тарихшысы Табаридің Отырар патшасын әл-Мамун халифтың жауларының бірі деп атағанына қарағанда, Отырар 9 ғ-дың өзінде-ақ ірі қала болған. X ғ. жазбаларында Кедер деген орталық қаласы бар Фараб аймағы аталады. Ал Фараб Кедерден көне қала екені әл-Мақдисидің (X ғ-дың аяғы) еңбегінде жазылған. Оның айтуынша, бас қала аймақ есімімен Фараб аталған. X ғ-дан кейін Кедер тарихи және географиялық жазбаларда аталмайды, оның орнына астана да, аймақ та Фараб делінген. Отырар V–XV ғ-ларда Арал бойындағы көшпелі тайпалармен сауда жасайтын Иран мен Орта Азиядан Сібірге, Моңғолияға және Қытайға қатынайтын сауда жолындағы маңызды қала болды. Кейбір зерттеушілердің пікірінше, қалада сол кезде әлемдегі аса ірі кітапхана және көптеген мешіт-медреселер болған.

IX-XI ғасырларда Сыр өңіріндегі Жанкент (Янгикент) Оғыздар мемлекетінің, ал Ертіс бойындағы Имақия қаласы Қимақ мемлекетінің өркендеген астанасы болды. Дешті Қыпшақтың астаналары Орда Базар мен Женд, Ақ Орданың бас қалалары Сауран мен Сығанақ (Сунақата) әлденеше қиратылып, қайта жанданды. Рузбехан жазбаларында (XVI ғасыр) Сығанақ саудасы өркендеген, бау-бақшасы жайқалған, қазақтың бай қаласы ретінде аталған. Қазақ хандары Тұрсынның, Жолбарыстың, Рүстемнің, Абдолланың, Әбілғазының астаналары Ташкент қаласы болды.

Түркістан қаласы

Қазақ хандығының астанасы Түркістан қаласының тарихи орны ерекше. Түркістан Тәуке, Қайып, Әбілқайыр, Семеке (Тәукеұлы), Әбілмәмбет, Сейіт, Есім, Болат, Абылай, Тоғай хан тұсында қазақтардың айбынды астанасы болды. Шаһар жалпы түркілік мәнге ие болды. Қожа Ахмет Иасауидің есімі мен кесенесі оны Орталық Азияның діни астанасы – екінші Мекке мәртебесіне жеткізді. Ол туралы алғашқы деректер араб жазбаларында ІV-ІХ ғғ. бастап Шавғар деген атпен кездесе бастайды. Араб тарихшы-географы Әл-Истахри ибн Кордаубех ат-Танрази өз жазбаларында: «Көне Шавғар ХІ ғасырға дейін өмір сүрген де, ХІғ. бастап қала орталығы Ясыға көшті», - дейді. Бұл деректерді қазіргі біздің археолог ғалымдар да растайды.

X ғасырда әл-Фараби астананы «қайырымды қала» деп атады. Ол «Асқан игілік пен ең биік кемелділік дәрежесіне ең алдымен жоғары дәрежелі дамыған қоғамның қайырымды қаласы – астанасы жетеді» деп санады. Әл-Фараби қайырымды қаланы мін-ақауы аз, тұрғындары заңға ден қойған, адамдарының пендешіліктерінен гөрі рухани сипаты басым, әділеттілік пен парасаттылық жайлаған бейбіт қала етіп суреттейді. Көрші елдерден Шыңғысхан империясының астанасы Қарақорымның, Шағатай әулетінің астанасы Алмалықтың (XIV ғасырда Алмалық Моғолстанның астанасы болды), Темір мемлекеті мен Шайбани әулетінің астанасы Самарқанның (1924 – 30 ж. Өзбекстанның астанасы болды), Самани әулеті мен Бұхара хандығының астанасы Бұхараның (1920 – 24 ж. Бұхар Халықтық Кеңес Республикасының астанасы болды), Алтын Орда астаналары Батый салған Сарай, Берке хан салдырған Сарай-Беркенің Қазақстан тарихындағы орны ерекше. Сондай-ақ Сарайшық (Ноғай Ордасының астанасы, XIV-XVII ғасырлар), Қазан (Қазан хандығы, XV-XVI ғасырлар), Бақшасарай (Қырым хандығы, XV-XVIII ғасырлар), Хиуа мен Үргеніш (Хорезм хандығы, XVI-X ғасырлар), Қоқан (Қоқан хандығы, XVIII-XIX ғасырлар) қалалары қазақ шежіресінде терең із қалдырды.

Қазақ хандығы жойылғаннан кейін бар билік Ресейдің Санкт-Петербург пен Мәскеу қалаларына ауды. XX ғасырдың басындағы қазақ зиялылары астананы «кіндік қала» деп атады. 1917 – 19 ж. Алашорда автономиясының астанасы Алаш (Семейдің іргесіндегі) қаласы болды.

Кеңес дәуіріндегі Қазақстан астаналары Орынбор (1920 – 25), Қызылорда (1925 – 29), Алматы (1929 – 97) болды. 1994 ж. соңғы екі ғасыр тарихында қазақ халқы тұңғыш рет өз мемлекетінің астанасы туралы дербес шешім қабылдады. 1997 ж. 20 қазанда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола қаласының (1998 жылдың 6 мамырынан – Астана қаласы) Қазақстан Республикасының жаңа тұрпатты бас қаласы болғанын жариялады.

