Әсел ЖҰМАТАЙ – елімізге белгілі кондитер, қазақтілді фуд-блогер, «Balzere school» мектебінің негізін қалаушы. «Адырна» тілшісі жас кәсіпкермен әңгімелесіп, бұл салаға қалай келгенін сұрап білді.
2017 жылы ыстық ұяммен қоштасып, тұрмысқа шықтым. Әрине, отбасылық өмірде кез келген келіншікті мазалайтын «Бүгін не пісіремін? Отбасымды қалай қуантамын?» сынды сұрақтар мені де айналып өтпеді. Тығырықтан шығу мақсатында ғаламтордан түрлі тағамдардың рецептілерін қарап, дайындап жүрдім. Уақыт өте келе қазақ тілінде блог жүргізетін аспаздардың өте аз екеніне көз жеткіздім. Неге осы олқылықтың орнын толтырмасқа деген ниетпен фуд-блогерлікке қадам бастым. Біртіндеп пісірген тамақтарымды желіге жүктей бастадым. Оқырмандарымның «қандай күшті, керемет» деген бір-екі пікірлерін көріп, одан әрі шабыттанатынмын. Кейіннен өзімде сенімділік пайда болып, нақты қадамдар жасай бастадым. Осылайша қазіргі таңда қазақша контентті дамытуға кішкентай болса да үлесімді қосып жүрмін.
Бүгінде Әсел ханым сүйікті ісін кәсібіне айналдыра білген бақытты жандардың бірі.
Бұл салада жүргеніме 4 жылдан асты. Дәл қазіргі уақытта хоббиім жұмысыма айналды. Шыны керек, бастапқы кезде тамақ пісіру арқылы табыс табамын деген ниет мүлдем болмады. Оларды сатамын, табысты леди боламын деп ойламадым. Иә, даму мақсатында түрлі ақылы мастер кластарға қатыстым, алайда сол кездегі мақсатым жаңа тағамдарды үйреніп алу арқылы жолдасымды қуантып, жай ғана ол кісінің «Алла разы болсын» деген сөзін есту болды. Жан жарым бізді асырап отырғаннан кейін жұмысқа шығамын деген ой келмепті. Оның үстіне мен оқуымды әлі аяқтамаған едім.
Қонағымыз алғашқы тапсырысын қалай алғаны туралы да баяндап берді.
Кондитерлік өнімдерді жасағанды ерекше ұнатамын. Тәттілерімнен дәм татқан туыстарым «Әсел, неге торттарыңды сатпайсың? Керемет шығыпты» деп жиі айтатын. Кейін оларды сату идеясы туды. Бастапты кезде ағайындарыма тегін беріп жүрдім. Кейде шығынына ғана ақша алатынмын. Кейіннен туыстарым арқылы басқа да адамдар тортымның дәмін көріп, тапсырыс бере бастады. Ісім осылайша жанданып кетті. Барлығы бірден бола қойған жоқ.
Әсел Жұматайдың пікірінше, кондитер – ең қиын мамандықтардың бірі.
Көп адам кондитердің жұмысы жеңілдеу деп ойлайды. Алайда бұл қате пікір. Тортты дәмді жасай білу – бір өнер, оны безендіру – бір өнер. Клиенттің көңілінен шыға ма деп тағы бір уайымдайсың. Қазіргі таңда біраз тәжірибе жинағаннан кейін тәттілерімнің бағасы да өзге кондитерлерге қарағанда сәл қымбаттау деп айтсам болатын шығар. Тапсырыс берушілердің көңілінен шыға білу үшін әдемі декоры бар торт жасауға барымды саламын. Ол адамның біраз уақытын алады. Әлі күнге дейін «клиентімді разы ете аламын ба?» деп уайымдаймын. Себебі барлығы «уау, Әсел ханым, керемет» деп айта бермейді ғой. Неше түрлі адам болғаннан кейін әр адамның қалауы әрқалай. Басымнан өткен қызық оқиғамды айтып берейін. Бір адам сырты қызғылт түсті тортқа тапсырыс берді. Қырсыққанда дәл сондай түсті бояғышым таусылып қалған екен. Ойымда артық ештеңе жоқ, тортты қызғылт-сары түспен әсемдей салдым. Мәз болып, тапсырыс берген жанға тәттімді табыстап жатқанда, ол өз ренішін айтты. Декор үшін алған ақшамды қайтарып бердім. Шыны керек, кез келген кондитер үшін клиенттің көңілінен шықпай қалу – өте жаман сезім.
