Шығыстанушы деген мамандығымды мақтан тұтамын

5443
Adyrna.kz Telegram

Биыл Қазақстан Республикасының тәуілсіздігіне 30 жыл толады. Тәуелсіздігімізбен бірге еліміздің барлық салаларында үлкен өзгерістер орын алғанын бір қорытындылап, зер салу мақсатында Қазақстандағы шығыстану ғылымының бүгінгі жағдайына тоқталуды жөн санадық. Қазақстандағы шығыстану ғылымы бірнеше тарихи кезеңнен өтіп бұл ғылым саласы бүгінгі күнде отандық ғылым салаларының арасында несімен ерекшеленеді және осы ғылым саласының маңыздылығы неде және оны дамыту үшін не істеу керек деген сауалдарға белгілі шығыстанушы, т.ғ.д., профессор Ә.Муминовтың ғылымдағы жолын зерделей отырып толықтай жауап таба аламыз.

Ә. Муминов бірнеше шығыстану мектебінің басын біріктіре алған бірегей ғалымдардың қатарына жатады. Бүкіл өмірін шығыстану ғылымына арнаған және осы мамандықты бақытым деп санайтын ғалымның өмір жолы Ташкенттегі шығыстану мектебінен басталған. Ташкент – әрқашан Орталық Азияның аса маңызды тарихи, мәдени және рухани қаласы болған, әсіресе қазақтар үшін. Сондықтан да ғалымның шығыстанушы болып қалыптасуына Ташкент қаласында туып-өскендегі үлкен әсер еткен. Ташкент шығыстану мектебінен өсіп шыққан ғалым Ленинград шығыстану мектебіне барып, ғылымдағы жаңа белестерді бағындырады. Ленинград шығыстану мектебі де әлем бойынша танымал шығыстану мектебі саналатындықтан бұл мектептен әбден шыңдалып шыққан ғалым елге оралады. Бұдан кейінгі кездерде Ташкенттегі шығыстану институтында, кейін Қазақстандағы шығыстану институтында жұмыс істеген ғалым әрқашан жаңа дереккөздерді іздеумен және зерттеумен айналысады. Осы аралықта бірқатар халықаралық экспедициялар мен ғылыми жобаларға қатысып тәжірибесі еселене түседі. ҚР ҒК Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты директорының орынбасары (2005-2011) болып жұмыс істеген кезде қаншама шығыстанушы мамандарға бағыт-бағдар беріп, олардың қалыптасуына ықпал етті. Бұл күнде еңбегі еленіп, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы жанындағы Ислам тарихын, өнерін, мәдениетін зерттеу орталығында (Research Centre For Islamic History, Art and Culture – IRCICA) жұмыс істейді.

Шығыстанушы мамандығы еліміздегі көптеген мамандықтың ішінде аса танымал мамандыққа жатпайтыны белгілі. Еліміздегі шығыстану институты және шығыстану факультеттері Қазақстан Республикасының тәуілесіздігімен замандас екенін ескерсек, жас мамандыққа жататынын аңғару қиын емес. Сондықтан болар, бұл мамандық туралы әлі күнге дейін естімеген адамдар да кездесіп, сыңаржақты пікірлерді де ұшыратамыз. Алайда, Ә.Муминовтың ғылымдағы жолы осындай сыңаржақты пікірлердің бірқатарын сейілте алады деп айтуға болады. Белгілі шығыстанушының бүгінгі шығыстану ғылымы туралы ойын білу әрі жас мамандармен таныстыру мақсатында 2021-жылдың 25-ақпанында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультеті Таяу шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы т.ғ.д., профессор Ә.Муминовты арнайы кездесуге шақырған болатын. Кездесу барысында ғалымның шығармашылық жолы жан-жақты таныстырылып, кездесудің қонағы Ә.Муминов қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Осы кездесуді ұйымдастыруға мұрындық болған «Гүлістан» үйірмесі кездесуде қойылған сұрақтарды сұхбат ретінде дайындады.

Гүлістан: Бұл күндері қандай ғылыми жұмыстармен айналысудасыз, жалпы Ислам тарихын, өнерін, мәдениетін зерттеу орталығындағы (ИРСИКА) жұмысыңызбен таныстырсаңыз.

Ә.Муминов: 2016-жылдан бері Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы жанындағы Ислам тарихын, өнерін, мәдениетін зерттеу орталығында (Research Centre For Islamic History, Art and Culture – IRCICA) жұмыс істеймін. Осы орталықта жұмыс істеген уақытта бірқатар маңызды ғылыми жұмыстар жарық көрді. Қазір осы орталықпен бірге жасалып жатқан ғылыми еңбектерді үш топқа бөлуге болады: 1. Көрнекті қоғам және дін қайраткері, аудармашы, хадисші, ақын С.Ғылманидың (1890-1974) «Заманымызда болған ғұламалар» атты екі томдық еңбегін ағылшын тілінде жарыққа шығарылды. 59 ғұламаның биографиясы енген бұл еңбек XX-ғасырдағы қазақ даласындағы ислам туралы сыр шертетін құнды еңбек. Ағылшын тіліндегі аудармасы Biographies of the Islamic Scholars of Our Times деген атпен амазон жүйесінде сатылады. https://www.amazon.co.jp/-/en/Saduaqas-Ghilmani/dp/929063332. Биылғы жылы С.Ғылманидың жеке архивіндегі фотодокументтер, хаттар және аарб жазуындағы материалдар жүйеленіп ағылшын тіліне аударылып жарыққа шығады. Осы бағытта жасалатын тағы бір жұмыс бар. Ол С.Ғылманидың орынбасары болған көкшетаулық Момыхан Әлиевтің «Мұсылман тұрғысынан жазылған қазақ тарихы» атты кітабын зерттеу. Осы еңбекті Г.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ докторантымен бірге биыл жарыққа шығару жоспарланған. Бұл еңбекте ислам ғалымының қазақ тарихын қалай көргендігі қамтылған және 1992-жылға дейін араб жазуының қолданыста болғанын көрсетеді. 2. Конференциялардың материалдар жинағын жарыққа шығару. Оның ішінде белгілі қазақ шығыстанушысы Т.Қ.Бейсембиевтің (1955-2016) мақалалар жинағы мен шығармашылығына арналған конференцияның материалдар жинағы «Ұлы Даладағы Ислам цивилизациясы» атты атпен жарыққа шығады. 3. Қазақ даласында әлі күнге дейін ешбір тізімге алынбаған ашық аспан астында жатқан көптеген некропольдер бар. Осы некропольдерді зерттеу бағытында бірнеше жұмыс атқарылуда. Біріншісі – Мәулімберді некрополі, екіншісі – Жантөре ханның эпитафиясы, үшіншісі – Бөкей Ордасының эпитафиясы. Соңғысында 400 астам эпитафия бар және бұның бәрін зерттеу маңызды. Осы қорымдағы некропольдерді зерттеумен айналысудамыз және бұйыртса ағылшын тіліне аударып жарыққа шығаратын боламыз. Бұл бағытта ИРСИКА жақында ғана Эпитафии мусульманских ученых Самарканда (X-XIV века) Epitaphs of Muslim Scholars in Samarkand (10th–14th Centuries) деген атпен ағылшын тілінде жарыққа шығарды. Бұл кітапқа 209 мұсылман ғұламасының некрополі енді. Бұл кітап та амазон жүйесінде сатылады.https://www.amazon.com/Epitaphs-Scholars-Samarkand-10th-14th-Centuries/dp/9290633492. Бұдан да басқа көптеген ғылыми жұмыстар жасалып жатыр және оның әрбірімен ИРСИКА-ның ресми сайтындағы басылымдар бетінде танысуға болады. https://www.ircica.org/en/publications.

