Суармалы жердің сұрауы жоқ па?

2561
Adyrna.kz Telegram

Ауыл экономикасын көтеру мүмкіндігінің ең басты бағыты – суармалы жерлерді пайдалану. Бізде 2 млн 400 мың гектар суармалы жер бар. Соның 40 пайызы осы ширек ғасыр ішінде айналымнан шығып қалды, ол жерден өнім алу мүмкіндігінен айырылдық. Ол жерлер батпақтанды, су жетпей шөлейттенді, азып-тозды. Мысалы, бұрын Шудың суы Мойынқұмға дейін жететін. Ол Аспараның төңірегінен аса бере таусылып қалып жатыр.

Біздегі судың басым бөлігін сырттан келетін 4 өзен қамтамасыз етеді. Сырдария өзенінің суы Қырғызстанда басталып, Тәжікстан мен Өзбекстан арқылы оңтүстікке жетеді. Суаруға су зәру кезде олар бізді шөміштен қысады, өздерінен артылғанын ғана береді. Өзендердің суын пайдалануды ретке келтіретін халықаралық келісімшарттарға Өзбекстан мен Қытай мемлекеттері қол қоймай отыр. Еліміздегі су көздері көлемі жеткіліксіз бола бастағанына қарамастан, біз осы ресурсты үнемді әрі ұқыпты пайдалануға да бейім емеспіз.

Суармалы жерді сақтап қалуға барынша тырысқанымыз жөн. Бір ғана мысал. Суармалы жердің бір гектары тиімді пайдаланылса, бір отбасын асырайды. Сонда 1 млн 400 мың гектар жер 1,4 млн отбасының өмір сүруін қамтамасыз етеді. 1,4 млн отбасы де­ге­німіз 5 млн адамды құрайтыны анық. Ал 3 млн болса, онда ең азы 10 миллион адамға күнкөріс болады. Осы тұрғыда суармалы жерлерді қал­пына келтіруде мемлекет тарапынан қолдау әлі де өз деңгейінде болмай тұр деп ойлаймын. Өйткені, оның аса құнды екенін ешкім нақты сезіне алмай келеді. 2020 жылға дейінгі кезеңді қамтитын мемлекеттік бағдарламаның суға қатысты бөлігінде «пәлен гектар суармалы жерді қалпына келтіру керек, оған мынадай көлемде қаржы жұмсалады» дегендей бап, не тармақ жазылмаған. Бұл аталған салаға деген көзқарастың жеткіліксіз екенін көрсетеді. Біз мұнайымыз, астығымыз, көміріміз бар деп мақтанайық, бірақ халықты тойындыру, жұмыспен қамту керек болса, суармалы жерлерді толық қалпына келтіріп, тиімді пайдалануға баса көңіл бөлгеніміз жөн. Оған қоса тың жерлерден, өзен-көлдердің жағаларынан жаңа суармалы алқаптар ашуымыз керек. Сондай мүмкіндікті жасай алсақ, үлкен жетістікке қол жеткіземіз және халқымыздың біраз бөлігін жұмыспен және табыспен қамтамасыз етеміз.

Осындай кезде Ауыл шаруашы­лығы министрлігінде суармалы жер мәселелерімен айналысатын бөлім, тіпті суармалы жердің жағдайын жетік білетін мамандардың жоқтығы да ойланатын мәселе.

Кеңес өкіметі кезінде мынадай бір саясат болған еді. Қант қызылшасын егіп өсіру сырттан сатып алғаннан тиімсіз екенін көріп-біліп отырса да, халықты жұмыспен қамту үшін қант қызылшасын еккен болатын. Ол кездегі өкімет те ақымақ болмаған ғой. Енді, ширек ғасыр ішінде біздің елдегі қант қызылшасы егілген жер көлемі 43,6 мың гектар орнына 2,7 мың гектарға дейін, яғни 16 есе азайды. Бүгінде қант шығаруға қажет шикізат – қант қызылшасы елдегі шығарылып жатқан қанттың 3 пайызына ғана жетеді. Қалған шикізат – Куба тростнигі. 10 жылдай қант қызылшасының әр гектарына 80 мың теңгеден беріліп тұрған субсидияның да қызылша егістігін молайтуға септігі тимеді.

Көптеген өңірлерде суармалы жерлерді қалпына келтіретін бол­сақ, ол ауылдардың тұрғындары ірі қалаларға, әсіресе Астанаға көшпейді, өздерінің ауылдары кентке, кенттері қалаға айналады. Бүгінгі таңда тұрғын­дардың аз жылдар ішінде толассыз көшіп келуі елордамызға үлкен қысым жасап отырғаны жасырын емес. Осы жағының бәрін есептеп, өмір сүруіміз керек.

Ауыз суды үнемді пайдаланудың нәтижелі әрекеттерге сай болуы біршама жақсарды. Ал ағынды суды пайдалану бағытында өнімділік пен тиімділік аз, бірақ суды көп шығындайтын дақылдардың көлемін біртіндеп қысқартып, оларды енді көкөніс, майлы және жем-азық өнім­деріне ауыстыру қажет.

Елдегі стратегиялық құжаттар мен бағдарламаларда, Елбасы сөздерінде ел дамуының басым бағыттары көрсетіледі. Бізде басым бағыт ретінде әуелі тұрғын үй құрылысы, одан кейін жол құрылысы белгіленеді. Менің пікірімше, еліміздің алдағы ұзақ мерзімдегі басым бағыты ауыл шаруашылығын дамыту, сол арқылы агроөнеркәсіптік кешеннің барлық салаларын өркендету, әсіресе суармалы жер көлемін арттыру, оның өнімділігіне баса көңіл бөлу болуы тиіс. Олай топшылауыма себеп бүкіл әлемде азық-түлік тапшылығы жыл санап үлкен проблемаға айналуда, адамдардың кедейлігінен және қолжетімді тамақ өнімдерінің тапшылығынан мәселе тым тереңдеп бара жатыр. Осы орайда бұл бағыт қай мемлекетте болса да ең басты басымдыққа ие болғаны жөн.


"Егемен Қазақстан" газеті

Мырзагелді КЕМЕЛ,
экономика ғылымдарының докторы

Пікірлер