«Адырна» ұлттық порталының кезекті сұхбаты Ақтау қаласының мамандандырылған тергеу сотының сот приставы Омар Қаржауұлымен болды.
- Тергеу соты туралы айта кетсеңіз. Соның ішінде мамандандырылған тергеу соты дегеніміз не?
- Өздеріңізге белгілі болғандай қазіргі заманғы баршаға арналған «100 нақты қадам» мемлекеттік ұлт жоспарының 22-қадамын іске асыру шеңберінде ҚР Президенті 2018 жылғы №620 жарлығымен Қазақстан Республикасының әр облысында және маңызы бар қалаларында (Нұр-Сұлтан, Алматы) мамандандырылған тергеу соты құрылды. Жалпы өткенге қарасақ, ТМД елдерінің арасында алғашқылардың бірі болып елімізде тергеу судьясы институты 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілді. Бұл ретте Қазақстан Республикасының қылмыстық процестік кодексіне сәйкес толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, тергеу судьясы дара процестік тұлға ретінде анықталды.
- Бұл институттың (тергеу сотының) мақсаты қандай?
- Бұл ретте тергеу судьясы өз құзіретіне жатқызылған мәселелерді сот отырысын өткізбей жеке дара қарайды. Егер заңды және негізделген шешім шығару үшін маңызы бар мән-жайларды зерттеу қажет болса, тергеу судьясы тиісті тұлғалардың және прокурордың қатысуымен сот отырысын өткізу туралы қаулы етеді. Яғни қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында тұлғаның және азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге бағытталған қызметтерді атқарады. Тергеу судьясының өкілеттілігі Қазақстан Республикасы қылмыстық процестік кодексінің 55 бабында көзделген мәселелерді тергеу судьясы сотқа дейінгі іс жүргізу барысында орын алған процестік әрекеттерді санкциялап, оларға рұқсат береді және бұл әрекеттердің жүргізілу заңдылығын тексереді.
- Маңғыстау облысы, Ақтау қаласының мамандандырылған тергеу соты туралы айта кетсеңіз.
- ҚР Президентінің 2018 жылғы 18 шілдесіндегі №717 жарлығымен Ақтау қаласы мамандандырылған тергеу сотының төрағасы болып Бауыржан Елемесов тағайындалды. Қазіргі уақытта сот екі құрамда. Оның біреуі – төраға, екіншісі – судья. Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы мамандандырылған тергеу соты Ақтау қаласы №8 шағын ауданда орналасқан. Ақтау қаласы мамандандырылған тергеу соты төрелігін жүзеге асыру бойынша жұмысын 2018 жылдың 31 шілдесінде бастады. Осы күні бірінші материалын да қабылдады. Сот ғимараты барлық техникамен қамтамасыз етілді. Әрбір сот залында аудио, видео құрылғылар бар. Оларда сот процесі жазылып сақталады.
Сонымен қатар біздің сотта 2 сурдья, 2 хатшы, 1 кеңсе меңгерушісі, кіріс шығыс құжаттарды тіркейтін 1 жетекші маман, құпия іс құжаттарымен айналысатын 1 бас маман және ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз ететін азаматтармен сотқа қатысушы тараптардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін сот приставы қызмет атқарады.
- Коронавирус пандемиясы жұмыстарыңызға қаншалықты әсер етті? Сот жүйесіндегі онлайн жұмыстың артықшылықтары мен кемшіліктері қандай?
- Қазіргі уақытта республикамызда Сovid-19 пандемиясына байланысты төтенше жағдай тоқтатылғанымен, карантиндік режим ұзартылды. Карантин шараларын енгізу электронды түрде құжат айналымының көбеюіне себепші болды. Сот өз қызметін онлайн форматта жалғастырып жатыр. Жалпы сот саласында сот қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істермен материалдарды ватсап, трифком т.б мобильді қосымшаларының көмегімен қашықтан қарайды. Сот қызметкерлері және азаматтардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында сот ғимараты маскалармен, антисептиктермен және арнайы қолғаптармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар сот ғимаратына кірер алдында кірушілердің қызуы арнайы құралмен өлшенеді. Карантин шараларын енгізу азаматтардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін сот тәртібімен қарауға кедергі келтірмейді.
- Халықтың құқықтық сауаттылығы қаншалықты деңгейде деп ойлайсыз?
- Заң үстемдік еткен қазіргі заманда әрбір адам құқық жағынан сауатты болуы керек деп ойлаймын. Өйткені заманның дамығаны соншалық азаматтар бұрынғыдай сотқа арыз жазу үшін арнайы мамандарға жүгінбей жатады. Барлығы емес әрине. Дегенмен бұл халықтың құқықтық сауаты қалыптасып келе жатыр дегенді білдіреді. Әлеуметтік желілерден, жалпы интернет желісінен заңға байланысты жазбаларды оқып, заң тақырыбындағы фильмдер мен сериалдарды қарап, сондай-ақ осы тақырыптағы кітаптарды оқып жүрген азаматтар құқықтық сауатын біршама жетілдіріп жатыр.
Сұхбаттасқан: Ақмарал БЕРЕКЕТ,
"Адырна" ұлттық порталы