Гүлістан: Бүгінгі таңда шығыстану мамандығы осыдан 20 жылдай бұрынғы кездегідей үлкен сұранысқа ие емес екені шындық. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында шығыс тілдерін білетін мамандарға деген сұраныс өте жоғары болды және жұмыссыз қалу деген мәселе болмады. Бұл күнде шығыстану мамандығына деген қызығушылық жастар арасында төмен. Болашақта отандық шығыстану ғылымын не күтеді және осы мамандыққа дайындау үшін не істеу керек деген сұрақтар туралы өз пікіріңізбен бөліссеңіз

Ә.Муминов: Иә, дұрыс айтасыз. Бұл күнде Еуропаның бірнеше елінде шығыстану мамандықтары жабылып қалды. Мысалы, Италияның бірқатар университеттеріндегі шығыстану кафедралары жабылды. Жапонияда аға буын өкілдері зейнетке шығып, орнына келетін жастардың аздығынан тура осыған ұқсас жағдай болып жатыр. Алайда, әрқашан да мұндай жағдайлар болып тұрғанын ұмытпауымыз керек. Ол дегеніміз, жағдайға бейімделе білу керектігін білдіреді. Заман өзгергеніне қарай шығыстанушы мамандар, университет басшылығы, әсіресе студенттер жылдам бейімделуді үйренуі керек. Егер де әрбір жас шығыстанушы өз мамандығын жақсы көрсе, алдына осы салада үлкен жұмыстар атқарамын деген мақсат қойса, бұл мамандық бойынша жұмыс әрқашан да табылады. Бұл мамандықтың беделін де құрметін де арттыратын шығыстанушылардың өздері. Әрбір шығыстанушы талмай, үлкен ыждағатпен еңбектенуі арқылы шығыстану мамандығынының беделін арттыра алады және осы ісі арқылы өзіне де үлкен карьера жасай алады. Өз басым шығыстану мамандығына деген сұраныс бүгінгі таңда жоғары деп есептеймін. Шығыстанушы болғаным үшін өте бақыттымын! Қай жерге барсам да бұл мамандыққа деген құрметті, қызығушылықты көріп жүрмін. Әркімнің қолы жетпейтіндей ерекше мамандық және кез-келген саламен байланыстырып жұмыс істеуге болатын мамандық. Сондықтан жастар үшін тағы да қайталап айтайын барлығы өздеріңіздің алдарыңызға қойған талап пен мақсатқа байланысты.

Гүлістан: Қатысушы тарапынан XX- ғасырдың 20-жылдарындағы араб жазуындағы еңбектерді зерттеу қаншалықты маңызды деген сұрақ түсіпті.

Ә.Муминов: Сөзсіз өте маңызды! Араб жазуында қазақ тіліндегі әрбір еңбекті зерттеу маңызды. Жаңа ғана сіздерге айтып өткен С.Ғылманидың еңбектері осы сөзіме толықтай дәлел бола алады. Бір қызығы кешегі күнге дейін араб жазуындағы еңбектер Қазақстанның оңтүстік аймақтарында көп жазылған және тараған деп келдік. Бірақ С.Ғылманидың еңбегін зерттеу арқылы Қазақстанның солтүстігінде нағыз ғлассикалық исламның тарағанына көз жеткізіп отырмыз. Олардың ішінде «хазрет» дәрежесіне жеткен бірқатар қазақ ғұламалары бар. Мысалы Науан хазрет, Алмас Қари және т.б. Олардың еңбектері әлі жүздеген докторлық жұмыстың тақырыбы бола алады. Бұл тақырыпты зерттеу енді басталуда және зерттеу үшін он адам емес жүздеген адам зерттейтін тақырып тек осы бағытта бар екенін ерекше атап өткім келеді.

Гүлістан: Тағы бір қатысушы Түркиядағы қолжазба қорларда жұмыс істеу үшін не істеу керек деген сұрақ қойған екен.

Ә.Муминов: Түркиядағы қолжазба қорлардың көбісі қолжазбаларды сандық жүйеге түсірген. Барлық қолжазбалардың каталогтары жасалып, ресми сайттарға қойылған. Демек қолжазбалармен жұмыс істеу үшін үйде отырып-ақ осы қорлардың сайтына кіріп, қолжазбалардың көбісін көшіріп алуға болады. Бұл бағытта жұмыс бұрынғы кезбен салыстырғанда әлдеқайда жеңілдетілген. Зерттеушілер тек қана ерінбей, уақыт бөлуі маңызды.

Гүлістан: Тағы бір қатысушы Қазақстандағы исламды оқытудың әдісі жазылған ба деген сұрақ қойыпты.

Ә.Муминов: Арнайы бір жүйеге түскен әдіс қазірше жазылып болған жоқ, бірақ алдағы уақытта жазылады. Қазірге дейін екі түрлі бағыт бар екенін білуіміз керек. 1-қадымшылар, яғни діни топтың еңбектері мен дін туралы пікірлері. 2- жәдидшілер, яғни зайырлы топтың ислам діні мен исламды оқыту туралы көзқарасы. Бұл екі бағытта та әлі өте көп жұмыс жасалуы қажет. Сонымен қатар Қазақстан мен Орталық Азиядағы суфизм тақырыбы да бірге зерттелуі тиіс.

Гүлістан: Студенттер тарапынан шығыстану саласына қатысты конференциялар мен соңғы кезде жарық көрген еңбектер туралы толымды ақпаратты қайдан алуымызға болады. Мәліметтің жетіспеуінен кейде тақырып таңдай алмай, қай бағытта жұмыс істеу керектігін білмей жатамыз деген сұрақ қойылыпты.

Ә.Муминов: Әлемдегі қолжазба зерттеу орталықтарымен байланыс орнату керек. Ол үшін осындай орталықтар туралы интернеттен барлық мәліметті жинап, соңғы жаңалықтарды оқып отыруы керек. Әдетте түрлі стипендиялар мен ғылыми жобалар туралы ақпарат та осындай орталықтардың сайтында жарияланады. Олардың бірі ТИМА деп аталады. Яғни, The Islamic Manuscript Centure.  ИРСИКА-ның сайтында да түрлі ғылыми шаралар туралы үздіксіз ақпарат жарияланады. Сонымен қатар, тап қазір ИРСИКА мен Ташкенттегі ғылыми мекемелер арасындағы меморандум аясында жас мамандарға арналған онлайн семинар өткізілуді. Бұл семинарда шығыстанушылар үшін қандай тақырыптарды зерттеу керек, қалай зерттеу керектігі мен қолжазбалармен жұмыс істеу туралы түрлі ақыл-кеңестер беріледі. Осындай шараны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен ИРСИКА арасында меморандумға қол қою арқылы қазақстандық шығыстанушылар үшін осындай тәжірибеге негізделген ғылыми семинар өткізуге болады.

Гүлістан: Шығыстанушы мамандарды дайындауға қандай да бір өзгеріс енгізу қажет пе, мүмкін жаңа әдістер қолданған жөн болар.

