Қазақстандықтар енді қате төленген әлеуметтік көмекті қайтармайды

5020
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанда 1 шілдеден бастап Әкімшілік рәсімдік-процессуалды кодекс күшіне енеді. Жаңа құжат мемлекеттік органдармен дау-дамайда қарапайым халықтың құқығын қорғауға бағытталған, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.

Әділет вице-министрі Наталья Панның айтуынша, жаңа кодекс азаматтарды билік органдарының заңсыз әрекеттерінен қорғауға тиіс. Мәселен, құқықтық шешімдердің күшін жоюдың ерекше тәртібі енгізіледі. Қазақстандық бір кездері қабылданған шешім заңды, дәйекті және оның күшін жоюға болмайтынына сенімді болуы керек.

«Азаматқа әлеуметтік көмек төленді делік. Алайда біраз уақыттан кейін тексеріс кезінде жәрдемақы артық төленіп қойғаны, мемлекеттік органның кінәсінен қате шешім қабылданғаны анықталды. Мұндай жағдайда өкілетті орган адал азаматтан жұмсалған ақшаны қайтаруды талап ете алмайды. Өйткені ол адамның еш кінәсі жоқ», - деді Пан.

Тағы жаңашылдық – құқық басымдығы қағидатының енгізілуі. Ол бойынша заңнаманың күмәнді және түсініксіз тұстары, қайшылықтары қарапайым азаматтардың пайдасына шешіледі.

«Мысалы, мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін реттейтін құжатта мерзім үш күн деп белгіленген. Бірақ ол мерзім жұмыс немесе күнтізбе күндерімен санала ма, ол көрсетілмеген. Осы жағдайда сізге мемлекеттік қызмет үш күнтізбелік күн ішінде көрсетілуге тиіс. Өйткені бұл азаматқа әлдеқайда ыңғайлы», - деді Пан бейсенбіде өткен баспасөз мәслихатында.

Жоғарғы соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Қанат Мусин жаңа кодекстің нормалары қай уақытта қолданылатынын түсіндірді. Мысалы, әкімдік жер беруден бас тартып, азамат мұнымен келіспей, талап-арыз түсірсе, іс жаңа кодекспен қаралады.

«Сот бұл дауды жаңа кодекстің ережелері бойынша қарайды. 1 шілдеге дейін мұндай істер азаматтық сот өндірісінде қаралып келді. Ол тараптардың тең болуын талап ететін. Алайда жай адам мен билік органын салыстыруға болмайды. Мемлекеттік органның сарапшылары, заңгерлері бар. Сол себепті екі тараптың мүмкіндіктері әртүрлі», - деді Мусин.

Бұған қоса жаңа кодекс мемлекеттік органдарды тәртіпке үйретуге тиіс, мысалы, ақша өндіріп алу жолымен.

«Қазір қалай? Мемлекеттік органның өкілі сотқа бармай қояды. Ал сот істі қарап, шешімді мемлекеттік органның пайдасына шығаруы мүмкін. Ал енді жаңа талап бойынша, егер ол сотқа келмесе немесе құжаттарды ұсынбаса, сот одан 20 АЕК (58 340 теңге – Sputnik) өндіріп алады. Ақша өндіріп алу соттың талабы орындалғанға дейін бірнеше рет қолданылуы мүмкін», - деді Мусин.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер