Әзербайжан, Өзбекстан және Түркия министрлері қабылдаған Анкара декларациясында елдердің тәуелсіздігін қолдау, аумақ тұтастығы және шекаралардың мызғымастығы қуатталды.
Қаңтардың 29-ында Түркия, Әзербайжан және Өзбекстанның сауда, экономика, көлік және сыртқы істер министрлерінің Анкарада өткен екінші үшжақты кездесуінің қорытындысы бойынша бірлескен Анкара декларациясы жарияланды.
ОРТАЛЫҚ АЗИЯ – КАВКАЗ – ТҮРКИЯ ТРАНЗИТІ
Кездесуге Түркияның сыртқы істер министрі Хакан Фидан, Өзбекстанның сыртқы істер министрі Бахтияр Саидов және Әзербайжанның сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов қатысты. Үшжақты кездесудің қорытындысы бойынша жарияланған бірлескен декларация мәтінінде Түркия, Әзербайжан және Өзбекстан арасындағы «берік стратегиялық әріптестік» «өзара құрмет», «сенім», «ортақ мүдде» және «тарихи-мәдени байланыстар» негізінде қалыптасқаны атап өтілген. Сондай-ақ, кездесуге қатысушылар мен оның егжей-тегжейі туралы ақпарат берілген.
Декларацияда елдердің бір-бірінің егемендігін, аумақтық тұтастығын және шекараларының мызғымастығын берік қолдайтыны расталады. Сонымен қатар, олардың Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) Жарғысының жалпыға танылған қағидаттары мен халықаралық құқық нормаларын ұстанатыны атап өтілген. Құжатта сауда, инвестиция, өнеркәсіп, энергетика, көлік және логистика, цифрландыру және байланыс салаларында бірлескен жобаларды дамыту мен ілгерілетудің өсіп келе жатқаны мойындалады. Бұл бағыттардағы қарым-қатынастарды одан әрі тереңдетуге ықпал еткен 2022 жылғы 2 тамызда Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен алғашқы кездесудің нәтижелері құпталды. Үш елдің шекарасы арқылы өтетін Орта дәліздің маңыздылығы расталып, оның Түркия, Әзербайжан және Өзбекстанның транзиттік әлеуетін арттырудағы рөлі ерекше атап өтілген.
РЕСЕЙСІЗ ТАСЫМАЛ ЖОЛЫ ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІК
Декларацияда Еуропа-Кавказ-Азия (ТРАСЕКА) көлік дәлізін дамыту мен нығайтудың маңыздылығы ерекше айтылып, осы дәліздің жұмысын қазіргі жағдайларға сай тиімді ету, оны жетілдіру жолдарын қарастыру қажеттігі көрсетілген. Сонымен қатар, Түркия, Әзербайжан және Өзбекстан арасындағы халықаралық көлік дәліздерін дамыту бойынша әріптестікті одан әрі нығайту керектігі сөз болған. Бұл ынтымақтастықтың басты мақсаты – үш елдің жоғары транзиттік әлеуетін толық пайдалану, ортақ мүдделерді күшейту және өзара тиімді байланыстарды дамыту. Декларацияда аймақтық және халықаралық маңызы бар өзекті мәселелер бойынша ынтымақтастықты нығайтуға деген берік ұстаным расталып, мемлекеттердің егемендігі мен аумақтық тұтастығына қауіп төндіретін кез келген әрекеттерге қарсы бірлескен іс-қимылды қолдау атап өтілген.
Үш ел бір-бірінің халықаралық деңгейде мойындалған шекараларына құрметпен қарайтынын мәлімдеді. Олар экономика, сауда, инвестиция және транзиттік тасымал салаларында ынтымақтастықты барынша дамыту үшін бірлесіп жұмыс істеу ниеттерін білдірді. Декларацияда үш ел көлік инфрақұрылымын дамытуға, цифрландыруды ілгерілетуге және Орта дәліз арқылы сауданы жеңілдетуге бірлесіп күш салатын ортақ ұстаным белгіленген. Орталық дәліздің мүмкіндіктерін арттыру үшін жаңа инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру маңызды екені айтылды. Әсіресе, көлік, шекара бекеттерін жетілдіру және кедендік рәсімдерді цифрландыру бағыттарына басымдық берілмек. Осыған байланысты Баку халықаралық теңіз сауда порты мен Баку-Тбилиси-Карс теміржолын дамытуға толық қолдау көрсетіледі.
ТҮРКІ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫН АРТТЫРУ
Декларацияда 2024 жылдың маусым айында құрылған логистикалық орталықтар мен жүк тасымалдаушылар қауымдастығына қолдау білдірілді. Бұл қауымдастық көлік инфрақұрылымын дамытуға, мемлекеттік және жеке секторлармен бірлесіп инвестиция тартуға, сондай-ақ жүк тасымалдауды жылдам, тұрақты және арзан етуге көмектеседі. Сондай-ақ, 2024 жылдың наурызында Түркі мемлекеттері арасындағы көлік саласындағы ынтымақтастықты нығайту үшін ТМҰ-ға мүше елдердің көлік қауымдастықтары басшыларының кездесуі механизмі құрылғаны атап өтілді.
Декларацияда көлік саласындағы әріптестікті дамытуға, өңірлік байланыстарды нығайтуға және тұрақты көлік жүйелерін қалыптастыруға бағытталған Әрекет жоспарының қабылдануы құпталды. Тараптар Түркі мемлекеттері арасында көлік құжаттарын цифрландыру үшін БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясы (ЕЭК БҰҰ) аясында eCMR жүйесін енгізу жұмыстарының басталуына қолдау білдірді. Олар электронды рұқсат жүйесінің көлік саласын цифрландыруға және қағаз құжаттардың жоғалуы немесе дұрыс пайдаланылмауынан туындайтын қиындықтарды шешуге көмектесетінін атап өтті. Сондай-ақ, Түркия – Әзербайжан және Түркия – Өзбекстан арасында сынақ режимінде іске қосылған электронды рұқсат жүйесін қолдады.
Тараптар Өзбекстанның жүктерін Орталық дәліз арқылы тасымалдауды жеңілдетуге қажетті көмек көрсетуге дайын екендерін білдірді. Сонымен қатар, көлік, байланыс және инфрақұрылымды дамыту бойынша ынтымақтастық орнатуға және теміржол, автомобиль жолдары, логистикалық орталықтар мен әуежайларды жобалау, салу және пайдалану тәжірибесімен алмасуға уағдаласты.
Қатысушы елдер Әзербайжанның Қарабақ және Шығыс Зангезур өңірлерін қалпына келтіру және дамытуға инфрақұрылымға инвестиция салу, заманауи қоғамдық қызметтерді енгізу және «ақылды қала» шешімдерін жүзеге асыру арқылы көмек көрсетпек. Бұл қадам аймақтағы миналарды залалсыздандыруға және жергілікті тұрғындардың қауіпсіз әрі лайықты түрде өз жерлеріне оралуына ықпал етеді.
ҚАРАБАҚТЫ ТҮЛЕТУГЕ ТАЛПЫНЫС
Тараптар Қарабақ және Шығыс Зангезур аймақтарына инвестиция салуға қызығушылық білдірді. Олар Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) аясындағы ынтымақтастықты жоғары бағалап, көпжақты әріптестікті нығайтатын төрт құжаттың қабылданып, іске асырылуын қолдады. Қатысушы елдер «Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы жеңілдетілген кедендік дәліз құру туралы келісім», «Түркі мемлекеттері ұйымының сауда рәсімдерін жеңілдету жөніндегі стратегиялық құжаты» және «Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы цифрлық экономика саласындағы әріптестік туралы келісім» сияқты құжаттардың қабылдануын құптады. Бұл құжаттар ТМҰ аясында сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға және құқықтық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. Қатысушылар Бірлескен экономикалық комиссияның қазіргі механизмдері түрлі салалардағы, әсіресе сауда-экономикалық қарым-қатынастарды дамытудағы маңызды рөлін атап өтіп, мұндай тұрақты кездесулердің тиімділігін растады. 2024 жылғы 18 мамырда құрылған Түркі инвестициялық қорының толыққанды іске қосылуы өнеркәсіп, көлік, ауыл шаруашылығы, цифрлық технологиялар және туризм сияқты өзара мүдделі салалардағы сауда, инфрақұрылым және даму жобаларын айтарлықтай жандандыруға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Декларацияда құрылыс, сатып алу және оларға қатысты мәселелер бойынша ынтымақтастықты нығайту үшін қажетті қадамдар жасауға деген ұмтылыс білдіріліп, сауда, өнеркәсіп және экономика салаларындағы қатынастардың маңыздылығы атап өтілген.
САУДАНЫ ҚЫЗДЫРУ
Анкара декларациясында жекеменшік секторлар арасындағы өзара инвестицияларды ынталандыруға, кәсіпкерлер, сауда-өнеркәсіп палаталары мен бизнес қауымдастықтары арасындағы тікелей байланысты кеңейтуге, импорт пен экспорт мүмкіндіктерін зерттеуге дайындық білдірілді. Жабдықтау тізбегіне қатысушылар мен бизнес өкілдері арасындағы байланысты нығайтудың маңыздылығы атап өтіліп, мемлекеттік мекемелер арасындағы үйлестіруді жақсарту және сыртқы сауда операцияларын жеңілдету қажеттілігі көрсетілген.
Декларацияда сауданы жеделдету шараларын қабылдаудың маңыздылығы да баса айтылып, бұл үдерістің 2022 жылғы 11 қарашада Самарқанда өткен ТМҰ-ның 9-шы саммитінде қабылданған Сауда рәсімдерін жеңілдету жөніндегі стратегиялық құжатқа сәйкес жүргізілуі қажеттілігі көрсетілді. Сондай-ақ, ТМҰ Сауда рәсімдерін жеңілдету комитетінің 2025 жылға арналған іс-қимыл жоспары құпталды. Декларацияда өнеркәсіп, инновация және цифрлық даму, цифрлық сауда және кедендік рәсімдерді цифрландыру салаларында практикалық ынтымақтастықты тереңдетуге деген ұмтылыс атап өтілген. Азық-түлік қауіпсіздігі, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі және осы бағыттағы зерттеулер мен әзірлемелер бойынша техникалық ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығы ерекше атап көрсетілген.
АЙМАҚ ЖӘНЕ АУҒАНСТАН
Сонымен қатар, аймақтық энергетикалық қауіпсіздікті күшейту мақсатында жаңартылатын энергия көздеріне ерекше назар аудара отырып, бұл салада кеңірек ынтымақтастық орнату мүмкіндіктерін талқылауға ниет білдірілді.
БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы тараптарының 29-шы конференциясында (COP29) Бакуде қабылданған шешімдер климаттық мәселелерді тұрақты даму мақсаттарымен үйлестіруге бағытталған «Әрекет күн тәртібінің» ауқымды бастамаларына сәйкес келетіні» атап өтілді. COP29 климат, инновация, жасыл экономика және сауда бойынша серіктестік құру туралы декларацияларды жүзеге асырудың маңыздылығы айтылды. Жиынға қатысушылар Әзербайжанда өткен БҰҰ COP29 конференциясының шешімдерін орындауға адалдықтарын білдірді.
Ауғанстандағы бейбітшілік, тұрақтылық, өркендеу, қауіпсіздік және әлеуметтік-экономикалық даму Орталық Азиядағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды факторлары болып табылатыны және халықаралық қауымдастықтың Ауған халқына үздіксіз гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі күш-жігерін жалғастыру қажеттілігі атап өтілді. Декларацияда ТМҰ-ның 2024 жылғы 6 қарашада Бішкекте өткен ТМҰ Мемлекет басшылары кеңесінің 11-ші отырысына сәйкес құрылған ортақ ұстанымын қалыптастыруға септігін тигізетініне сенім білдірілді.
Декларацияда Трансауған теміржол жобасының маңыздылығы да сөз болды. Бұл жоба аймақаралық көлік және экономикалық байланыстарды нығайтып, сауда ағындарын арттырып, аймақтар арасындағы экономикалық қатынастар үшін жаңа мүмкіндіктер туғызады.
МАЗАСЫ ҚАШҚАН ГАЗА ЖӘНЕ ПАЛЕСТИНА
Анкара декларациясында Газа аймағында атысты тоқтату туралы жарияланым құпталып, барлық тараптар оны қатаң сақтауға шақырылды. Бұл шабуылдар мен зұлымдықтардың тоқтатылуына және палестиналықтардың гуманитарлық көмекке кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз етуге бағытталған. Израиль мен Палестина арасындағы қақтығысты әділ және тұрақты түрде екі мемлекет негізінде реттеу қажеттілігі атап өтілді. Бұл 1967 жылы Шығыс Иерусалимде астанасы бар тәуелсіз, егемен және географиялық түрде біріктірілген Палестина мемлекетінің құрылуын қамтиды.
Декларацияда Палестина мемлекетінің БҰҰ-ға мүше болуға құқығы бар екендігі көрсетілген 2024 жылғы 10 мамырдағы БҰҰ Бас Ассамблеясының резолюциясы құпталды.
Тараптар ғаламдық және аймақтық тұрақтылық, бейбітшілік және өркендеуді қамтамасыз ету мақсатында бірлесіп жұмыс жасауға, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен көпжақты платформаларда (БҰҰ, Түркі мемлекеттері ұйымы, ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ЭЫҰ) өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша үйлестірілген әрекет етуге келісім берді. Олар халықаралық ұйымдарда өз ұсыныстары мен бастамаларына бірлесіп қолдау көрсетпек.
Әзербайжан мен Өзбекстан тараптары Түркияға кездесу ұйымдастырғаны үшін алғыс білдіріп, 3-ші үшжақты кездесуді Әзербайжанда өткізу туралы шешім қабылдады.
Осы шара аясында Түркия президенті Ердоған Өзбекстан және Әзербайжан министрлерін жабық жағдайда қабылдаған. Бұл кездесуге Әзербайжанның сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов, Өзбекстанның сыртқы істер министрі Бахтияр Саидов, Әзербайжанның экономика министрі Микаил Джаббаров, Өзбекстанның инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрі Лазиз Құдратов, Өзбекстанның көлік министрі Ильхам Махкамов және Әзербайжанның цифрлық даму және көлік министрі Рашад Набиев қатысты.
Сондай-ақ, жиында Түркияның сыртқы істер министрі Хакан Фидан, сауда министрі Өмер Болат, көлік және инфрақұрылым министрі Абдулкадир Уралоғлу мен президенттің сыртқы саясат және қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Акиф Чағатай Кылыч болды.
Кездесу барысында екіжақты және үшжақты ынтымақтастық, сауда, көлік және инвестиция салаларындағы серіктестікті дамыту мәселелері талқыланды.