Үндістан-Өзбекстан халықаралық көлік дәлізі Қазақстанға дейін ұзартылды. Бұл туралы «Узбекистон темир йуллари» (Өзбекстан темір жолдары) жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
12 жиырма футтық контейнерден тұратын алғашқы пойыз Мундра портынан (Үндістан) Сороковая станциясына (Қазақстан) жөнелтілді. Бұл бағыт Иран, Түркіменстан, Өзбекстан және Қазақстан арқылы өтеді, теңіз арқылы 1585 шақырым, теміржол арқылы 4300 шақырымды құрайды.
Жоба операторы «Өзтемирйулконтейнер» АҚ (Өзбекстанның темір жол экспедиторы), «TULM» АҚ (Түркменстанның көлік-логистика орталығы) және «Кедентранссервис» АҚ (Қазақстандағы логистикалық терминалдар операторы) болды.
Осы маршрут бойынша бұған дейін Үндістан мен Өзбекстан арасында контейнерлік тасымалдар сәтті жүзеге асырылған болатын (Мундра — Сергели бағыты бойынша). «Өзтемирйулконтейнер» АҚ басқарма төрағасы Мирзиед Мирхамидов атап өткендей, енді компания Үндістан — Орталық Азия мультимодальды дәлізі бойынша контейнерлік пойыздарды тұрақты түрде жөнелтуді жоспарлап отыр.
«Қазақстан темір жолы» баспасөз қызметі өз кезегінде, Үндістаннан Қазақстанға керамикалық плитка жүктелгенін нақтылады. Жеткізу мерзімі Бандар-Аббас портының (Иран) жүктелуіне байланысты шамамен 25-30 күнді құрайды.
«Тасымалдау «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізінің шығыс бағыты бойынша контейнерлік қатынасты дамыту аясында жүзеге асырылады. Бұл дәліз жеткізу мерзімін, жүк тасымалдау шығындарын айтарлықтай қысқартуға және елдердің экспорттаушылар мен импорттаушылардың мүмкіндігін кеңейтеді», - деп атап өтті тасымалдаушы.