Ә.Муминов: Шығыстанушыларды әр бастан екі бағытта дайындайтын болған. 1- заманауи шығыс елдері бойынша аудармашы, эксперт мамандар дайындау. Бұл бағытта шығыс елдері бойынша тіл білетін мықты сарапшы, экономист, саясаттанушы мамандар дайындау аса маңызды. 2- академиялық бағытта, яғни қолжазба мәтіндермен жұмыс істей алатын, текстологиямен айналысатын, көне мәтіндерді аударуға дайындайтын бағыт. Екі бағытта да маман дайындау өте маңызды. Бірақ бұл жерде шығыстанушының тіл білуіне қатысты маңызды бір жай бар. Әдетте әрбір шығыстанушы үш шығыс және үш батыс тілін білуі керек деген ұғым бар. Оның бәрін үйренуге уақыт та мүмкіндік те тар. Сондықтан соңғы кезде бір батыс және бір шығыс тілін өте жақсы білуі керек, ал одан басқа бірнеше батыс және шығыс тілдерін оқып және жаза алатындай орта дейгейде білсе жақсы. Оның үстіне шығыстанушы шығыс тілін білгені бір басқа да сол тілде ғылыммен айналысу бір басқа. Үйренген шығыс тілін кәдеге жарату және сол тілдегі көптеген маңызды деректермен жұмыс істей білу оңай шаруа емес, бірақ мүмкін нәрсе. Жалпы шығыстанушылар үшін мүмкін емес дүние жоқ деп есептеймін. Бәрі де мүмкін, егер оның жолы мен әдісін таба білсе. Ал отандық жас шығыстанушылар осы салада үлкен жетістікке жеткісі келсе, маңызды екі жайды ұмытпағандары жөн. 1-Кешегі күнге дейін ата-балаларымыз араб, парсы және түрк тілін жақсы білді. Қала берді бертінге дейін араб жазуында жазып келді. Демек қаншама жәдігерлер араб жазуында және араб, парсы және түрік тілдерінде жазылды. Оның бәрі зерттелді де ешкім айта алмайды. Бірақ оны зерттейтін де бөтен адам емес, отандық шығыстанушылар. Ол үшін Ұлтттық кітапхананың, Ғылыми кітапхананың қолжазба қорынан басқа елдің қолында мыңдаған қолжазбалар бар екенін ұмытпағандары маңызды. Ел аралап, көнекөз қариялармен сөйлесу, шежіре жинау шығыстанушының басты міндеті болса қандай ғанибет! Мысалы жаздық демалыстарын босқа өткізбей әрбір студент не жас маман өзі туып-өткен  аймағында қолжазба жинау бағытында жұмыс істесе, естігендерін таспаға түсіріп оны хатқа түсірсе міне нағыз тәжірибелік жұмыс деп осыны айтуға болады. Бұл жерде университеттегі дәрістердің бірқатарын тәжірибеге лайықтау керектігін айта кеткен дұрыс болады. Яғни, қолжазбаны оқу мен онымен жұмыс істеуді университетте оқып бастаса, ары қарай алып кетеді. Болмаса үйренген тілі теория жүзінде қалады және бірте-бірте өлі тілге айналады. Екінші маңызды жай – шығыстанушы жүрген жерінде тасқа, ағашқа, теріге жазылған араб жазуына назар аударуы қажет. Қазақ даласында қабір тастарынан басқа әлі де зерттелмеген түрі жазуы бар артефактілер бар. Осы бағытта да көптеген жұмыс жасалса нұр үстіне нұр. Ал эксперт дайындау бағытында шығыс тілдеріндегі кез-келген материалды жылдам талдайтын, аудара алатын, оны оқырманға жеткізуге қабілетті етіп тәрбиелеу керек. Бұл бағытта саясаттанушы, философ, журналист, экономист, тарихшы және филология мамандықтарына да шығыс тілдерін үйрету және сол арқылы оларды да осы мамандыққа бейімдеу деген тақырыпқа басты назар аударылса өте жақсы болады. Сонда заманауи шығыс елдеріндегі көптеген жаймен таныс, кез-келген тақырыпқа қатысты талдау жасай алатын және шығыс елдерінің тілін білетін мамандарды тәрбиелеуге болады.

Гүлістан: Әңгімеңізге және уақыт бөліп кездесуге келгеніңіз үшін алғыс білдіреміз!

Ә.Муминов: Сіздерге де рахмет және барлық шығыстанушыларға сәттілік тілеймін!

 

Сұрақтар мен пікірлерді жинақтап,

сұхбатты әзірлеген:

  Ғ.Ә. ҚАМБАРБЕКОВА,

PhD доктор,

Әл-Фараби ат. ҚазҰУ-дың Шығыстану

факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия

кафедрасының аға оқытушысы

 

Пікірлер