Орынбор қаласы

1735 ж. 15 тамызда И.Кирилов бастаған экспед. Жайықтың сол жақ жағалауына құяр сағасына қала сала бастады. 1740 ж. В.Татищев сауда керуендері түнейтін, үлкен әскери күштер орналасуы керек деп жоспарланған қамал орнын қолайсыз деп тауып, «Орынборды» 200 шақырым Жайық ағысымен төменірек жерден салуға рұқсат сұрады. Сөйтіп қазіргі Қызылту ст-сының іргесі қаланды. 1742 ж. жаңадан тағайындалған губернатор И.И. Неплюевке бұл жер ұнамай, 1736 ж. Кирилов іргесін қалаған Берді бекінісі қала орны болуы керек деп Сенатқа ұсыныс жасайды. Сөйтіп, 1743 ж. О. іргесі Берді қамалының орнына түпкілікті қаланады. Жаз айларында арадағы сауда қатынасы Жайық өзеннің сол жағалауында жүргізілді. Осы жерде ірі сауда алаңы ашылып, сауда сарайы салынды. Сауда алаңының О-ға және қазақ даласына қараған екі үлкен қақпасы болды. О. 1868 жылдан Ресейдің Қазақстан және Орт. Азиямен арадағы ірі сауда орталығы болды. 1920 ж. 4 қазанда О-да Қазақ өлкесі Кеңестерінің құрылтай съезі өтіп, Қазақ АКСР-і құрылды. О. 1920 – 1925 ж. Қазақ АКСР-інің астанасы болды. Қазіргі уақытта О. облысында 120 мыңдай қазақтар тұрады. Олар негізінен Домбар, Ясный және Адамов аудандарына шоғырланған.

Қызылорда қаласы

Қызылорда қаласының қалыптасу тарихы бұрынғы маңызын жоғалтпай, тек аты ғана бірнеше рет өзгергенімен (Ақмешіт – 1818 жылы, Перовск – 1853 жылы, қайтадан Ақмешіт – 1922 жылы, Қызылорда – 1925 жылы), әр кезеңде Сыр бойы атрабының әлеуметтік және мәдени орталығы болып қалыптасты.

Ақмешіт 1818 жылы Қоқан хандығы кезінде Сырдария бойында алғаш қорған ретінде салынған. Оның ішіндегі ақ кірпіштен өрілген мешіттің түсіне сай бекініс Ақмешіт деп аталды. 1853 жылғы 28 шілдеде Орынбор генерал-губернаторы В.А.Перовский Сыр қазақтарын қорғауды сылтауратып орыс әскерлерімен қамалға басып кіріп, қоқандықтарды қаладан қуып шығады. Қала Перовск аталып, 1867 жылы ол Сырдария уезінің орталығына айналады. Қалада 4 сыныптық мектеп, кірпіш зауыты, жел диірмен, ұста дүкендері жұмыс істей бастайды. 1905 жылы Орынбор – Ташкент теміржолы пайдалануға беріліп, қалада депо, вокзал үйлері салынды. Ал 1917 жылы 30 қазанда Перовскіде Кеңес үкіметі орнады. Жаңа үкімет үшін болған ұрыста А.Першин, Н.Шумилов, Н.Селиверстов тағы басқа жауынгерлер ерлік үлгісін көрсетті.

Алматы қаласы

Тянь-Шань жоталарының етегінде орналасқан әсем қаланы «бақша-қала» деп бекер атамаған. Көктем маусымында, оңтүстік алқаптардағы бау-бақшаларда алма, өрік, шие гүлдеген кезде қала ертегіге айналады. Алматы қаласының атауы алма сөзінен шыққан. Дәл осы жерде аты әлемге танымал апорт алмасы өседі.

Қала 170 шаршы км-ден астам алаңды құрайды. Ол кіші және үлкен Алматы өзендерінің алқабында орналасқан. Тау өзендері қаланы сумен қамсыздандырудың басты көзі болып саналады. Алматы 1997 жылғы Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығына сәйкес, Астана қаласына көшірілді. Алматы — елдің ғылыми, мәдени, тарихи, өндірістік және қаржы орталығы. 1997 жылы қаланы одан әрі іскерлік әрі қаржы орталығы ретінде дамыту туралы шешім қабылданды. 2006 жылы АӨҚО дамыту жөніндегі заңға қол қойылды.

Нұр-Сұлтан қаласы

Нұр-Сұлтан 1830 ж. Есіл өзенінің жағасында орыс әскерлері негізін қалаған бекіністен бастау алады.

1862 ж. Ақмолинск қала мәртебесін алды. 1962 ж. қалаға Целиноград атауы берілді. 1997 ж. егемен Қазақстанның Президенті Н. Назарбаев Жарлығымен елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылдады. 1998 ж. 6 мамыр жаңа елорданың атау Астана болып өзгертілді. 1998 ж. 10 шілде Қазақстанның жаңа елордасы — Астананың халықаралық тұсауы кесілді.

1998 ж. ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша Астана қаласына «Бейбітшілік қаласы» жоғары атағы беріліп, медальмен марапатталды. Бұл атақ қысқа мерзім ішінде әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени дамуда неғұрлым әсерлі әрі қуатты өсуге, тұрақты этникааралық қатынасты орнықтыруға қол жеткізе алған ғаламшардың жас қалаларына беріледі. Бразилияда өткізілген бұл конкурста Астана барлық өлшемдер бойынша әлемнің әр түрлі елдерінің он екі қаласын басып озды.

2019 жылы 20 наурызда Қазақстанның жаңа президенті Қасымжомарт Тоқаев қаланың атын экс-президент Н. Назарбаевтың құрметіне Нұр-Сұлтан деп өзгертуге бұйрық берді.

Дайындаған: Ақмарал БЕРЕКЕТ

(фотолар ашық дереккөзден)

дереккөз: kk.encyclopedia.kz, wikipedia.org сайттары

Пікірлер