Ұлан ҚАЖЫКЕН: Судьяларға БАҚ пен әлеуметтік желілер тарапынан қысым көрсетуге жол бермеу керек

4389
Adyrna.kz Telegram

Еліміздегі әрбір азамат өз құқықтары мен бостандықтарын білуге міндетті. Қазіргі сот саласындағы өзгерістер қандай? Қазіргі соттардың ашықтығы мен жариялылығы қандай деңгейде? Бұл сауалдарға Алматы қаласындағы Алмалы аудандық №2 сотының судьясы Ұлан Қажыкен жауап берді.

 -Ұлан Қозыкөрпешұлы, соңғы жылдарда заңға жаңа өзгерістер еніп, сот жүйесінің жаңа реформалары жүргізіліп жатыр. Соларға қысқаша тоқталсаңыз.

-Соңғы жылдары Қазақстанда сот жүйесінде және басқа да салаларда дәйекті реформалар жалғасуда, тиісінше заңнама да өзгеруде. Сот жүйесінің дамуы соттардың жаһандық ауқымдағы даму векторлары ескере отырып, уақыт үрдістеріне сәйкес жүреді. Қазіргі уақытта осындай өзекті бағыттардың бірі – әкімшілік әділет жүйесін қалыптастыру болып табылады.

Әкімшілік әділет институты – қазіргі құқықтық мемлекеттің атрибуттарының бірі. Бұл тақырыптың өзектілігі біздің елімізде құқықтық мемлекет пен дамыған азаматтық қоғам құру үшін маңызды. Азаматтардың қоғамдық билікпен қарым-қатынасындағы құқықтарын сот арқылы қорғаудың жолы қазіргі уақытта елеулі мәселелердің бірі.

Тарихи тұрғыдан алғанда, әкімшілік әділет ХІХ ғасырда заң үстемдігінің қажетті элементі ретінде қалыптасқаны белгілі, оның қағидалары азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына мемлекеттік органдардың, ең алдымен атқарушы биліктің, заңсыз әрекеттерінен кепілдік беру болып жарияланған.

Бүгінгі таңда әкімшілік әділет тәуелсіз институт ретінде көптеген Еуропа елдерінде сәтті дамып келеді. ТМД елдерінде әкімшілік әділет Украина мен Грузияның құқықтық жүйелеріне тән.

Қазақстанда әкімшілік әділет мәселелерінің өзектілігі – азаматтық қоғамның берік негізін құру міндеттерімен негізделген. Бұл өз кезегінде қоғамдық бақылаудың қосымша құқықтық кепілдіктерін талап етеді. Осылайша, азаматтарға билікке әсер етудің көптеген құралдары, соның ішінде ең күшті - сот тұтқалары ұсынылады. Сонымен қатар әкімшілік әділет институтын енгізудің және сот шешімдеріне шағымданудың тиімді тетігін дамытудың маңыздылығын түсіндіреді.

-Әкімшілік рәсімдік-процессуалдық кодекстың басты мақсаты қандай?

-2021 жылдың 1 шілдесінен бастап ҚР Әкімшілік рәсімдік-процессуалдық кодексі күшіне еңеді және мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттар өз жұмыстарын бастайды.

Жаңа кодификацияланған акт азаматтардың жария билік органдарымен өзара қарым-қатынаста құқықтарын сот арқылы қорғау үшін қабылданған. Бұл Қазақстанда әкімшілік әділет жұйесінің қалыптасуын білдіреді. Біздің еліміздің сот жүйесі, оның ішінде сот төрелігінің әлемдік стандарттарын ескере отырып дамып келе жатқандықтан, мамандандырылған әкімшілік соттар құру, сот және әкімшілік реформалардың қисынды жалғасына айналды. Осы Кодекстің қабылдануы, әкімшілік сот ісін жүргізудің оқшаулауының қадамы болды. Бұдан әрі мамандандырылған соттар азамат пен әкімшілік (мемлекеттік) орган арасындағы жариялы-құқықтық дауларды қарайтын болады, бұл азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғаудың жаңа құқықтық институтының құқық пен заңнама жүйесіне енгізуі болып табылады.

-Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттар дегеніміз не? Олардың мамандандырылған әкімшілік соттардан қандай айырмашылығы бар? Қазақстандықтар  шатастырмай ма?

-Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 26 қаңтардағы Жарлығымен мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттар әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар болып атауларын өзгертті. Олардың юрисдикциялары өзгермеген. Олар әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарайды, яғни барлығына белгілі жол жүрісі қағидаларын бұзу, тыныштықты бұзу, ұсақ бұзақылық және тағы басқалары.

Ал мамандандырылған  әкімшілік соттар дегеніміз олар жаңа соттар. Әкімшілік сот ісін жүргізу – сот ісін жүргізудің жаңа нысаны. ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 5-бабы 2-тармағына сәйкес, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті – жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.

Әкімшілік әділет соттары әкімшілік істер бойынша сот төрелігінің неғұрлым дамыған және қазіргі заманғы нысаны болып табылады. Билік қатынастарындағы дауларды шешетін және азаматтарды әкімшіліктің заңсыз әрекеттерінен қорғайтын мұндай соттар кәсібилік, бейтараптық және дауларды шешу құзыреттілігі тұрғысынан әкімшілік сот төрелігін ұйымдастырудың ең қолайлы нысаны болып есептеледі.

Екі соттың мақсаттары мен міндеттері, салалары бөлек болғандықтан қазақстандықтар  бұл туралы мәліметте болу керек.

-Қазіргі кездегі трендтердің бірі медиация. Ол неге байланысты? Осы жөнінде айта кетсеңіз.

-Медиация – бүгінгі таңда жанжалдарды шешудің жалпыға бірдей танылған жолдары болып табылады. Дауларды альтернативті жолдармен шешудің ұлттық заңнамада бірнеше түрлері көзделген – олар: медиация, партисипативтік және татуласу келісімі түрлері бар. Медиация дегеніміз тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың (медиаторлардың) жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды (дау-шарды) реттеу рәсімі. Бұл әдіс даудың екі тарапына да пайдалы, бұл уақыт, еңбек және қаржы шығындарын болдырмауға мүмкіндік береді, дауды өзара тиімді жағдайларда шешуге жағдай жасайды.

Егер тарихқа жүгінетін болсақ, медиация қазақстандық заңнама үшін жаңа институт болса да, ол жалпы құқық жүйесі үшін жаңа емес екенін атап өткен жөн. Қазақтың әдеттегі құқығының тарихына жүгіну дауларды медиация арқылы шешу билер заманынан бері қаланғанын айғақтайды: бұл туралы дауларды әділ шешуді сеніп тапсырған, анағұрлым құрметті және беделді адамды бимен сайлау фактісі де айғақтайды. ХІХ ғасырдың өзінде белгілі шығыстанушы В.Григорьев билердің қазақ құқығы мен әділдігіне "бұрын өркениетті халықтар қызғана алар еді" деп жазған.

Халықаралық ауқымда медиацияны әлемде қолдану жетпіс жыл бойы белгілі. Оның шығу тегі АҚШ-та жатыр, ол Ұлыбританияда, Германияда, Грузияда және Скандинавия елдерінде дамыған. Медиация дауларды шешудің негізгі әдісі ретінде Австралияда қарастырылады, ал мұндағы сот тәртібі балама болып саналады. Еуропа Кеңесі 1999 жылдан бастап медиацияны әртүрлі салаларда қолдану бойынша бірқатар ұсыныстар қабылдады: отбасылық, қылмыстық, әкімшілік және азаматтық істерді шешу кезінде олар одан әрі кеңейе түседі.

Медиация институтының халықаралық ауқымда дамуын талдау соңғы онжылдықтарда татуластыру рәсімдерін қолдану қарқынды өсіп келе жатқанын және дауларды шешудің неғұрлым басым және әмбебап тәсілі ретінде қарастырылғанын көрсетеді.

Медиация процестің кез келген сатысында, оның ішінде сот актілерін орындау сатысында да қолданылуы мүмкін.

-Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте тараптарға мұндай мүмкіншілік қарастырылды ма?

-Медиация жолымен дауды шешу Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте бекітілген. Яғни, тараптар өзара жол беру негізінде әкімшілік процестің барлық сатысында (кезеңінде) сот шешім шығаруға кеткенге дейін татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасу арқылы әкімшілік істі толығымен немесе ішінара аяқтай алады. Жауапкердің әкімшілік қалауы болған кезде тараптардың татуласуына жол беріледі. Осылай заңда медиация, татуласу немесе партисипативтік келісім сияқты татуластыру рәсімдері шеңберінде әкімшілік органмен татуласу мүмкіндігі көзделген.

-Соттарды сынға алу қаншалықты әділ? Қазіргі соттар ашық, әрі әлеуметтік желілерде тез жауап береді, соның ішінде конструктивті сындарды да қабылдай біледі. Бұл жоғарғы сот органының жаңа тренді ме?

-Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 01.09.2020 жылғы "Қазақстан Жаңа нақты ахуалда: іс-қимыл уақыты" атты Қазақстан халқына Жолдауында "әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір аспектісі заң үстемдігінсіз және азаматтарымыздың қауіпсіздігіне кепілдік бермей-ақ табысты іске асырыла алмайды" делінген. Бұл қағидат "халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасының өзегі болып табылады. Оны іске асыру азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуде негізгі рөл атқаратын құқық қорғау және сот жүйелерін одан әрі реформалауды көздейді.

Әділ сот төрелігі құқықтық мемлекеттің маңызды өлшемі екені белгілі. "Қоғамның соттарға деген сенімін нығайту басым мақсатқа айналуға тиіс. Оған мемлекет пен судьялар корпусының бірлескен күш-жігерімен ғана қол жеткізуге болады", - делінген Жолдауда. Сондықтан жақын арада бұл бағыттағы реформалар жалғасатын болады.

Елдің сот жүйесі жұмысының ашықтығы мен жариялылығы – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты қызметінің бағыттарының бірі. Соттың ашықтығын, жариялылығын және айқындығын арттыру мақсатында, сот қызметінің нәтижелерін қалың жұртшылыққа толық әрі уақтылы жеткізу бойынша соттың БАҚ-пен байланысын орнату үшін ресми сайттар, соттардың әлеуметтік желілердегі парақшалары жұмыс істейді, пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшін «Сот кабинеті» жүйесі және т.б. құрылған.

Сонымен қатар, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев судьялардың съезінде  атап қеткендей, судьяларға БАҚ пен әлеуметтік желілер тарапынан қысым көрсетуге жол бермеу керек: «Жариялылық, БАҚ ашықтығын сотқа қысым жасау үшін пайдалануға болмайды. Сот төрелігі тек сот залында және сот процесінің қорытындылары бойынша ғана жүргізілуі тиіс».

-Жауабыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан: Дина ЛИТПИН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер