Омар ХАКИМ: Қазақ - көктемнің перзенті, Наурыздың төл баласы!

2506
Adyrna.kz Telegram

"Адырна" ұлттық порталының кезекті сұхбаты белгілі этнограф Омар Хаким мырзамен болды. Наурыз мейрамы туралы тың ақпараттармен бөлісіп, құндылығын тағы да еске салды. 

- Ұлыстың ұлы күні деп Наурыз мейрамын әркім өзінше тойлап, арқа-жарқа болады. Ал дәл осы Наурыз мейрамы сырттан келген мейрам деген жаңсақ пікірлерге не айтасыз?

- Наурыз жөнінде сөз қозғағанда, ең бірінші, Қазақстанның климатына көңіл аудару керек. Біздің жеріміздің ауа райы күрт континентальды, жыл мезгілдері құбылмалы, қыстары ұзақ, жаздары қысқа болып келеді. Егер де қыс қаһарына мінсе, аяз бен жүйткіген бораны кем дегенде 5-6, созылса 7-8 айға барады. Абай айтқандай: «Соқыр, мылқау танымас тірі жанды» дегендей, бұл жерді мекендегендерге қыстан не қайыр күтуге болады.

Осындай атмосфералық температурасы қолайсыз жерді игеру әр қоғамның қолынан келе бермейді. Салт атты, аттың жалын тартып мініп, осындай өлшеуі жоқ кеңістікті игеруге, бел байлаған. Шексіз сайын дала, табиғаты сан қилы атмосфералық құбылыстарға толы әлем адам баласының ішіне үрей ұялатады.

Көшпелі, тәңіршіл түрік нәсілі – ең бастысы табиғаттың бел баласы, табиғаттың қыр-сырын әбден игерген, оның ыңғайына бейімделе алды. Осы мал баққан, қысы-жазы малдың соңында жүрген салт атты тылсым әлемді өзінің тұрмыстық қажетіне жаратты. Ал, енді қоңыржай оңтүстікте тұрып жатқан иран текті отырықшы диқаншылар осындай шексіз кеңістіктің, күрт континентальды табиғаттың тауқыметін көрді деп айтуға бола ма ?

Осы фактіге байланысты Наурыз мейрамы бізге ирандықтардан келді деу ақиқатқа сия ма?!

Наурыз – табиғат баласының төл мерекесі. Түрік баласы бұл мейрамды «Ұлыс күні» деп атаған. Наурыз, парсыша «жаңа күн», «жаңа жыл», осы сөз бізге басқа тілден келген, сол себептен наурызды атау дәстүрі де бізге сырттан келді деуіміз үлкен қателік. Осы заманның ғылымдары толық мойындады – иран текті халықтар еш қашан көшпелі дәстүрді ұстамаған, биенің сүтін ішпеген, жылқының етін жемеген. Абаев В.И., Дюмезиль Ж. скифтарды иран текті деп жар салған заман келмеске кетті.

Көшпелі өркениет түрік, монғол, мәнжүр нәсілдерінің үлесі екені бүгінгі таңда айдан айқын. Әйгілі Ф.В. Ницше: «Ықылым заманда шексіз далада көшпелі адам ат үстіне  қонғанда, адамзат көп құдайлықтан бас тартып, бір тәңірге, құдайға бет бұрды», деген. Монотеизм деген ұғымды адамзатқа көшпелі қоғам паш етті.

- “Ақ мол болсын” деген сөз - ауыр, мағынасы терең сөз секілді. Неге дәл осы тілек Наурызда ғана тіленеді?

-Егерде Наурыз атау дәстүрі сонау зороастризм заманында болған десек, қазіргі замандағы ғалымдар Заратуштра ілімі көшпелілердің ортасында дүниеге келген деген пікірді айтып жүр. Бір қызығы, адамзаттың ең бірінші өркениетін жасаған шумерліктер (европа ғалымдарының пікірінше), өздерін сайын даланың өкілдері екенін ұмытпаған. Олардың ең басты мерекесі 21 – 22 Наурыз күндерінде аталған. Тигр мен Ефрат  өзендерінің арасында орналасқан қалаларда тұрғанымен, олар сол күндері қаланың сыртына шығып жер мен көкке сүт шашқан. Бүгінгі қазақ «ақ мол болсын», деп сондай ишаратты қайталайтыны бәрімізге мәлім.

Әлем тарихының кілті – көшпелі түрік, қазақ баласының өмірінде, салтында, кешегі өткен күнінде екенін білген абзал.
Ерте заманда  көшпелі қазақ қыс кезінде солтүстік өңірде қалмауға тырысқан Сыр бойын жағалап, малын қалың қар, қақаған аяз, аттың құлағы көрінбейтін бораннан сақтану үшін осындай көшпелі өмір кешкен. Сыр бойының жоғары жағында Ұлы жүз, орта жағалауында Орта жүз, төменгі ағысында Кіші жүз елі орналасқан. Бұл жүйе ежелгі заманнан қалыптасқан. Қиын қыстауда әкесінің үйін сағалап, бір шатырдың астында жинаған балалары секілді, бүкіл қазақ сырда бас қосқан.

Кейін оңтүстікті Хиуа хандығы, солтүстікті Ресей патшалығы жаулап алғанда, ұлы көш жолдарының жүйесі бұзылды. Мысалы, арқаның қазақтары Түркістан  маңайына бара алмай, ал сол жерде отырған қоңыраттар арқаға жете алмай, көш жолдары күрт қысқарды. 1500 шақырым жүріп отетін көшпелі қазақ, 200-300 шақырым көлемінде тұрмыстық кеңістігі шектелді. Көшпелі қазақ ежелден табиғаттың циклымен өмір сүрген, енді өмірдің жаңа бағытына бейімделуіне бет бұрды.

- Түркі халықтарына ортақ мейрам болғанымен Наурыздың қазаққа қандай ерекше байланысы бар? Күш, сезім?

- Орыс, шет елден келген саяхатшылар бір ауыздан қазақ баласының қысқы үйінің жұпыны екенін, әйтеуір бір уақытша ғана отырған тұрақ екені жөнінде көп жазған. Қазақтың қыстағы үйі өзіне бір тас қапас секілді болып көрінеді, қыстыңкүнгі тіршілік уақытша, өткенші деп есептейді. Ол өзі мүлдем қыста  отырған үйіне көңіл аудармайды, ешқандай үйге байланысты, адам баласына жайлы керек нәрселерді істеуге талпынбайды. Уақытша екенін жақсы сезінеді, көктем келгенде қазақ өзінің әсем киіз үйін тігеді. Оның өмірінің көзі енді ғана ашылды. Қазақ көктемнің, көктемде жайнаған жазық жазираның баласы. Оның қыстағы күндері – тас қапаста өткен күндер. Сол  себептен  олар бір бірін іздеп, қыстан кейін көріскенде, өзінің төлінен айрылысып, енді табысқан малыдай жамырап жатады, дауыс салып, көріседі, дейді, қазақты көрген саяхатшылар.

Қазақ - көктемнің перзенті, Наурыздың төл баласы!

Әлемде ешбір халық қазақтай көктемді, наурызды асыға күтпейді. Қоймадағы, сандықтың түбінде сақталған дәм – дақылдарды шығарып, қазанға салады. Сөйтіп Наурыз көже бұрқырап қайнап, бүкіл қауымның басын қосады.

Әңгімелескен Інжу ӨМІРЗАҚ,
“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер