АҚШ әкімшілігі Қазақстаннан импортталатын тауарларға 27 пайыз көлемінде кедендік баж салығын енгізгені сол еді – Қазақстан билігі АҚШ-қа экспортталатын тауарлардың басым бөлігі қосымша тарифтік шектеулерге ілікпейтінін жариялады.
Американың жаңа шарасы туралы Дональд Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялады.
АҚШ-тың жаңа баж салығы негізінен «өзара сауда теңгерімін орнату» мақсатында енгізілгені айтылады. Жарияланған тізімге 185 мемлекет енген. Базалық тариф 10 пайыз болғанымен, кейбір елдер үшін салық мөлшері едәуір жоғары болып шықты. Мысалы, Қытайдан импортталатын тауарларға 34 – пайыз, Еуропа Одағы елдерінен – 20 пайыз, Швейцариядан 31 – пайыз, Ұлыбританиядан – 10 пайыз, Израильден – 17 пайыз, ал Қазақстаннан 27 пайыз кедендік салық алынатын болды.
Ең жоғары баж салығы Вьетнам (46 пайыз), Камбоджа (49 пайыз) және Лаос (48 пайыз) елдеріне енгізілді.
Ал бұл тізімде дүркін-дүркін санкция жарияланған Ресей аталып отырған жоқ.
Трамп бұл шараны валюталық манипуляциялар мен сауда кедергілеріне байланысты АҚШ-тың жауапты әрекеті ретінде сипаттады.
АҚШ-тың жаңа тарифтері Қазақстандық металл, ауыл шаруашылығы өнімдері және басқа да тауарлар экспортына айтарлықтай әсер етуі мүмкін. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан АҚШ-қа 1,97 млрд доллар көлемінде тауар экспорттап, онжылдықтағы рекордтық көрсеткішке жеткен.
Қазақстаннан АҚШ-қа экспортталатын негізгі өнімдер – мұнай, уран (2023 жылмен салыстырғанда бес есе өскен), ферроқорытпа және күміс. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, АҚШ Қазақстанның жалпы экспорт құрылымында 2,4 пайыздық үлеске ие.
Өткен жылғы Қазақстанның негізгі экспорттық бағыттары мынандай болған: Италия (22,9 пайыз), Қытай (18,3 пайыз), Ресей (11,7 пайыз), Нидерланды (6,5 пайыз), Франция (4,5 пайыз) және Түркия (4,1 пайыз). Ал АҚШ Қазақстан үшін негізгі импорттық серіктестердің бірі болып табылады.
АҚШ әкімшілігі Қазақстанға қатысты бұл шешімді егжей-тегжейлі түсіндірмеді. Сарапшылардың пікірінше, жаңа тарифтер қазақстандық жеткізушілер үшін қосымша шығындарға әкеліп, АҚШ нарығындағы бәсекелестікке кері әсерін тигізуі мүмкін.
Ал Қазақстанның сауда және интеграция министрлігі АҚШ президенті Дональд Трамптың жаңа сауда тарифтеріне қатысты жарлығынан кейін ресми мәлімдеме жасап үлгерді.
Министрліктің мәліметінше, алдын ала жүргізілген талдау нәтижесі бойынша Қазақстаннан АҚШ-қа экспортталатын тауарлардың басым бөлігі қосымша тарифтік шектеулерге ілікпейді. Өйткені бұл өнімдер АҚШ әкімшілігінің ерекше жағдайлар тізіміне енгізілген.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2024 жылы Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 4,2 млрд АҚШ долларына жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 4 пайызға артқан. Қазақстанның АҚШ-қа экспорты 30,6 пайызға өсіп, 2,0 млрд АҚШ долларын құрады, ал АҚШ-тан Қазақстанға импорт көлемі 2,2 млрд АҚШ долларынан айналған.
Қазақстан АҚШ-қа негізінен шикі мұнай, уран, күміс, ферросплавтар және басқа да өнімдерді экспорттайды. Бұл тауарлар АҚШ президентінің "Тауарлар саудасындағы маңызды және тұрақты тапшылықты жою мақсатында өзара тарифтер арқылы импортты реттеу туралы" Жарлығы бойынша ерекшеліктер тізіміне енгізілген. Осылайша, қазақстандық тауарлардың 92 пайызына қосымша тарифтер қолданылмайды.
Қосымша баж салығы белгілі бір тауар топтарына ғана қатысты енгізіледі. Бұл тауарлардың экспорт көлемі 2024 жылы – 95,2 млн АҚШ долларын құрады. Атап айтқанда, фосфор – 15,9 млн АҚШ доллары, ферросилиций – 12,7 млн АҚШ доллары, линзалар – 4,1 млн АҚШ доллары, бидай клейковинасы – 4 млн АҚШ доллары, аммоний нитраты – 2,4 млн АҚШ доллары
Жалпы, қабылданған тарифтік шаралар Қазақстанның АҚШ-қа экспортының 4,8 пайызына ғана әсер етуі мүмкін. Үкімет Қазақстанға қатысты қосымша баждарды қолданбау мүмкіндігін талқылау үшін АҚШ-пен келіссөздер жүргізуге ниетті.