Әңгіме барысында жас кәсіпкер арнайы аспаз мамандығын оқымағанын атап өтті.
Өзім қаламайтын мамандыққа оқуға түстім. Ол ұнамағаннан кейін, болашағымды сол саламен байланыстыра алмағандықтан, университеттен өз еркіммен шығып кеттім. Өзгелердің пікірі қызық болмады. Шешіміме өкінбедім, керісінше сүйікті ісімді тапқаныма қуандым.
Бүгінде Әсел Жұматай – ардақты жар, үш баланы тәрбиелеп отырған аяулы ана, «Balzere school» мектебінің негізін қалаушы.
– Мектептің негізін жолдасым екеуміз қаладық. Барлық жұмысты тек өзім атқармаймын ғой. Командамыз бар. Ондағы әр адамның өз міндеті бар. Ал балаларымызға ата-аналарымыз қарап беріп жатыр.Десе де, бастапқы кезде өте қиын болды. Себебі сенің балаларың бар, емізулі сәбиің бар, түсіп жатқан тапсырыстарың бар, инстаграмдағы блогерлік жұмысың бар, тағысын тағы. Оның барлығының артында біршама эмоция жатыр. Видео бірден ойдағыдай болып шықпайды. Баламен арпалысып жүріп пісірген тамақтарым күйіп кетіп жатады. Оны кейін қайта түсіруге мәжбүр боласың. Жарықты дұрыс қоюың керек. Шынымды айтсам, барлығын тастап, оданша бала-шағама қарап отырайын деген кездерім болды. Бірақ жақындарымның қолдауының арқасында қайта аяққа тұрып, күш жинадым. Осы тұста қол ұшын созып жатқан барша туысыма өз алғысымды білдіріп өткім келеді. Бұл дәрежеге бірінші Алланың қалауымен, екінші осы кісілердің арқасында жеттім.
Әрекетке берекет..
Айлық табысым — 1,5 миллион теңгеден жоғары. Еңбегімнің жемісі деп білемін. Алла Тағала оңды әрекетке берекет береді. Бұл ақшаның көп бөлігін жаңа курстарға қатысуға, технологияларды сатып алуға жұмсаймын. Кондитер әрдайым ізденіс үстінде болуы керек.
Осы деңгейге жету үшін 4 жыл еңбектендім..
Мен қарапайым отбасында дүниеге келген, тек анамның тәрбиесін көрген қызбын. Қазіргі таңда миллионға жуық аудиторияны жинап, өз мектебімді аштым. Оның барлығы да маңдай теріміздің арқасында келді. Бұл деңгейге жету үшін төрт жыл еңбектендім. Сіз де шынайы қаласаңыз, барлығына қол жеткізе аласыз. Егер кондитерлік саланы таңдасаңыз, оның қызығы мен шыжығына да дайын болыңыз. Бірден табысқа кенелу мүмкін емес. Бастысы сабыр етіңіз, сынбаңыз. Ұмытпаңыз, еңбектің артында тек жеміс тұрады.
Кондитер алдағы уақытта бар күш-жігерін мектебінің дамуына салмақ.
Мақсатым — «Балзере» мектебін аяққа тұрғызып, оны ТМД елдері мойындайтындай дәрежеге жеткізу. Қазір үйде отырған қыз-келіншектер көп. Өз орнын таба алмай жүргендер де баршылық. Сондай жандарға көмектескім келеді. Олар да мен секілді сүйікті ісін кәсібіне айналдыра алады. Әрине, барлық нәзік жандының өмірін өзгерте алмайтыным ақиқат. Алайда, Қазақстандағы әйелдердің 5 %-ның болсын табысты болуына, өмірден өз орнын табуына аз да болса септігімді тигізгім келеді.
Әңгімелескен Диана АСАН,
«Адырна» ұлттық порталы